Бапкердің сөзінше, бельгиялық ұжым қарсыластың соңғы жолдастық кездесулерін назардан тыс қалдырмаған. Дегенмен, негізгі екпін өз командасының ішкі дайындығына қойылған.
– Иә, "Қайраттың" бірнеше ойынын көрдік. Бірақ біз үшін ең бастысы – өз ойынымызды қалыпқа келтіру. Біз Астанаға тек жеңіс үшін келдік. Сондықтан алаңға шығатын әр футболшы психологиялық тұрғыда толық дайын болуы керек. Қарсыластың қандай тактика таңдайтынын дөп басып айту қиын, сол себепті кез келген сценарийге дайын болуымыз қажет, – деді Иван Леко.
Сондай-ақ, бапкер соңғы ойындардағы сәтсіз нәтижелер мен команданың қазіргі формасына қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, "Брюгге" сапында жоғары деңгейдегі ойыншылар жеткілікті, тек матч бойы тұрақтылық пен зейін қажет.
– Алдыңғы кездесулердегі қателіктерден сабақ алып, қайта серпілуіміз керек. Команданың әлеуеті бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің деңгейдегі клуб үшін ойынның белгілі бір бөлігінде ғана жақсы ойнау жеткіліксіз. Біз 90 минут бойы жоғары қарқынды сақтауға міндеттіміз, – деп түйіндеді бельгиялық маман.
Еске сала кетейік, "Қайрат" пен "Брюгге" арасындағы кездесу бүгін Астана уақытымен 20:30-да басталады.