Бублик алғаш рет ATP турнирінде жеңіске жетті

2302

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Францияның Монпелье қаласында өткен турнирде жеңіске жетті.

Бублик алғаш рет ATP турнирінде жеңіске жетті

Жүлде қоры жарты миллион еуроға жуық, Францияның беделді Open Sud de France турнирінің шешуші матчында Александр Бублик пен оның аттасы Германиядан келген Александр Зверев кездесті. Қазақстандық теннисшінің қарсыласы бұл жарыста бірінші нөмірмен тіркелген. Сонымен қатар ол әлемнің үшінші ракеткасы. Бірақ қарсыласының беделіне қарамастан Қазақстанның үздік теннисшісі финалда өзінің мықтылығын дәлелдеді. Қорытынды есеп – 6:4, 6:2. Тартысты ойынның нәтижесінде Александр Монпельедегі турнирдің бас жүлдесін жеңіп алып, жергілікті жұртшылықтың қошеметіне бөленді.

Бұл қазақстандық теннисшінің мансабындағы ATP 250 сериясындағы жарыста иеленген алғашқы жүлде. Бұған дейін ол төрт финалда жеңіліп қалған. Осы жарыстан кейін Александр Бублик әлемнің 31-ракеткасы атанады. Бұл еліміздің бірінші ракеткасы үшін рекордтық көрсеткіш.

Сонымен қатар қазақстандық Бейбіт Жукаев жұптық сында Мысырдағы Шарм-эль-Шейхте өткен ITF World Tennis Tour M25 турнирінің жеңімпазы атанды. Жүлде қоры 25 мың АҚШ долларын құрайтын жарыстың финалында Ақтау қаласының түлегі Жукаев ресейлік Алибек Качмазовпен бірге доданың 2-ракеткалары, қытайлық Ю Хсю – аустриялық Нил Оберйтнермен кездесті. Қазақстандық-ресейлік жұп 1:6, 7:6, 10:5 есебімен жеңіске жетті. Бұл – Бейбіттің осындай деңгейдегі жарыстағы екінші жүлдесі. Өткен жылы елордада M25 турнирінде тағы бір ресейлік Андрей Кузнецовпен бірге үздік шыққан еді. Ал осы турнирде жекелей сында Жукаев жартылай финалға дейін жетіп, жарыстың 1-ракеткасы, чехиялық Лукаш Росолға есе жіберді – 3:6, 2:6.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу