Бублик пен Рыбакина Miami Open турнирінің үшінші айналымына шықты

1152

Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина мен ерлер арасында әлемнің  44-ракеткасы Александр Бублик Miami Open WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты.

Бублик пен Рыбакина Miami Open турнирінің үшінші айналымына шықты

Осы доданың 21-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингте 64-орында тұрған эстониялық Кайя Канепимен кездесті. Қазақстандық спортшы 21-де болса, тәжірибелі Канепи 35 жаста еді. Қарсыластар матчты брейк алмасумен бастады – 1:1. К.Канепи тағы бір брейкке қол жеткізді – 3:2. Дегенмен қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді – 4:4. Сосын сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4. Екінші партияда Е.Рыбакина брейкпен алға кетті – 3:0. Содан соң есепті 5:0-ге жеткізді. Ақыры бұл сетте қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Бәсеке 1 сағат 14 минутқа созылды.

Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Дженнифер Брэйди немесе рейтингте 58-сатыдағы испаниялық Сара Соррибес-Тормоның біреуімен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Miami Open WTA 1000 турнирінің екінші айналымында сербиялық Нина Стояновичке қарсы өткен 2 сағат 45 минуттық кездесуде (7: 5, 5: 7, 2: 6) есебімен үш сетте де жеңіліс тапты. Келесі айналымда Стояновичтің қарсыласы әлемнің екінші ракеткасы, жапониялық спортшы Наоми Осака болмақ.

Сондай-ақ ерлер арасында Александр Бублик Miami Open турнирінің екінші айналымында сербиялық Ласло Джерені 6:3, 6:4 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. 3-кезеңде Бублик Әлемнің 104-ракеткасы аустралиялық Джеймс Даквортпен сынға түседі.

Ал Хорватияда өтіп жатқан Zadar Open турнирінің жартылай финалында жұптық сында өнер көрсеткен қазақстандықтар Александр Недовесов пен Андрей Голубев словакиялық Алекс Молчан/ Лукас Клейн дуэтіне есе жіберді. 1 сағат 11 минутқа созылған ойын 3:6, 4:6 есебімен аяқталды.
Кездесу барысында Недовесов/Голубев жұбы он брейк-пойнттың екеуін сәтті орындап, 4 мәрте қателікке жол берді.

Zadar Open - Задар қаласында (Хорватия) Tenis klub Borik жергілікті спорт кешенінде өтетін кәсіби теннис турнирі. Жарыс ATP Challenger 80 сериясына жатады және жүлде қоры 44 820 еуроны құрайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу