Дохада (Катар) маусымдағы алғашқы WTA-1000 турнирі басталды. Бұл жарысқа екінші нөмірмен тіркелген, 2026 жылғы Australian Open чемпионы, Қазақстан өкілі Елена Рыбакина қатысады. Ол турнирдің басты фавориттерінің бірі саналады.
Айта кетейік, Рыбакина Катар астанасында әлі чемпион атанған жоқ. Алайда 2024 жылы титулға бір қадам қалғанда тоқтаған болатын. Финалда ол польшалық Ига Швёнтекке екі сетте – 6:7, 2:6 есебімен жол берді.
Дегенмен биылғы маусымда Елена жоғары мақсат қойып отыр. Бұған "Үлкен дулыға" турниріндегі жеңісі, сондай-ақ әлемнің үздік ондығындағы қарсыластарына қарсы қатарынан 10 матчта жеңіске жетуі дәлел. Сонымен қатар, 2025 жылғы Қорытынды турнирден бері Рыбакина 21 матчтың 20-сында қарсыластарынан басым түсті. Ол тек Брисбен-2026 турнирінде чехиялық Каролина Муховадан жеңіліс тапты.
"Қайта оралғаныма қуаныштымын және алаңға шығуды асыға күтіп жүрмін. Australian Open турнирінен кейін көп уақыт өткен жоқ. Бірақ, демалуға мүмкіндік болды. Енді сол қарқынды сақтауға тырысамын және бұл турнирде жақсы нәтиже көрсетемін деп үміттенемін. Аустралиядан қайтар жолда суық тиіп қалды. Сондықтан бірнеше күн толық демалуыма тура келді. Сол аралықта ештеңе істемей, тек қалпыма келдім. Уақыттың қалай өткенін байқамай қалдым. Қазір осының бәрі алға қарай сол қарқында жалғастыруға жақсы серпін беріп отыр", – деді Рыбакина турнир алдындағы баспасөз мәслихатында.
Дохадағы турнирдің 1/16 финалында Елена Қазақстан уақытымен бүгін 20:00-де кортқа шығады. Рейтингі жоғары болғандықтан Рыбакина Дохадағы турнирді екінші айналымнан бастайды. Ол қытайлық Ван Синьюймен кездеседі. Ван Синьюймен өткен жеке кездесулерде Елена 2:0 есебімен алда келеді.
Сарапшылар мен спорт журналистері қазақстандық теннисшінің қазіргі бабын жоғары бағалап отыр. Рыбакинаның финалға қайта шығып, тағы бір трофей жеңіп алуға толық мүмкіндігі бар.