Бүгінгі Чемпиондар Лигасының негізгі кезеңіндегі "Қайрат" – "Брюгге" матчында Қазақстан футболы үшін тарихи рекорд жаңарады. Алматылық команда үшін бұл жетінші матч болады. Осы ойыннан кейін олар Чемпиондар Лигасының негізгі турнирінде өнер көрсеткен Қазақстаннан шыққан ең тәжірибелі қатысушыларға айналып, "Астана" командасын (алты ойын) артқа қалдырады.
"Қайраттан" үш футболшы ұлттық рекордты жаңартуға мүмкіндік алады. Жетінші матчтарын негізгі кезеңде үш қазақстандық аяқдопшы – 32 жастағы Еркін Тапалов, 23 жастағы Дамир Қасабулат және 21 жастағы Александр Мрынский өткізеді.
Ал, Александр Мрынский Чемпиондар Лигасы тарихында ең ұзақ уақыт алаңда ойнаған қазақстандық футболшы атанады. Қазір ол алты ойында 531 минут ойнады. Ал Мрынскиймен салыстырғанда Тапалов (377 минут) пен Қасабулаттың (328 минут) көрсеткіштері төмендеу.
"Қайрат" пен бельгиялық "Брюгге" кездесуінің тікелей эфирі 20:30-да (Қазақстан уақыты) басталады.