Бүгін – Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың туған күні

Ғалымның құрметіне бірқатар шара өтуде. 

Бүгін – Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың туған күні Фото: Валерий Бугаев

Ұлттық ғылым академиясының алғашқы Президенті, мемлекет және қоғам қайраткері, геолог, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына биыл 124 жыл толып отыр. Осыған орай ғалымның туған жері – Павлодар облысында түрлі салтанатты шара ұйымдастырылуда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен облыс орталығындағы Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Оған Парламент Сенатының депутаты, профессор Алтынбек Нухұлы, ғалымның немересі Алима Жармағабетова, облыс әкімі Асайын Байханов және Ертіс-Баян өңірінің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бұл ретте Сенат депутаты ғалымның 125 жылдық мерейтойына қазірден бастап дайындалу қажет екенін атап өтті.

"Қаныш Сәтбаевтың қазақ еліне сіңірген еңбегі орасан зор. Сондықтан 12 сәуірді Ғылым күні болып белгіленген. Осыдан 2 ай бұрын депутаттық сауалда 125 жылдық мерейтойын тойлауда үлкен шаралар өткізу керектігі туралы мәселе көтерген болатынбыз. Соның ішінде елордамызда Сәтбаевтану орталығын ашу - сұранып тұрған дүние. Одан бөлек, Сәтбаев университетімен бірігіп, академиктің 10 томдық еңбектерін жаңадан шығару бар", - деді Алтынбек Нухұлы. 

Қаныш Сәтбаевтың немересі, профессор, химия ғылымдарының докторы Алима Жармағанбетова салтанатты шараларға Алматыдан арнайы келген. 

"Мен Қаныш Сәтбаевтың немересі екенімді мақтан тұтамын. 6 жасыма дейін атамның саяжайында тұрып, тәрбиесін көрдім. Жұмыстан жаяу қайтқанды ұнатуы, маған Мәскеуден үнемі сыйлықтар әкелуі есімде ерекше сақталды. Атам қиын кездерде еш қаймықпай Мәскеуде Жезқазған кеннің бай қазынасы екенін дәлелдей білді. Ғылым академиясын ашқанының өзі ерлік болды. Сол арқылы жастарды Мәскеуге оқуға жіберіп, еліміз үшін білікті кадрларды дайындай білді", - деп естелікпен бөлісті.

Сонымен қатар, Торайғыров университетінде жоғары сынып оқушылары, студенттер мен магистранттар арасында дәстүрлі Сәтбаев оқулары ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу