Мұның автонесиеден айырмашылығы көлікті алғашқы жарнасыз әрі несиесіз ұзақ мерзімге жалға алу мүмкіндігі қарастырылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жылдық шекті мөлшерлемені 36%-ға дейін бекіткен. Осыған дейін 45%-ға дейін естептелген болатын. Бағдарламаның басты мақсаты – автокөлікті сатып алуды қолжетімді ету.
Бұған дейін депутат Олжас Құспеков лизинг бағдарламасын қарапайым түрде түсіндірген болатын.
– Лизинг – автомобильді ұзақ мерзімге жалға алып, мерзімі аяқталған соң оны толық сатып алуға мүмкіндік беретін құрал. Автонесиеден басты айырмашылығы – сатып алушы көлікті пайдалану кезеңіндегі амортизациясына төлейді, сондықтан жарнасы мен ай сайынғы төлемі арзанырақ шығады. АҚШ-та адамдар екі-үш жыл лизингке алған көлігін пайдаланып, кейін жаңа көлікке ауыстырады. Ең басты қауіп – лизингке көлік берген кәсіпорын банкротқа ұшыраса, адам көліктен айырылып қалуы мүмкін, – деді ол.
Лизингтің келісімшарты аяқталғанда, көлікті қайта өткізуге немесе қалған берешекті өтеу арқылы сатып алуға жағдай жасалған.
Нақтыласақ, мерзім аяқталғанда 3 түрлі таңдау беріледі:
- Біріншісі, мүлікті толық сатып алу. Ол – барлық төлем жасалғаннан кейін көліктің меншігіңізге өтуі;
- Одан кейінгісі, мүлікті қайтару. Яғни, мерзім біткен соң көлікті лизинг компаниясына қайтаруға болады;
- Соңғысы, жаңа мүлікке ауыстыру. Бұл – ескі көлікті қайтаруға және оның орнына жаңасын лизинг арқылы алуға мүмкіндік бар деген сөз.