Бүкіл әлемде шампан пен шараптың дәмі "бұзылып" жатыр

4506

2026 жылғы климаттық дағдарыс пен рекордтық аптап ыстық шампан градусын бірнеше пайызға арттырып, қымбатшылық тудырып жатыр.  

Бүкіл әлемде шампан пен шараптың дәмі "бұзылып" жатыр Фото: decanter.ru

Биылғы жылы Еуразия сақарасын жайлаған аптап ыстық, құрғақшылық, үсік ұру, бұршақ және орман өрттері Франция, Испания, Италия, Түркия және басқа да елдердің жүзімдіктерін қатар жайпады, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Салдарынан мыңдаған гектар егістік қурап қалған, дәмі бұзылып, сапаға сәйкес келмеген миллиондаған ішімдік далаға босқа төгілген. Бұған қоса, өнімнің өзі – оның қуаттылық деңгейі, қышқылдығы, хош иісі мен үйреншікті дәмі түбегейлі өзгеруде.

Франция тұңғыш рет шампан "қызуын" 15%-ға көтеруге рұқсат берді

Comité Champagne қауымдастығы өндірушілерге шампан қызуының өткен ғасырлардан бері бұлжымастай болып бекітілген шегін 13%-дан 15%-ға дейін уақытша арттыруға ресми түрде рұқсат етті.

BBC хабарлағандай, мұндай қатаң шара тарихта тұңғыш рет қабылданып отыр. Оған реттеушіні жаздағы шектен тыс ыстық пен құрғақшылық мәжбүр етті.

Өйткені метеорологиялық аномалиялар Шампань өңіріндегі жүзімнің құрамында қант мөлшерінің тым жоғары болып түзілуіне әкеп соқты. Ферментация (ашыту) үдерісі кезінде артық қант белсенді түрде алкогольге айналады, салдарынан ішімдіктің градус көрсеткіші де жоғарылайды.

Comité Champagne (Шампань шараптарының ведомствоаралық комитетінің) өкілдері түсіндіргендей, шампандағы әйгілі көпіршіктердің пайда болуына жауап беретін "екінші реттік ашыту кезеңінде" биылғы өнімнің қызуы қолданыстағы 13%-дық нормативтен асып түсіпті. Сондықтан реттеушіге шетін шараға барып, ережені бұзып, рұқсат етілетін шекті межені 15%-ға дейін жоғарылатуға тура келді.

Верзене коммунасындағы шампан өндіруші Стефан Виньон британдық The Times газетіне берген сұхбатында болып жатқан жағдайды жаңа климаттық өмір шындығының басталуы деп сипаттады.

"Жерорта теңізінің климаты солтүстікке қарай тынымсыз жылжып келеді. Бұл – жаңа циклдің алғашқы жылы. Комитет мұның әр жыл сайын қайталана бермейтінін болжайды. Бірақ біз мұндай жағдайдың тағы да қайталанатынына сенімдіміз", – деді ол.

Бордолық шарап колумнисі Джейн Ансон өсіп кеткен қызу деңгейі сусынның қадірін түсіріп, сауда кезінде бәсекелестік артықшылықтан айыратынын ескертті.

"Қазіргі заман тұтынушылары керісінше, алкоголі төмен сусындарды жиі таңдайды: ешкім де маскүнемге айналып, ұзақ емделгісі келмейді. Олар шампанды қызуы төмен болған соң ішетін еді. Тұтынушылар ағзасына салмақ түсірмегені жөн. Нарық талаптары мен табиғат ұсынып отырған жағдай арасындағы бұл қайшылық өндірушілерде күйзеліс тудыруда", – деді ол.

Регламент бойынша 2026 жылғы өнім кемінде 15 ай бойы жетілуге тиіс. Сондықтан ол дүкен сөрелеріне 2028 жылдан ерте шықпайды. AFP агенттігіне сұхбат берген Comité Champagne тең төрағасы Максим Тубардың байламынша, жиілеп кеткен аптап ыстықтың кесірінен пайда болатын мұндай "аномалді" өнімдер келесі 10–15 жыл ішінде жаңа қалыпқа айналуы мүмкін.

Аномальды ыстық пен жүзімге келген нәубет

Copernicus климаттық қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы климаттық соққы бүкіл Еуразия континентін қамтыды. Біздің аймақ әлемдік орташа көрсеткіштерден екі есе жылдам жылынып жатыр.

Табиғат апатынан ең көп зардап шеккендер – Франция, Испания, Италия және Түркияның жүзімдіктері. Оларда өзен-көлдер күрт тартылып, орман өрттері жарты миллион гектардан астам жерді күлге айналдырды. Бұл – Люксембург аумағынан екі есе үлкен территория.

Экстремалды ыстық пен су тапшылығы түркиялық жүзім өсірушілерді қатаң сынаққа салып жатыр. 2026 жылғы экологиялық мониторинг деректері бойынша су қоймалары деңгейінің төмендеуі мен топырақтың шамадан тыс қызуы салдарынан жүзімдіктер аса қатал стресті бастан кешіруде.

Маниса, Анталия провинциясы тәрізді негізгі жүзімдіктер өңірлерінде ауа райының құбылуына байланысты өнім жинау мерзімі апталарға кейінге шегерілді. Жидектер уақытынан бұрын пісіп, қышқылдығы мен қантының тепе-теңдігін жоғалтуда. Бұл өндіріс көлемін 20–30%-ға төмендетіп, шарап сапасын нашарлатқан және қымбат суару жүйелерін шұғыл орнатуды талап етеді.

Көктемгі үсіктер сәуір айының өзінде-ақ Еуропадағы түйіндердің 30%-ын құртып жіберді. Артынша бұл жаздағы аптап толқындарына ұласты. Соның кесірінен егін жинау науқаны ерте басталды: алғашқы шоқтар 6–12 тамызда кесіліп, бақылау тарихындағы абсолютті антирекорд орнатылды. Испанияда қатал құрғақшылық салдарынан жүзімдер соншалықты ұсақ болып шықты: жалпы жиын нормадан шамамен 20%-ға төмен болды.

Сонымен қатар Францияда жалпы шарап жасау саласы өте сәтсіз жылды өткеруде. Франция Ауыл шаруашылығы министрлігінің статистикалық басқармасы – Agreste-нің алдын ала бағалауыншы, 2026 жылдың қорытындысында елдегі шарап өндірудің жалпы көлемі 3,39 миллиард литрге дейін күрт құлайды.

Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 6%-ға, ал, көлемі 4,72 миллиард литрге жеткен 2023 жылмен салыстырғанда – бірден 28%-ға аз. Ағымдағы маусым 3,25 миллиард литр өндірілген 1925 жылдан бергі француз шарап жасау индустриясы үшін ең сәтсіз кезең болмақ, деп жазды euronews.

Үсік, бұршақ және наурыз айынан бері тыншымаған құрғақшылық шоқтың орташа салмағын соңғы 20 жылғы ең төменгі деңгейге дейін түсірді. Жағдайды орман өрттері ушықтыра түсті: түтіннің күлімсі иісі жидектердің құрылымына сіңіп, дайын шарапқа күйіктің дәмін берді, оның құрамында дәрілік ақаулардың пайда болуына соқтырды, деп мәлімдеді Шампань жүзім өсірушілерінің жалпы кәсіподағы.

Тапшылық болмайды, бірақ баға шарықтайды

Шампаньдағы өндірістің жағдайы тіксінтеді: биылғы өндіріс шамамен 0,75 литрлік 140 млн бөтелкеге кем. Бағаға шаққанда шамамен 2,7 млрд еуро коммерциялық табыстан айрылған. Соған қарамастан тұтынушылар дүкен сөрелері босап қалады деп алаңдамаса болады.

Профессор Жан-Мари Кардеба бұл парадоксті саланың ерекшелігімен түсіндіреді: қазіргі егін жинау дайын өнім көлемін бірден анықтамайды. Нағыз шампан көп жылдық ұзақ сақтауды талап етеді (кемінде 15 ай). Сондықтан 2026 жылғы шарап сатылымға тек 2028 жылы ғана шығады. Ал сөрелерде бұрын жиналған резервтердегі өнімдер сатылуда.

Бұдан басқа, өндірушілердің бөшкелер мен резервуарларда салмақты қоры бар. Әлемде шампан-шарап ішетіндер де азаюда: 2025 жылы ол 266 млн бөтелкеге дейін азайды. Бұл да түсетін қысымды азайтады.

Дегенмен, саладағы қаржылық шиеленіс тау басынан құлаған қар жентегіндей артып келеді. Тәуелсіз шарап сарапшысы Артур Саркисян нарық бұл дағдарысты нарық күзде-ақ сезеді деп болжайды.

"Жүзім, сөл және құйма шарапқа деген биржалық баға бірінші болып өзгереді, соның соңынан бөлшек сауданың қымбаттау толқыны қазірден басталады. Жас шараптардың бағасы 2026 жылдың соңында және 2027 жыл ішінде өсуі мүмкін. Ұзақ сақталған премиалды сегмент 2027–2028 жылдары және одан кейін де бағаның күрт секірісіне серпін береді", – деп ескертті сарапшы.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанның шараптар нарығы Еуропаға арқа сүйейді. Мұндағы сөзсіз көшбасшы – Франция, ол ресейлік жалған емес, түпнұсқалық шампан импортының 86,2%-ын (шамамен 74 мың литрін) қамтамасыз етеді.

Тынық шараптар сегментінде де еуропалық өндірушілер (Италия, Франция, Испания, Грузия) үстемдігін сақтап, премиалды нарық сегментінің жартысынан көбін уысында ұстап тұр. Талдау көрсеткендей, қазақстандық импорт климаттық дағдарыстарға осал келетін еуропалық агроөнеркәсіпке қатты тәуелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу