"Бүкіл денесін езіп жіберген": Ақтөбеде қоқыс жинап жүріп қайтыс болған келіншектің туыстары болған жайт туралы айтты

105239

37 жастағы Гүлден Ағытаева қаладағы тазалық мекемелерінің бірінде еңбек етіпті. Қайғылы жағдай бірінші қаңтар күні болған.  "102" телефонына "103" операторынан Ақтөбедегі Сәңкібай батыр даңғылындағы үйдің ауласында әйел адамның үстіне  арнайы техниканың қондырғысы құлағаны туралы хабар келіп түседі. 

"Бүкіл  денесін езіп жіберген": Ақтөбеде қоқыс жинап жүріп қайтыс болған келіншектің туыстары болған жайт туралы айтты Фото: inbusiness.kz

"Жедел-тергеу тобы контейнерді тиеу кезінде КамАЗ көлігінің көтергіш механизмі бұзылып, металл қоқыс контейнері ЖШС-нің 38 жастағы қоқыс жинау қызметкеріне құлағанын анықтады. Бірнеше сағаттан кейін әйел алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды", деп хабарлайды Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.  

Қазір аталған дерек  бойынша қылмыстық кодекстің  "Еңбекті қорғау ережелерін бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Ал марқұмның туыстары  құзырлы мекемелер жұмыс уақыты кезінде болған оқыс жағдайды егжей-тегжей тексеруді талап етіп отыр: 

"Бізге сағат үш жарымда больницада реанимацияда жатыр деген хабар келді. Дереу мастеріне звондадым не боп қалды деп. Үстіне контейнерді көтеретін манипулятор құлап кетті деп жауап берді. Бүкіл  денесін,бүйрек, асқазанының бәрін езіп жіберген, қабырғасын сындырған. Бұл арада жүргізушінің салақтығы. Сосын - механиктің  салақтығы. Егерде  жүк тиеуші сол жерде жүрсе жүргізуші "манипуляторды" ұстап тұруы керек, қарап тұруы керек", дейді марқұмның туыстары. 

"Манипулятор, контейнер қозғалған кезде жүк тиеуші  5 шақырым алыста тұруы керек. Ал менің сіңлім Гүлден контейнердің айналасындағы қоқысты жинап жатқанда, ол манипуляторды қарамай,  жіберіп қалған. Сол уақытта  үстіне құлаған. Соның астында бір сағаттай жатқан дейді. Енді біз мекемеден артында қалған үш балаға баспана алып беруін,  анасының айлығын балалар ер жеткенше төлеп тұруын талап етеміз",  деді марқұм келіншектің әпкесі Қаламқас Ағытаева.

Тазалық компаниясындағылар болған жайтқа қатысты еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

"Гүлден Ағытаева біздің мекемеде өткен жылдың желтоқсан айынан бастап жасады. Еңбек-келісім-шарты бар. Жұмысшы болып еңбек етті. Негізі жұмысшыларға   қауіпсіздік техникасын сақтау туралы  үнемі айтамыз.  Қауіпсіздік талаптары бойынша, манипулятор жұмыс жасап жатқан  аумақта адам болмауы керек. Марқұмның отбасына міндетті түрде материалдық көмек көрсетеміз. Құжаттарды сақтандыру компаниясына жолдадық. Одан бөлек жерлеу рәсімінің шығындарын көтереміз,- деді компания директорының орынбасары Эльмира Тәңірбергенова.

Қайтыс болған жұмысшы келіншектің артында үш баласы қалды. Үлкені колледжде білім алады, кенжесі  7 сыныпта оқиды. Отағасы да қайтыс болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу