banner

Букмекерлерді ығыстырып жатқан кім?

1839

Өткен жылдың соңы еліміздегі букмекерлерге бірнеше мәрте шабуыл жасалды. Оның себебі неде?

Букмекерлерді ығыстырып жатқан кім?

Николай Шәмілұлы Қазақстан букмекерлер қауымдастығының мүшесі. Осыған дейін бірнеше мәрте бұл кісінің демеушілік танытып, ел футболына қаржы салғанын байқағанбыз. 90 жылдардың соңында "Наша Компания" ұжымы елордада және Екібастұз қаласындағы клубтарға демеуші болды. Кейіннен клубтарға қаржы құю тоқтатылып, футбол бір бөлек, букмекерлік сала бір бөлек кетті. Николай Шамілұлына біз осыған байланысты бірнеше сауалдар қойдық.

- Николай мырза, өткен жылы желтоқсан айында еліміздегі бірнеше букмекерлік кеңсеге шабуыл жасалынды. Олардың біршамасы еліміздегі қызметін тоқтатты. Кейбірі қызметін жалғастырып жатыр. Мұндай іс-әрекеттердің түбі неде деп ойлайсыз.

- Иә, мен тәуелсіз сарапшы ретінде елімізде букмекерлерге қысастық көрсетіліп жатқанын айта аламын. Бірақ, букмекерлік компаниялардың да өзіндік қателіктері де жоқ емес. Бизнесті жүргізу барысында көптеген талаптар бар. Соның біршамасы бұзылғаны анық. Алайда, бұл салада көптеген адам қызмет етіп, нәпақа тауып отыр. Егер кеңселер жабылса, сонда жұмыс істеген IT саласының адамы, даяшы, оператор, күзетшілердің барлығына қайдан жұмыс тауып бересіз?! Олар сол жалақымен бала-шағасын асырап отыр. Жұмыс орындарының жабылуы жағымды әсер қалдырмайды.

- Сонда букмекерлік кеңселерді ығыстырып, орнын тартып алғысы келетін адамдар бар деген сөз ғой?

- Жоқ, бұл жерде нақты бір адамдарға тіреліп тұр деп айтудан аулақпын. Әр нәрсе өз орнымен. Барлығы да өзгереді. Букмекерлер кетсе, орнына басқа бір сала келеді. Олар кетсе, олардың да орнына өзгелер келеді. Бұл бизнестің айнымас қағидасы. Бәсекелестік деген бір орында тұрмайды. Қазір мысалы лоторея саласы дамып келе жатқан секілді.

- Мамандардың пікірінше шет мемлекеттердің кеңселері Қазақстан аумағына еніп, қыруар қаржыны өздерімен бірге сыртқа алып кетіп жатыр дейді. Сіз бұл пікірге не дейсіз?

- Бұл пікір жаңсақ емес. Иә, шынымен де, Ресейден, өзге елдерден букмекерлік кеңселер Қазақстан нарығына кіріп, қомақты қаржы табысын сыртқа шығарып жатқанын естіп қаламыз. Билік мұнымен күреседі. Күресіп жатыр. Арнайы заңдар қабылдануда.

- Қазақстанда ең көп коэфицент ұтқан адам жайлы не айта аласыз?

- Қазақстан букмекерлер қауымдастығы барлығын тіркеп отырады. Иә расымен, 12000 коэфицентке 200 теңге қойып жеңіске жеткен адам бар. Біз оның аты-жөнін айтуға қақылы емеспіз. Құпия сақтаймыз. Кейіннен әлемдік қауымдастықтарға жіберіп едік, "бұл әлем бойынша рекордтық көрсеткіш" деген жауап келді. Жуырда осы мәлімет "Гиннестің рекорттар кітабына" еніп қалуы да мүмкін.

- Елімізде букмекерлерді сынап, оларды жабу қажет деген пікірлерді жиі естіп жатамыз...

- Біріншіден, біз зайырлы мемлекетпіз. Екіншіден ешкімді де бәс тігіңіз деп қинамаймыз. Үшіншіден букмекерлер еліміздегі көптеген адамға жұмыс беріп отыр, Төртіншіден ел экономикасына қыруар салық төлейміз. Букмекерлік деген дұрыс емес дейтін арабтар, яғни Дубайдағылар қазір кеңсе ашып жатыр. Себебі, олар ат жарысын жайдан-жай қараудан қалды.

- Ал мынау келісілген матчтар жайлы не айтасыз? Қазақстанда олар қаншалықты көп?

- Әлемде көп. Қазақстанда өте аз. Олар келіссе де барлығы букмекерлерді тақырға отырғызу үшін жасалынады. Осылайша заңсыз әрекеттерге барып, ұсталып қалып жатқандар да жоқ емес. Олардың қатарында төрешілер бар. Сосын әлемде теннис спортында осындай даулы мәселелер жиі кездеседі. Ал командалық спорт түрлерінде негізі ондай "біртүрлі" ойындар өте сирек.

- Әңгімеңізге рахмет.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу