Бұл да АЗ емес

3456

Еуропа лигасында өнер көрсететін "Астана" өз алаңында "АЗ" командасына 0-5 есебімен жеңілді. 

Бұл да АЗ емес

Сырт алаңда өткен ойында есеп 6:0 болған еді. Қазақ жанкүйерлерінің жүрегіне ауыр батқан осы ойынды біз тез ұмытқымыз келді. Себебі оның түрлі сылтаулары да баршылық болатын. "Астана" әдейі екінші құраммен шықты. Өйткені ішкі біріншіліктің ойындарын маңызды деп санап, негізгі футболшыларға демалыс берді. Оның үстіне ойын барысында екі футболшымыз жарақат алды, сосын екі мәрте пенальти қойылды. Әлбетте, бұдан кейін 6-0 есебін ақтап алуға болатын еді. 

Енді екінші ойын алдында "Астана" шабуылшысы Сергей Хижниченко "Өткен жолғы ойынның есебі жай ғана кездейсоқтық. Біз оны бүгінгі матчта дәлелдейміз", –деп көсілді. Шамасы, ол есеп кездейсоқ емес екен. Өз алаңында еуропалық командаларға ұтылмайтын дәстүрі бар.

"Астана" Станимир Стойловтың кезіндегі игі дәстүрге тоқтау салды. Жасанды алаң, күн райының суықтығы, жергілікті жанкйердің қолдауы деген факторлар "Астана" ойыншыларына еш көмектеспейтін жағдайға жетті. Чемпионатты жеңгеннен соң, команданың шаршаңқы қалыпы сезілері анық. Алайда 0-5 деген есепті ақтап алу мүмкін емес. Қайта-қайта қателесіп үш голдың соғылуына себепші болған Евгений Постниковтың  "Астана" сапында ойнап әбден шаршағаны байқалады. Бірақ тәжірибиелі қорғаушы осы жақында ғана клубпен келісімшартты тағы бір жылға созды. 

Ұзын сөздің қысқасы  "Астана" ел абыройын осылай айрандай шаша беруін жалғастырғысы келмесе, үлкен бір өзгерістерді бастан кешуі тиіс. Бұрыннан бері келе жатқан ойыншылардың біршамасын ауыстырып, сапалы легинерлер мен бойында жалыны бар жастарды шақыруға тиіс. Сондай-ақ Роман Григорчуктың де орнына өзге бапкер алдыртқан дұрыс секілді. Украин маманы шамасы өзі де өз еліне қайтқысы келетін сыңайлы. 

Енді жуырда өтетін "Манчестер Юнайтед" пен "Партизанға" қарсы ойындарда қанша гол жіберер екенбіз?

"Астана" – АЗ (Голландия) - 0:5

Голдар: Мирон Боаду 29, 77, Фредрик Мидтше 52, Уссама Идрисси 57, Пантелис Хацидиакос 76

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу