"Бұл – олардың тұрып жатқан үйі емес"

20864

Тайсойғандағы Түлкібаевтар отбасына үй салу үшін қаражат жиналды. 

"Бұл – олардың тұрып жатқан үйі емес"

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылының тұрғыны Бердімұрат Түлкібаевтың әлеуметтік желіде тараған жазбасы мен суреттерінен кейін көпшілік қолынан келгенше қаржылай қолдау көрсетіп, 2 млн теңгедей қаражат жиналыпты. Аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуовтан естігеніміз, Бердімұраттың үйелмелі-сүйелмелі бес баласы, қолында қарт әке-шешесі бар, үйге ай сайын үлкен кісілердің зейнетақысын, өзі мен әйелінің жалақысын қосқанда 280 мың теңге кіріс кіреді екен.

"Суреттегі үй олардың тұрып жатқан үйі емес, қора-қопсысы сияқты. Бірақ соңғы жылдары баспаналары күтім болмай, жағдайлары кетіңкіреп қалған. Біз бұл отбасының жағдайынан жақсы хабардармыз. Өзім аудандағы кәмелетке толмағандардың құқық қорғау жөніндегі комиссиядамын. Сондықтан бұл үйдегі кішкентай балалардың да тарығып қалмауын қадағалап отырамын. Өткенде халық шулап кеткеннен кейін, ауданның имамымен бірге Тайсойған ауылына әдейі барып, жай-күйлерін қарап кеттік", – дейді Марат Әбуов.

Белгілі бір қаражат жиналғаннан кейін, Бердімұрат тағы да бейнеүндеу жолдап, халыққа рақмет айтып, әрі қарай өзі "тіршілік қылатынын" жеткізген. Қазіргі күні ол қандай да бір нақты шешімге келе қоймапты. Бастапқыда үйі ауылдың шетінде болғасын, орталыққа жақын жерден іргетасы көтеріліп қойған үйде сатып алғысы келген, одан кейін ауладан жаңа үй салып алмаққа ниеттенген.

"Ауладан үй тұрғызғың келсе, ол жерден салуға бола ма, ешқандай тоқ, газ желісі өтпей ме, анықтап біліп, құжаттарын рәсімдеу керек дегенмін. Сол шаруамен келуі керек еді, өзім де күтіп жүрмін", – дейді Марат Әлменұлы.

Тайсойған ауылына көгілдір отын тартылған. Алайда Түлкібаевтың отбасында газ жоқ екен. Сол себепті, аудан әкімінің орынбасары оған үйін жөндеп, газ жүргізіп алуды ұсынған. "Үйлері әктеп-сылап, дұрыстаса,тұруға болатын-ақ үй", – дейді әкім.

Сонымен бір мезгілде, әлеуметтік желідегі Бердімұратқа қатысты пікірлер екіге жарылып, қызу пікірталас туды. Біреулер "азаматқа қолдау көрсетейік, тіктеліп кетер" деген қағиданы ұстанса, екіншілері тепсе темір үзетін еркектің жұртшылықтан қаражат жинағанын намыс көруде.

"Жағдай Бердімұраттың айтып тұрғанындай аса "апатты"емес. Еркектің білегі мен әйелдің білегі қосылса, іргетасы беріктігін сақтап, үй іші айнадай-ақ болатын үй... Қазіргі күні айына 300 мыңға жуық кіріс келіп отырған отбасына біздің халық 2 млн теңгеге жуық ақша аударған. Бердімұрат секілділерді жаман үйретпей, ақша аударар кезде тексеріп алу керек. Шын мұқтаждар осындайлардың кесірінен көмексіз қалады", – дейді журналист Тұрсын Қалимова.

Өкінішке қарай, Бердімұрат Түлкібаевтың өзімен қанша тырыссақ та сөйлесе алмадық. Оның "жұмыс істеп тұр" деген телефон нөмірі еш жерде тіркелмеген болып шықты. Ал ауылдастарынан "соңғы кездері қарттарға көп адам телефон соғып, мазалары кетіп, денсаулықтары сыр бергенін" естігеннен кейін отбасының басқа мүшелерін мазаламадық. Бердімұраттың өзі кері байланысқа қанша күтсек те шықпады.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Құралай Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу