Бұл сайлау қырғыз президентінің билігін тіпті күшейтпек

3061

Оппоненттерінің пікірінше, Жапаров өткеннен сабақ алмай, бұрынғы мемлекет басшыларының қателігін қайталай бастағандай. 

Бұл сайлау қырғыз президентінің билігін тіпті күшейтпек

Қырғызстан халқы жексенбі күні парламенттік сайлауда дауыс берді. Бұл саяси науқан елде үкімет ауысқаннан кейін бір жылдан кейін өтіп отыр.

Президент Садыр Жапаров былтыр наразылық шерулері нәтижесінде бұрынғы лидер күшпен құлатылғаннан кейін, мемлекет басшылығына келді. Ол осы жолғы сайлаудан кейін билігін тіпті нығайтады деген болжам бар.

Бюллетендердің 97 пайызы саналып болғаннан кейінгі қорытындыға жүгінсек, 52 жастағы Жапаровқа жақтас үш блок ең көп дауыс жинап, заң шығару органына өткен.

6,5 млн тұрғыны бар Қырғызстан – Еуразиялық экономикалық одақ пен Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының мүшесі. Өз жеріне Ресейдің әуе базасын орналастырған республика бүгінде Мәскеудің қаржылай көмегіне тәуелді. Кейбір деректерге қарағанда, Жапаров АҚШ-тың базасын да қабылдауға қарсы болмаған. Дегенмен президент бұл мәліметті жоққа шығарып отыр.

Жапаровты 2020 жылдың қазан айында өткен парламенттік сайлаудың қорытындысына қарсы шерулер кезінде жақтастары түрмеден босатып алғаны белгілі. Сол кезде ол алтын кенішіне қатысты дау барысында "облыс әкімін ұрлады" деген айыппен 11 жарым жыл жазасын өтеп жатқан еді.

Жапаров қаңтарда басшылыққа сайланғаннан кейін президенттің өкілеттіктерін айтарлықтай арттыратын жаңа Конституция жобасын мақұлдаған референдум өткізуге мұрындық болды. Сонымен қатар ол парламенттегі мандаттардың санын 120-дан 90 орынға дейін қысқартып, президентке судьялар мен құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындау құқығын берді.

Жексенбі күнгі дауыс беру нәтижесінде 54 орын партиялық тізім бойынша, қалған 36-сы бір мандаттық бәсеке арқылы толтырылады. Жалпы осы 90 депутаттық орын үшін 21 партиядан 1 300-дей кандидат бақ сынаған.

Сайлау учаскелерінде дауыстар саналып болған соң, партиялық тізім бойынша, "Ата жұрт" электораттың 16,44%, "Сенім" және "Ынтымақ" партиялары сәйкесінше 13,2% және 10,65% дауысын жинап көш бастады. Мұны жексенбінің кешінде Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы хабарлады. Бұл үш блок та Жапаровқа жақтас. Жоғарғы кеңеске 10 пайызға жетпейтін көрсеткішпен өткен өзге үш партия – "Альянс", "Бүтін Қырғызстан" және "Ыйман Нуру".

Әкімшілік қысымға ұшырағандарына шағымданған кейбір оппозициялық партиялар болса, артта қалды.

Төңкеріс жоспары әшкереленді

Дауыс беру қарсаңында елде шиеленіс күшейіп, Жапаров өзінің саяси дұшпандарын бүлік ұйымдастырмақ болды деп айыптап, сайлаудан кейін тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға ниеттенгендердің жауапқа тартылатынын ескертті.

"Кейбіреулер қарулы төңкеріс жасауды жоспарлап отыр. Біз олардың барлығын білеміз. Сайлаудан кейін мұндайларға қарсы қатаң шаралар қолданамыз. Ал себепсіз көшеге шыққандар ауыр жазаға тартылады", – деді Жапаров.

Жұма күні Қырғызстанның Жапаровқа бағынышты Ұлттық қауіпсіздік агенттігі "деструктивті ойдағы" парламент мүшелері мен бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер жоспарлаған төңкерістің жолын кескенін хабарлады. Күдікке ілінгендер 1 000-ға жуық жақтасын жинап, сайлаудан кейін тәртіпсіздіктер ұйымдастыру мақсатында қару-жарақ пен есірткі әзірледі деп айыпталып отыр.

Сонымен қатар сенбі күні Қырғызстан билігі саяси партиялардың төрт өкілінің дауыс сатып алу әрекетімен ұсталғанын, ал "үкіметті құлату" жоспарына байланысты 15 адамның тұтқындалғанын мәлімдеді.

Тәуелсіздіктің отыз жылында Қырғызстанда сыбайлас жемқорлық пен қуғын-сүргінге және сайлаудағы заңсыздықтарға қарсы көше наразылықтары мен тәртіпсіздіктер нәтижесінде үш президент орнынан босатылды.

Соңғы сауалнама қорытындылары Жапаров үкіметінің әлі де халықтың қолдауына ие екенін көрсетіп отыр. Алайда кейбір сыншылардың пікірінше, президенттің жақында әлеуетті бәсекелестерін түрмеге қамауы және жыл басында конституцияны өзгертуі оның республиканың бұрынғы жетекшілерінің қателіктерін қайталап жатқанын байқатып отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу