Бұл жолғы мереке бұрынғыдан өзгерек

Халқымыз 29 жылда алғаш рет осынау ұлық мерекені карантин жағдайында атап өтпек.  

Бұл жолғы мереке бұрынғыдан өзгерек Фото: Серікжан Қобыланбаев

Қазір той-тойлайтын емес, бір-біріміздің амандығымызды ойлайтын кезең. Әлемдік эпидемиологиялық картада еліміз "жасыл" аймақта тұрғанымен, бір қатар өңір "қызыл", "сары" аймақ шекарасынан аттады. Олардың қатарын сырқаттану көрсеткіші соңғы екі аптада 1,3 есе өскен Нұр-Сұлтан қаласы бастайды. Мамандар "елордада жағдай күрделі" деп бірауыз сөзбен қайырды. Түсінген адамға мұның астарында төсек тартқан қаншама науқастардың өмірі тұрғаны белгілі. Ал Шығыс Қазақстан, Атырау, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары және Алматы қаласы тәуекелі жоғары аймақта. 

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапованың айтуынша соңғы екі аптада сырқаттану көрсеткіші Жамбыл облысында 1,7 есе, Атырау облысында 2,4 есе, Алматы облысында 1,5 есе өскен. 

"Барлық өңірде ұжымдық мерекелерді өткізуге тыйым салынады", – деген маман қазақстандықтарға үндеу жасады. 

"Құрметті қазақстандықтар, елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере келе сіздерді халық көп жиналатын орындарға бармау, ұжымдық іс-шаралар өткізбеу және оларға қатыспау, салқын тигізіп алмау, коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын сақтау, міндетті түрде бетперде тағу, әлеуметтік қашықтық пен гигиеналық талаптарды сақтау және құттықтау үшін қашықтан байланыс құралдарын пайдалануға шақырамыз", – деді.

Мереке күндері халықтың сауда ойын-сауық орталықтарықтарына көптеп жиналатыны белгілі. Алайда әзірге орталықтар жұмысына қатысты шектеу "қызыл" аймақтағы Нұр-Сұлтанда ғана  енгізілді. Осылайша эпидемиологиялық ахуал жақсарып келе жатқан өңірлерде сауда орындары қызметін жалғастырады. 

"Елдегі өңірлердің эпидемиологиялық ахуалына байланысты сауда ойын-сауық орталықтары әртүрлі тәртіппен жұмыс істейді. Қазіргі таңда тек Нұр-Сұлтан қаласы ғана "қызыл" аймақта болғандықтан, елордада жексенбі күндері сауда ойын-сауық орталықтары жұмыс істемейді. Қалған күндері 18.00-ге дейін ашық болады", – деді Роза Қожапова Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте. 

Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының көпсалалы медициналық орталықтың инфекционист дәрігері Гүлнәр Нәжімова мереке күндері коронавирустық инфекцияны жұқтырып алмаудың 7 қадамын атады. Олардың ішінде жоғарыда атап өткен сауда ойын-сауық орталықтарына барудан бас тарту бар. Себебі вирусты жабық кеңістікте жұқтырып алу қаупі жоғары. 

"Өзге адаммен байланысқа түскеннен кейін, қол жуу керек, қоғамдық орында бір реттік бетперде тағып, гаджеттерді залалсыздандырып, қоғамдық орындарға барудан бас тартыңыздар. Әсіресе, сауда ойын-сауық орталықтары, спорттық іс-шаралар мен қоғамдық көліктерге отырмаңыздар. Індет белгілері бар адамдармен байланысқа түспеңіздер", – деді инфекционист дәрігер. 

Елімізде күнен-күнге балалар арасында індет жұқтыру көрсеткіші өсіп келеді.

Мәселен, оқу жылы басталғалы бері 2884 оқушы коронавирустық инфекцияға шалдыққан. Оның ішінде 818 жағдай кезекші сыныпта, 2066 жағдай қашықтан білім алатын балалар арасында тіркелген. Сондықтан мамандар ел амандығы үшін үйде болуға шақырды. 

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу