"Бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруға зауқым соқпайды": Ермұхамед Мәулен қызметінен кетті

Ол 4 жылда ұлттық құраманы жаттықтырған 4 бапкермен бірге жұмыс істеген. 

"Бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруға зауқым соқпайды": Ермұхамед Мәулен қызметінен кетті Фото: kff.kz

Комментатор осы уақыт аралығында ел футболына жаны ашып, ондағы қазақ тілінің үстемдік құруына атсалысқанын атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Спорт журналисінің сөзінше, мұндай қызметте жүру – көп адамның арманы. Бірақ, кез келген қызметпен қоштасатын уақыт келеді.

– Спорт журналистикасының жазылмаған заңы бар. Футболдан ұлттық құраманың баспасөз хатшысы болу ең биік қызмет болып саналады. Бұл жұмысқа қолы жеткен бар, жетпеген бар. Әлі де армандап жүргендер баршылық. Басқа елдерде де солай. Мен Құдайға шүкір, 4 жыл жұмыс істеп арманымның біріне қол жеткіздім. Талғат Маруаұлы Байсуфиновпен де, Магомед Әдиевпен де, Станислав Черчесовпен де, ең соңы Әли Әлиевпен де қызметтес болдым. Ұлттық құрама ойындарының біреуінде жібермей, баспасөз қызметші ретінде міндетімді атқардым. Жүрген жерімнің бәрінде қазақ тілін насихаттадым. "Қазақ футболы қазақша сөйлесін!" деген ұранды алға тарттым. Маған жанкүйер қауымның өкпесі жоқ шығар. Бірақ, әр нәрсенің аяқталар тұсы болады. Өз еркіммен саналы түрде шешім қабылдап, Қазақстан ұлттық құрамасы баспасөз хатшысы қызметінен кетемін, – деді ол.

Ермұхамед Мәулен айтар жерде ауыз ашпай, іштей тынған күндерін есіне алды. Алдағы уақытта көрермен мен оқырман алдында адалдығын сақтағысы келеді.

– Менің бұл жұмысты ары қарай жалғастыруға зауқым соқпайды. Өзімді іштей жегідей жеп, жүйкемді тоздырғаным жетер. Алқымыма келіп сөз тығылған тұстар, оны айта алмай іште жасырған кездерім өте көп. Енді бұдан былай ойымды бұқпай, біреуден қаймықпай, айтар ойымды анық жеткізгім келеді. "Айтпаса, сөздің атасы өлер" демекші, көрермен алдында адалдығымды сақтайын. Қазақстан құрамасына осы өмірім аяқталғанша жанкүйер болатыныма ешкімнің шүбәсі жоқ. Менсіз де футбол тоқтап қалмас. Ары қарай өздерің…

Керемет жеңісті күндердегі бақытты сәттер үшін мың алғыс! – деп сөзін аяқтады ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу