Бурабайдағы орманды кімдер иеленді

2137

Жергілікті тұрғындар тынығатын жер қалмай бара жатқанына алаңдауда. 

Бурабайдағы орманды кімдер иеленді

Коронавирустан қалжыраған қазақстандықтардың үлкен тобы күн жыли сала, Бурабай жақты бетке алды. Осы ұлттық табиғи парктегі көлдердің жағалауында ине шаршар орын қалмады. Азаматтар қарағайлы-қайыңды орманды кезіп, кеуде кере тыныстады. Халық еріккеннен олай жасамағаны белгілі. Шенеуніктер болса, мұны "жабайы демалыс" деп күстәналады. Жалпы, Бурабай жақта жұртшылық ақысыз, еркін пайдалана алатын қоғамдық орындар тарыла түсетін түрі бар, деп жазады Inbusiness.kz.

Кезекті өзгерістерді алдымен жергілікті тұрғындар байқады.

"Бурабай ауданында тағы да бассыздыққа жол берілуде. Щучинск қаласының аумағында, аудандық ауруханадан бастап, халықаралық шаңғы орталығының жоғарғы кіреберісіне дейінгі аралықта шамамен 10 гектардай орман алқабын әлдекімдер иемденіп кетіпті. Қазір жаңа қожайын бөгде адам кірмесін дегендей, қоршап жатыр. Біз құрылысшыларға таяп барып, не істеп жатқандарын сұрастырдық. Олар: "Қожайынымыз өзі үшін серуендеуге арналған жабық парк жасатқызуда", – деді. Біз осы орманның жаңа қожайыны кім болғанын анықтауға тырыстық. Жұмысшылар нақтылап айта алмады. Бар білетіндері, ол – Нұр-Сұлтаннан келген үлкен тұлға, билік иесі көрінеді. Мен орманды меншіктеуге жол берілмейтініне, мұның заңсыз екеніне назар аударттым. "Ол кісі не қаласа, соны жасай алады. Заңда өзі, билік те өзі. Жұмысымызға кедергі жасамаңыздар!" деп құрылысшылар теріс айналды", – дейді көкшетаулық белсенді Назарбек Мұқашев.

Бурабай, Щучинск тұрғындары ғана емес, келген қонақтар мен туристер де ұзақ жылдар бойы осы орманда серуен құрып, шипалы, нәрлі ауасымен тыныстап, саңырауқұлақ, жеміс-жидек секілді табиғат тартуын теріп келді. Ғасырлар бойы оның игілігін тегін көрген бірнеше ұрпақ өсіп-жетілді. Ата-әжелер немерелерін ертіп келіп, осында туған өлкенің қасиетіне қанықтырушы, тұнығына тояттаушы еді.

"Осының бәрін кезекті шенеунік тартып алғалы тұр деген қауіп бар. Тұрғын үйлерге тиіп тұрғандықтан, бұл телім аса құнды. Мұндай масқара тірліктер қашан аяқталар екен?! Балаларымызбен серуендеу үшін барар жер, басар тау қалмай барады. Алдымен шаңғы орталығының айналасындағы орманды қоршап тастады. Содан кейін гольф-клуб айналасы оқшауланды. Енді іргеміздегі орман алқабының соңғы телімінен айыруда. Біз, "Заречный" шағынауданының тұрғындары, өз мүддемізді қорғау үшін наразылық танытуға, Президентке жүгінуге мәжбүр боламыз. Орман – елдің байлығы емес пе?!", – дейді жергілікті белсенді.

Бұл мәселе бойынша Ақмола облысының әкімдігі түсініктеме берді.

Ресми мәлімет бойынша жұртшылықты мазалап отырған телімнің жалпы ауданы 8,3 гектарды құрайды. Ол "Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының" "Солтүстік өңір" филиалының Оңтүстік орманшылығына қарайтын аумақта орналасқан. Нақтылай кетсек, 6-орамның 3, 5, 6 жер үлестерін және 20-орамның 2, 3, 4, 5, 7, 9, 13, 16 үлестерін қамтиды екен.

"Бұл аумақ 2020 жылғы 9 қарашадағы №2 ұзақмерзімді орман пайдалану келісімі негізінде "Спорт-Эко-Туризм" ЖШС-іне берілді. Компания ол жерді рекреациялық, туристік және спорттық мақсатта 49 жыл бойы пайдаланады. Қазіргі уақытта "Спорт-Эко-Туризм" аталған учаскені абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Соның аясында аумақты қоршап жатыр", – деп растады әкімдік.

"Электронды Үкімет" порталының дерегінше, ""Спорт-Эко-Туризм" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шынында, Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Басшысы – Әсет Дүкенбаев. Спортсүйер қауым оны еркін және әйелдер күресі бойынша мемлекеттік жаттықтырушы ретінде біледі. Компания 2020 жылдың тамыз айының соңында ғана тіркеліпті.

Ақмола облысы әкімдігінің мәліметі бойынша әлгі орман алқабын қоршау "Бурабай Дизайн Проект" әзірлеген эскиздік жобада қарастырылған.

Осы құжат негізінде орманға 49 жыл иелік ететін компания онда жазғы үйшіктер тұрғызып, сыртта орындық-беседкалар қоюға, балалар алаңдарын жабдықтап, велосипедшілерге және жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды төсеуге тиісті. Жалпы, егер осымен ғана шектелсе, шамамен жарты ғасырлық міндеттемесі сонша салмақты көрінбейді.

"Эскиздік (нобайлық) жоба Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы № 18-02/39 бұйрығымен бекітілген "Орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар, аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары, жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген мемлекеттік орман қоры жерлерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілерін салуға учаскелер беру қағидаларының" 5-бөліміне сәйкес әзірленді", – деді облыс әкімдігі. 

Айта кету керек, жалғыз Ақмола облысы ғана емес, табиғаты тамаша, ауасы дертке дауа басқа да өңірлер "Мемлекеттік орман қоры учаскелерін мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттар үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөнінде тендерді" дүркін-дүркін өткізіп тұрады.

Оның үстіне бұл іс бүгінде оңайлатылды. Салаға жауапты уәкілетті орган – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөніндегі тендер мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталын (gosreestr.kz) пайдалана отырып, енді электронды форматта өткізіледі.

Жанат Ардақ 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу