БҰҰ әлем елдерін ортақ мақсат пен мүддеге біріктірді – Қасым-Жомарт Тоқаев

2402

Президент БҰҰ жарғысында бекітілген мұрат-мақсаттар тиімсіз деген көзқараспен келіспейтінін мәлімдеді.

БҰҰ әлем елдерін ортақ мақсат пен мүддеге біріктірді – Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75 жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі іс-шарада бейнеүндеу жасады.

Президент ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі ретінде құрылған халықаралық ұйым әлем халықтарын ортақ мақсатқа біріктіріп отырғанын баяндап, бұған қазіргі халықаралық ынтымақтастық дәуірі дәлел екенін мәлімдеді.

"Адамзат жылнамасындағы ең жойқын Дүниежүзілік соғыстан кейін 1945 жылдың маусым айында мүлдем жаңа Ұйымның құрылуы – баршамыз үшін айтулы әрі тарихи оқиға. Даг Хаммаршельдтің: "Біріккен Ұлттар Ұйымы бізді жұмаққа жеткізу үшін емес, тозақтан құтқару үшін құрылған" деген қанатты сөзі баршаға аян. Бастапқыда БҰҰ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі ретінде құрылғанымен, іс жүзінде әлем елдерін ортақ мақсат пен мүддеге біріктірді. Соның арқасында белсенді әрі ауқымды халықаралық ынтымақтастық дәуірі орнықты", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық сын-қатерлерді жіпке тізіп, мультилатерализм қағидаттары, коронавирус пандемиясына қарсы күрес,

жаппай қарулану бәсекесі сынды мезгіл мәселелеріне назар аударды.

"Өкінішке қарай, өткен 75 жыл ішінде әлемді қайғы-қасіреттен арылтуға бағытталған ортақ мақсаттарымыз бен құндылықтарымызды ілгерілету жолында көптеген мүмкіндікті қолдан жіберіп алдық. Дегенмен, сәтсіздіктен де, жетістіктен де сабақ алған жөн. БҰҰ-ның терең тарихы белсенді ұжымдық күш-жігерінің арқасында кең ауқымды мәселелерді талқыға салу кезеңі болды. Атап айтқанда, отарсызданудан өсіп-өркендеуге, балаларды қорғаудан климаттың өзгеруіне, денсаулық сақтау ісінен адам құқығына, бейбітшілікті қолдаудан бітімгершілікке дейінгі тақырыптар қамтылды. Соңғы 30 жылда Қазақстан БҰҰ-ның барлық басты органдарында, соның ішінде, Қауіпсіздік кеңесінде жанжалдарды реттеу, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, терроризмге қарсы күрес, конфессияаралық және ұлтаралық диалог, теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің мүддесін қорғау сияқты басымдықтарды дәріптеуге атсалысты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан басшысы Президент және БҰҰ-ның бұрынғы жоғары лауазымды тұлғасы ретінде БҰҰ жарғысында бекітілген мұрат-мақсаттар тиімсіз деген көзқараспен мүлде келіспейтінін мәлімдеді.

"Біз үміт отын өшірмей, қайта оны лаулатуымыз керек, ортақ мұрат-мақсаттан бас тартпай, оған қол жеткізу үшін күш-жігерімізге тың серпін беруіміз қажет, анархияға жол бермей, халықаралық құқыққа негізделген қоғамдастық құруды жалғастыруға тиіспіз", – деді Қазақстан басшысы.

Президент 2030 жылға дейінгі мерзімге арналған орнықты дамудың күн тәртібін жүзеге асыру үшін күш-жігерді біріктіріп, ортақ жауапкершілікті арттыру қажет екенін айтты.

"Қазақстан БҰҰ-ның миссиясы мен жарғысын берік ұстанады. Еліміз тұрақты, әділетті және өркендеген әлем құру жолындағы ортақ міндетті жүзеге асыруға атсалысады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бейнеүндеуде Қазақстан Президенті БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің сенімді көшбасшылық қызметіне ризашылығын білдірді және

БҰҰ-ны әмбебап әрі баламасы жоқ халықаралық өкілетті ұйым деп санайтынын айтты. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу