Мақсат Халық: Мемлекет бағаны ұзақ уақыт реттеп тұра алмайды

6098

Елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай өнімдері мен азық-түлік тауарының бағасына 180 күн мемлекеттік реттеу енгізді және коммуналдық тарифті көтеруге жарты жыл мораторий жариялады.  

Мақсат Халық: Мемлекет бағаны ұзақ уақыт реттеп тұра алмайды

Мәселеге маманның көзімен үңілу үшін inbusiness.kz тілшісі GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықпен сұхбаттасты.

– Дәл қазір 6 ай болса да бағаны мемлекеттің реттеуі қажет болып тұр. Нарық заңына бағынатын болсақ, мемлекет бағаны реттемеуі керек. Бізде соңғы уақытта шенеуніктер қымбатшылыққа қатысты пікір білдіргенде: "Нарыққа араласпаймыз, барлығын сұраныс пен ұсыныс реттейді" деген уәж айтатын. Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Қазақстан нарық заңы толық орындалатын экономикалық мемлекеттке айналып үлгермеген ел. Дамыған мемлекеттердің нарығындағы баға сұраныс пен ұсыныстың нәтижесінде реттеледі. Бізде мұндай жағдай орын алмайды. Нарықтағы монополист және олигополист компаниялар мәселені баға келісімі арқылы шешеді. Олар өздеріне тиімді баға белгілейді. Осының кесірінен халықтың төлем қабілеті нашарлап, мүмкіндігі шектеледі. Бізде осы тенденция қатты сезіледі. Бұған дейін берген сұхбаттарымда үкімет бағаны, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын реттеуге тиіс екенін айттым. Бүгін ойымды қайталап, қабылданып жатқан шаралар орынды екенін мәлімдеймін. Дегенмен мәселенің екінші жағы бар. Мемлекет бағаны ұзақ уақыт реттеп тұра алмайды. Сондықтан 180 күн деген мерзім белгілеп отыр. Осы уақыт аралығында үкімет нарықтағы әрбір тауардың өзіндік құнын нақты есептеп, бекітуі керек. Мәселе шешілсе, халық қымбатшылықтан қысым көрмейтін болады.  

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын мемлекеттік реттеу тиімді тәсіл ме?

– Бұл – халық үшін пайдалы бастама. Бүгінгі таңда ел азаматтарының жалақысы мардымсыз, сатып алу қабілеті төмен. Мемлекеттің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын реттеп жатқаны дұрыс. Бұл бастама ел азаматтарының төлем қабілетінің сақталуына жағдай жасайды. Мәселені түбегейлі шешу үшін халықтың жалақысын өсіру қажет.

– "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң әзірлеу бастамасы уақытынан кешігіп көтерілген жоқ па?

– Бұл заңға қатысты мәселе әлдеқашан шешілуге тиіс еді. Президент кесімді пікір білдіріп, заң әзірлеу туралы нақты тапсырма бергенге дейін дәл осы құжаттың қабылдануы екіталай болды. Қолданыста "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң болғанда Алматыда кісі өліміне әкеліп соқтырған қанды оқиға тіркелмес еді. Бұл – қоғамға өте қажет заң. Азаматтардың басым бөлігі қарызын қасақана қайтармай отырған жоқ. Ел арасында алаяқтарға алданған, табысынан айырылған, борыш жүктемесі балаларына мұрагерлікке берілген адамдар көп. Осындай санаттағы азаматтарға мемлекет белгілі бір дәрежеде қарайласуы керек. Екінші деңгейлі банктер мұндай жағдайды назарға алмайды. Бірден коллекторларға жүгінеді. Іске сот орындаушылары араласады. Жан-жақтан қысым көрген азамат шарасыздықтан заңға қайшы әрекетке барады. Ол кімнен көмек сұрарын білмейді. "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң болса, борышкер соған жүгінер еді. Бұл заң қарыз иесіне өз құқығын қорғауға, ең болмағанда жалғыз баспанасын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мұндай заң дамыған мемлекеттерде бұрыннан бар. Ал Ресей 2 жылдан бері осы заңға сүйеніп, әрекет етіп жатыр. Бізде сот орындаушылары борышкердің барлық шотын бұғаттап тастайды. Яғни қарыз иесін және оның отбасын табыс табу табу, әлеуметтік төлем, тіпті зейнетақы алу құқығынан айырады. "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң болса, әлеуметтік мәселе қатты ушықпайды. Себебі заң борышкердің табысын өмір сүруі мен қарызын қайтаруға тең бөліп отыруға ықпал етеді.

– Коммуналдық тарифті өсіруге қатысты мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін жағдай қалай болады?

– Белгіленген 180 күн аяқталғанға дейін үкімет белгілі бір дәрежеде шығынға ұшырайды. Биыл газдың, коммуналдық тарифтің бағасы көтерілуге тиіс еді. Қызмет көрсетуші компаниялар үкіметке шығындарын есептеп, санап береді. Үкімет оларға барлық шығынды қайтарады. Бюджетке салмақ түседі.

Мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін нарықтық бағаға қарай өсім болады. Десек те баға осыған дейінгідей оңды-солды негізсіз өспейді.

– Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау тиімді тетік пе?

– Бұл – қажет шара, алайда оның көлемі ауқымды болмайды. Тіпті көп адам субсидиялауға іліне алмауы мүмкін. Осы орайда жоба жүзеге қалай асады, комиссия құрамындағы адамдар нені темірқазық тұтады, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмей ме деген сұрақ туындайды. Әлеуметтік жағдайы нашар топқа жататын азаматтардың барлығын нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялаумен қамту мүмкін емес екені белгілі. Сондықтан бұл жерде қандай да бір шектеу болады деп ойлаймын. Шектеулі бюджет болуы ықтимал. Жоба сол бюджетке сай атқарылуы мүмкін.

– Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін құрылатын "Қазақстан халқына" деп аталатын қоғамдық қордан не күтесіз?

– Дәл осындай қордың болғаны дұрыс. Пандемия кезінде үкімет табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге көлемінде көмек көрсетті. Бұдан бөлек көпбалалы және әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға жәрдем жасау мақсатында қор құрылып, қаржысы әлеуметтік жәрдемақы ретінде үлестірілді. Қоғамдық қор болса қаржысы ауысқан азаматтар садақа түрінде болса да, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын береді. Бұл жерде мән беретін, атап өтетін мәселе бар. Естеріңізде болса Арыстағы апаттан зардап шеккен азаматтарға жылу жинау мақсатында құрылған қордың қаржысы талан-таражға салынды. Қандай қор құрылса да, ол жерде ашықтық сақталуға тиіс. Дәл осы мәселе дұрыс реттелсе, қордың қоғамға пайдасы зор болады.

– Бизнеске келтірілген 93,7 млрд теңгеден астам шығын көлемі қалай өтеледі деп ойлайсыз?

– Бұл сан әлі өседі. Себебі шығын көлемі айтарлықтай көп. Алдағы уақытта бизнес субъектілері үкіметке тағы да мұң-мұқтажын жеткізеді. Мұндай жағдайда үкімет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетілгені дұрыс. Жасыратыны жоқ, бұл мемлекеттік бюджетке ауыртпалық салады.

Көмек тікелей көрсетілуге тиіс деп санаймын. Оператор ретінде екінші деңгейлі банктерді араластырмаған дұрыс. Бизнес субъектілеріне қолдау көрсетілмесе, олардың басым бөлігі банкрот болады. Елде жұмыссыздық жайлайды. Бюджет салықтан қағылады.

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу