БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитеті Израильдің 2023 жылдың 7 қазанынан бері жүргізіп келе жатқан әскери әрекеттері салдарынан Газада кемінде 21 мың бала мүгедек болып қалғанын хабарлады.
Мәліметке сәйкес, шамамен 40 мыңнан астам бала соғыс кезінде жарақат алған. Жалпы, 2023 жылдың 7 қазаны мен 2025 жылдың 21 тамызы аралығында Газада 157 мыңнан астам тұрғын жарақат алып, олардың төрттен бірінде өмір бойғы мүгедектікке шалдығу қаупі бар.
Айта кетейік, Таяу Шығыстағы қақтығыс 2023 жылдың қазанында басталды. ХАМАС қарулы жасағы Израиль аумағына кіріп, шекара маңындағы елді мекендерге шабуыл жасаған. Нәтижесінде, жүздеген адам қаза тауып, 250-ден астам адам кепілге алынған. Бұған жауап ретінде Израиль Газа секторында әскери операция бастаған еді.
Газаның Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қақтығыс басталғалы бері 63 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 161 мыңнан астамы жарақаттанған. Сондай-ақ, аштық салдарынан 367 адам, оның ішінде 131 сәби көз жұмған.
БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитеті – 18 тәуелсіз сарапшыдан тұратын орган. Ол Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның орындалуына бақылау жасайды. Қазіргі таңда Конвенцияны 192 мемлекет пен Еуропалық одақ ратификациялаған.