БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы "Эль-Ниньо" климаттық құбылысының 2027 жылдың соңына қарай әлемде кемінде 49 миллион адамның азық-түлік тапшылығының ауыр жағдайына тап болуына әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Ұйымның хабарлауынша, бұл құбылыс қазірдің өзінде аштықпен күресіп жатқан елдердегі ахуалды одан әрі қиындатады. Соның салдарынан 2027 жылдың соңына қарай азық-түлік қауіпсіздігіне мұқтаж адамдар саны 225 миллионнан 274 миллионға дейін артады.
ДАТБ атқарушы директорының міндетін атқарушы Карл Скаудың айтуынша, "Эль-Ниньо" онсыз да қиын жағдайда өмір сүріп жатқан миллиондаған адамның азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіріп отыр.
Ұйымның болжамынша, "Эль-Ниньоның" ең жоғары белсенділігі биылғы қыркүйек пен желтоқсан аралығында байқалады. Бірақ та салдары бірнеше жылға созылып, 2027 жылдың соңына дейін сезілуі мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, климаттық құбылыстың әсері Орталық Америка мен Оңтүстік Африка елдерінде ерекше байқалады.
Тынық мұхитындағы "Эль-Ниньо" климаттық құбылысы ауа температурасының көтерілуіне әкеледі. Бұл әсіресе жағалаудағы өңірлерде байқалады. Ал оған қарама-қарсы құбылыс болып саналатын "Ла-Нинья" әлемнің көптеген өңірінде ауа райының салқындауына себеп болады. Екі құбылыстың арасындағы кезең бейтарап фаза деп аталады. Бұл уақытта қалыпты климаттық жағдайлар байқалады.