Былтыр Павлодар жолдарынан 400-дей кемшілік анықталды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
15782

Жол салушылар техникалық талаптарды сақтамайды және құрылысқа сапасыз материалдарды пайдаланады.  

Былтыр Павлодар жолдарынан 400-дей кемшілік анықталды

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Павлодар облыстық филиалының мамандары былтыр өңірдегі жол құрылыстарынан 400-дей заң бұзушылықты анықтаған. Олардың дені республикалық маңызы бар жолдарда орын алған. Мамандардың айтуынша, жол салушылар көп жағдайда жолдарды жөндеу, салу және қайта жаңарту жұмыстарының технологиясын сақтамайды.

Жергілікті басылымдарға берген сұхбатының бірінде Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Павлодар облыстық филиалының басшысы Талғат Қайратхан өткен жылдың қазан айында 2017 жылы пайдалануға берілген Майқайың – Екібастұз жолынан екі өрескел заң бұзушылықты анықтағанын жеткізді. Құрылыс жұмыстарымен "Гидропром" және "СКА Статус люкс" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналысқан.

"Тексіріс қорытындысы бойынша Павлодар облыстық қала құрылысы және жерге орналастыру басқармасына авторлық және техникалық қадағалау қызметтеріне шара қолдану туралы хат жолданды. Осыған ұқсас заң бұзушылықтар Чернорецк – Ольгино – Успенка – Шарбақты автожолынан да анықталды. Жол учаскесінен алынған сынамалардың жетеуі талап етілген стандарттарға сәйкес келмеді. Тексеру нәтижелері бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сотқа талап арыз берді", – деді Талғат Қайратхан.

Жол құрылысындағы кемшіліктер техникалық стандарттардың сақталмауымен, материалдардың сапасыздығымен, оларды дұрыс таңдамаумен және жолдың үстінгі қабатын төсеу кезіндегі процестің бұзылуымен байланысты.

"Мердігер компаниялардың бірі абыройын жоғалтып алмас үшін адал жұмыс істейді. Енді бірі қаржы үнемдеуге тырысады. Мұндай заң бұзушылықтарды болдырмас үшін жобалық және техникалық қадағалау қызметтері ұйымдастыру мен құрылыс процесін үнемі қадағалап отыруы керек. Өкінішке қарай, бұл талаптар әрдайым сақтала бермейді. Біздің орталық инспекциялық бақылауды жоспарсыз, кездейсоқ жүргізеді.Ал жобалық және техникалық қадағалау қызметтері нысанды тездетіп тапсырып, қаржы игеруді ғана көздейді", – дейді филиал басшысы.

Оның сөзінше, техникалық қадағалау мамандары үнемі құрылыс алаңында болып, көшедегі температура мен төселген асфальтты өлшеуге дейінгі жұмыс технологиясын қадағалап отыруы керек. Бұл ретте, заң бұзушылықтар орын алған жағдайда жауапкершілік тек мердігер мен тапсырыс берушіге ғана емес, сонымен қатар техникалық қадағалау қызметкерлеріне де жүктелуі керек.

Деректерге сүйенсек, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы былтыр жол құрылысы жобаларына ведомстволық сараптама жүргізу арқылы бюджеттің 1,6 млрд теңгесін үнемдеген. Жалпы, орталық жол құрылысындағы кемшіліктерді ертерек жою арқылы жолдардың шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Осылайша күрделі шығындарды 10 пайызға төмендетеді деген болжам бар.

Жалпы, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы былтыр республика жолдарына 13 мыңға тарта тексеріс шарасын жүргізіп, 5 мыңнан астам түрлі олқылықты анықтаған.

Еске салайық, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Үкімет Қаулысына сәйкес, 2019 жылы облыстық 16 жол зертханасын біріктіру арқылы құрылған болатын. Орталықтың Павлодар облыстық филиалы да өткен жылдың мамырынан бастап іске қосылды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу