banner

Бюджет қаржысын игере алмай отырған министрліктер аталды

6833

Министрліктер 12 млрд, облыстар 9 млрд теңгені игермеген. 

Бюджет қаржысын игере алмай отырған министрліктер аталды

Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2021 жылдың 2 айында мемлекет қаржысын игере алмай отырған министрліктер мен облыстарды атады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ведомство басшысы осы жылдың қаңтар-ақпанында мемлекеттің бюджеттің шығыстары 97,3%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99%-ға, жергілікті бюджеттің шығыстары 94,5%-ға атқарылғанын айтты.

"Республикалық бюджет бойынша соммасы 2 трлн 510 млрд теңге шығыстар жүргізілді. 25 млрд теңге атқарылған жоқ. Оның ішінде 13 млрд теңге үнемделді, 12 млрд теңге игерілген жоқ", деді Ерұлан Жамаубаев.

Министр қомақты бюджет қаржысын игере алмай отырған министрліктерді атады.

"Бұл – Қорғаныс, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Әділет, Мәдениет және спорт министрліктері. Игерілмеудің негізгі себептері – конкурстық рәсімдерді уақытында өткізбеу, төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу, орындалған жұмыстар актілерін уақытылы ұсынбау, шарттар мен қосымша келісімдерді қазынашылдық органдарға тіркеуге кеш ұсыну", деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, жергілікті бюджет шығыстары 853 млрд теңге болған.

"49 млрд теңге атқарылған жоқ. Осы жылы өңірлерге 1,9 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт бөлу көзделіп отыр.1 наурыздағы мәліметке сәйкес, оларға 211 млрд теңге бөлінген. Оның 95,1%-ы игерілді, 10 млрд теңге атқарылған жоқ. Оның ішінде 1 млрд теңге үнемделсе, 9 млрд теңге игерілмеген", деді министр.

Сондай-ақ мемлекет қаржысын игермеген өңірлерге тоқталды.

"Қаражатты ең көп игермегендер  Нұр-Сұлтан қаласы, Түркістан, Батыс Қазақстан және Павлодар, Маңғыстау облыстарында тіркелді. Сондықтан барлық мемлекеттік орган бюджет қаражатын тиімді әрі дер кезінде игеру мәселесіне ерекше назар аудару керек", деп түйіндеді сөзін Ведомство басшысы.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу