Бюджет пен бизнеске қандай қадам кесірін тигізгені жария болды

149

Таяуда Энергетика министрлігі 2027 жылға қарай Қазақстан электр энергиясымен ішкі нарығын толық қамтып, сыртқы елдерден импорт жасамайтынын мәлімдеді. 

Бюджет пен бизнеске қандай қадам кесірін тигізгені жария болды Фото: canva

Үкімет тіпті 2029 жылға қарай электр энергиясын артығымен өндіретінін алға тартты. Бірақ бұл даму қарқынына қарап, салада мәселе жоқ деп топшылауға болмайды. Қазір елде электр энергиясының тарифі бақыланып, баға нарыққа сай құралмай отыр.

Қазір Қазақстанның энергожүйесінде 241 энергия көзі бар, оның 162-сі – жаңартылатын энергия көздері. Яғни, жел, күн, судан ресурс өндіреді. Алайда өндірістің негізгі бөлігі әлі де көмірге тәуелді.

Мысалы, еліміз 2025 жылдың қорытындысы бойынша 26,7 ГВт қуат өндірген. Оның 13,8 ГВт-ты көмірден алынған. Газдан – 6,8 ГВт; ірі гидроэлектростансалары – 2,5 ГВт; ЖЭК үлесі – 3,6 ГВт. Бұрынғыдай 70 пайыздық меже емес, дегенмен көмірдің үлесі 55 пайыз шегінде тұр. Көмір жағып қуат алатын дағды әлі де қалмауы мүмкін. Себебі Курчатов қаласындағы жаңа электр станция мен Екібастұзда құрылысы жүріп жатқан МАЭС-3 те көмірге негізделген.

Қысқаша айтқанда, 2025 жылы елімізде электр энергиясын өндіру 123,1 млрд кВт/сағ, ал тұтыну 124,6 млрд кВт/сағ болды. Яғни, ішкі қажеттілік толығымен қамтылуға жақын. Үкімет тағы 81 жобаны іске асырып, оған 13 трлн теңгеден астам инвестиция тартқан.

Енді осы тұста сала тек өндірістен ғана емес, тұтынудан да тұратынын ескерген абзал. Бұған дейін ел билігі тұтынушылардың жағдайына зер салып, бағаны қымбаттатпай, бақылау орнатып келді. Яғни, тариф нарыққа сай болып тұрған жоқ. Бірақ биыл жазға қарай құн еркіне жіберіліп, күтпеген өзгерістер болуы мүмкін. Себебі сәуір айында тарифтердің өсуіне қойылған мораторий аяқталады.

Бірақ сарапшылар бұл шектеуді әуелде алып тастауды ұсынған. Неге? Қараңыз, бағаны өсірмейміз деп үкімет нарықты қысып қойды. Бірақ электр энергиясын өндіру үздіксіз процесс екені ескерген абзал. Жабдықтар, қуат жеткізетін желілер, жөндеу жұмыстары, бұның бәріне қаржы керек. Оның үстіне энергия өндірушілер де биылдан бастап басқалар секілді 16 пайыздық қосылған құн салығын төлейді.

Осындай қысымға қарамастан Энергетика министрлігі саланы жаңғыртуды көздеп, көмір генерациясын дамыту бойынша екі ірі ұлттық жобаны жүзеге асырмақ. Бірақ құрылыс пен инфрақұрылымға қаражатты қайдан алады? Сайып келгенде бұл іс онсыз да бүйірі шығып жатқан бюджетке соққы болмақ.

Әрине, сәуірден кейін қуат бағасы лезде көтеріле кетпейді, кезең-кезеңімен, ақырындап өсіретіні анық. Электр энергиясын өндірушілер өздерін сақтап қалу үшін жыл сайын шамамен 8-12 пайызға бағаны өсіріп отыруы керек болады. Сонда ғана саланы сақтап қалуға мүмкіндік бар.

Экономист-сарапшы Сапарбай Жобаев та тарифтерді қолдан ұстап отыру үкімет пен қуат өндірушілерге мүлде тиімсіз екенін айтады.

– Қазақстанның энергетикалық саласында күрделі жағдай болып тұр. Еліміз 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізген кезде өзін "баламалы, жасыл энергетика бойынша жетекші мемлекет" ретінде танытқысы келді. Бірақ кейінгі 2-3 жылда біз электр энергиясынан тапшылық көріп, кейде Ресейден импорттауға мәжбүр болдық. Бұл қалыпты жағдайға айналмауға тиіс. Әрине, ел билігі энергетика саласына қатысты өте көп жұмыстар атқарып жатыр. Ал тапшылыққа тариф мәселесінің шешілмей жатқаны себеп, – деді маман.

Экономистің сөзінше, үкімет бағаны өсірмейміз деп электр энергиясын өндірушілердің, инвестиция құюшылардың табыс көруіне кедергі етті. Бағаны еркін нарыққа жіберуге оқталғанда былтыр қарашадан бастап халықтың тұрмысын ескеріп, қайтадан бағаны бақылауға ала бастады. Демек, үкімет әзірге тарифтерді шектеу саясатымен ғана отыр.

– Бірақ бұл қадам электр энергиясына сұранысты бәрібір азайтпайды. Қазір қысып ұстап, кейін бағаны еркіне жібергенде инфляция деңгейінде өсе береді. Кейбір олигархтардың мүддесі үшін де тарифті қолдан шектеу мәселесі бар. Себебі баға шектелген соң электр энергиясын өндірушілер үкіметтен субсидия алады. Яғни, бюджетке салық төлеудің орнына керісінше, қазынадан ақша алады. Олар табысын бюджеттен емес, тарифтен алуы керек, – деп ашық айтты сарапшы.

Сапарбай Жобаев осы тұста АЭС құрылысы, бірнеше қаладағы Жылу электр станциясын салу жұмыстары кешігіп жатқанын тілге тиек етті. Баламалы энергия өндіру қымбат, екінші жағынан көміртегіден арылу керек. Қазақстан бұған дейін экологиялық талаптарды сақтап, көміртегі шығындыларын азайту бойынша Париж конвенциясына қол қойғаны бар.

– Егер тарифтер еркін нарыққа жіберілсе, кәсіпкерлер электр энергиясын өндіруге ынталы болады. 2029 жылға дейінгі ұлттық бағдарламада жалпы ішкі өнімді 2 есеге арттырып, 450 млрд долларға жеткізуді көзделді. Осы мақсатта электр энергиясының маңызы зор. Қазіргі тариф саясатын ескеріп, сондықтан да мен саланың ахуалын күрделі деп бағалаймын, – деп түйіндеді экономист.

Тақырыпқа зер салсақ, үкіметтің әлеуметтік көңіл-күйге қараймын деп нарықтық заңдылықтарға қарсы шығып отырғаны байқалады. Бір мысалы ретінде, осы электр энергиясының бағасы мен жанармай құнына қойылып отырған шектеулерді келтірсек болады. Оның кесірі бюджет пен бизнеске тиіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу