Бюджетінің 95%-ы дотацияға тәуелді өңір белгілі болды

6199

Түркістан облысының ашыған қамырдай күмпиген бюджеті алдағы жылдары азайтылатын болды, деп жазады Inbusiness.kz

Бюджетінің 95%-ы дотацияға тәуелді өңір белгілі болды Фото: sputnik.kz

Елордадан қымбат өңір

Халық арасында ел қазынасының көп қаржысы бас қалаға шығындалып жатыр деген стереотип қалыптасқан. Шынында, елімізде шығындары тіпті Нұр-Сұлтаннан да көп өңір бар. Бұл әрине, Түркістан облысы.

Салыстыру үшін айтсақ, елорданың 2021 жылғы бюджетінің кірісі – 639 миллиард 185,7 млн теңгені, ал шығысы – 621 млрд 414,5 млн теңгені құрады. Яғни бас қала азғантай болса да, бюджеттің доноры. Келесі жылғы қазынасы да осы шамалас.

Ал Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің мәліметінше, облыстық бюджеттің көлемі 2022 жылы 710,1 миллиард теңгені құрамақ. Рас, ары қарай шамалы азайтылады. 2023 жылы – 669,4 млрд теңге, 2024 жылы – 677,3 млрд теңге болады деп күтілуде.

Таяуда осы облыстың көршісі Шымкент шаһарының бюджетін талдай отырып, "шымқала көрпесіне қарай көсілмейді" деп жаздық. Себебі, үшінші мегаполистің тапқаны жұмсайтынын өтемейді: 2022 жылғы кірісі небары 145,7 млрд млн теңге болады деп жоспарланған, ал шығысы 288,4 млрд теңгеден аспақ.

Дегенмен барлық облыстар арасында еліміздің жаңа құрылған 17-ші өңірінің бюджеті таңғалдырады.

"Түркістан облысының 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті" жобасынан белгілі болғандай, бұл облыстың келесі жылғы шығындары – 662 млрд 869,5 млн теңгені құрамақ. Соның 630 млрд 715,3 млн теңгесін немесе 95%-ын ол трансферттер түрінде алуға ниетті.

Сонда облыстың өз табысы қайда?

Құжатта көрсетілгендей, Түркістан облысы бюджетінің келесі жылғы салықтық түсiмдері – 30 млрд 801,6 млн теңге, салықтық емес түсiмдері – 1 млрд 897 млн теңге, ал негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдері – 5,3 млн теңге көлемінде ғана жоспарланған.

Яғни облыстың төл табысы небары 32 млрд 704 млн теңгені құрайды.

Осылайша, республикалық бюджеттен алатын трансферттерін қоса алғанда, облыстың кiрiстері – 663 млрд 419 млн теңге болады деп күтілуде.

Жобада өңірдің 46,7 миллиард теңге бюджеттік кредит берешегі бар екені көрсетілген.

Бай аудандар, кедей аудандар

Облыстық мәслихат алдағы жылы Түркістан облысының әкімшілік бірліктеріне қанша ақшадан бөлетінін де анықтады (оны төмендегі кестеден көре аласыз).

Бір қызығы, майшелпектің ең үлкен үлесі облыс орталығына емес, үш ауданға тиеді. Атап айтқанда, Жетісай ауданына 23 млрд 797,3 млн теңге берілмек. Аудан әкімдігінің сайтында Жетісай ауданының тұтас облысқа теңеле алатыны жазылыпты: онда 300 мыңнан астам тұрғын тұрады. Орталығы – Жетісай қаласы. Сондай-ақ әкімдік бұл өлкені "Мырзашөлдің жүрегі һәм мақтанышы" деп дәріптейді. Қадым замандарда Тұрпан ойпаты немесе Мауреннахр деп аталған қазіргі Мырзашөл болашақта жаңа облыс орталығына айналса, Асықата не Жетісай оның орталығына айналуға кандидат болуы мүмкін.

Облыстық бюджеттен ең көп субвенция алатын тағы бір өлке – Сайрам ауданы, ол облыстық бюджеттен 23 млрд 517 млрд теңге қанжығаламақ. Құрамына 11 ауылдық округ кіретін аудан аумағында 230 мыңдай адам тұрып жатыр.

Үштікті Мырзашөлдің тағы бір бөлігі саналатын Сарыағаш ауданы тұйықтайды, оған 23 млрд 501,8 млн теңге берілмек. Бұл шипажайлы-курортты ауданда 1 қала, 1 кент, 12 ауылдық округ бар. Сарыағаш ауданында қазір шамамен 200 мың тұрғын өмір сүреді.

Облыс астанасы Түркістан қаласы тек төртінші орында: ол 22 млрд 269 млн теңге еншілейді.

Облыста денсаулық – басты байлық емес пе?

Облыс бюджетіне сәйкес, Түркістан облысының аппаратын ұстап тұру үшін 2022 жылы – 3 млрд 120,6 млн теңге шығындау жоспарланған. Ары қарай күрт азайтылмақ: облыс әкімінің аппаратына 2023 жылы – 1 млрд 864 млн теңге, 2024 жылы – 1 млрд 918,7 млн теңге бөлінеді.

Түркістан өңірі бюджеттен бірқатар салаға ғана мол қаражат жұмсайды екен. Облыстың көлік жүйесі шығынды екені және ары қарай облыстық дотацияға қол жая беретіні байқалады: келесі жылы облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына 41,3 млрд теңге шығындалады.

Ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесін қорғау, жер қатынастары саласына – 23 млрд теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына – 14,3 млрд теңге, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістiк саласына – 12 млрд теңге, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметіне – 9,7 млрд теңге жұмсалады.                          

Әйткенмен ең үлкен шығыс жалғыз бір секторға тиесілі: облыстың білім беру саласына 2022 жылы 225,5 миллиард теңге бағытталады! 2023 жылы бұл сома 255,3 миллиард теңгеге дейін өспек.

Салыстыру үшін айтсақ, 2,1 миллион адам тұратын облыста денсаулық сақтау саласына бар-жоғы 3,4 млрд теңге ғана қарастырылып отыр. Бұл облыс әкімінің аппаратын ұстап тұруға кететін шығынға бара-бар.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу