Бюджетке түсетін жүктемені азайтуға болады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4529

Елімізде 2,9 трлн теңгенің 1285 жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Бюджетке түсетін жүктемені азайтуға болады

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы инвестиция тарту ұлғайып келеді. Бұл жағдай жалпы ішкі өнімді 0,2 пайызға арттырған.

1 мамырдағы жағдай бойынша 2,9 трлн теңгенің 1285 жобасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде 1,5 трлн теңгеге 548 шарт жасалған. 1,4 трлн тенгенің 737 жобасы дайындық сатысында.

Жобалардың дені білім беру, денсаулық сақтау, энергетика, тұрғын-үй тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, мәдениет және спорт салаларына тиесілі.

"Республикалық деңгейде 25 жоба бар. Оның 9-ы бойынша шарт жасалған. 2 жоба бойынша конкурс өткізілуде. 14 жоба жоспарлануда", – деді Руслан Дәленов үкімет отырысында

Жасалған шарттар саны бойынша Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары, сондай-ақ Алматы қаласы алғашқы орында тұр. Ал Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары мен Шымкент қаласының  көрсеткіштері төмен.

Министрлік жобалардың 3 санаты бойынша талдау жүргізген екен. Бірінші санат – жекеменшік әріптестің инвестициялары мен операциялық шығындарын бюджеттен толық өтеу. Екінші санат – инвестицияларды бюджет есебінен және нарықтан көрсетілетін қызмет есебінен ішінара өтеу. Үшінші санат – бюджеттен қайтарусыз өтеу. Бұл көрсетілетін қызметтер есебінен жүргізіледі.  

"Бюджеттен ең төменгі өтеуді талап ететін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын дамыту қажет. Бұл бюджетке түсетін жүктемені азайтады және инвестицияны көптеп тартуға мүмкіндік береді", – дейді ведомства басшысы.

Оның айтуынша, бүгінде жобалар пулы біркелкі бөлінген. Сонымен қатар, толық және ішінара өтелетін жобалар да бар.

Министр мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жандандыру үшін қолға алынған шараларға да тоқталды.

"Рәсімдерді оңайлату мақсатында заңнамалық түрде бекітілген жаңа құрал бар. Ол "Бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік" деп аталады. Енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік рәсімдерін салалық мемлекеттік бағдарламаларда қарастыруға болады. Бұл құрал білім және ғылым министрлігінде қолданылуда. Атап айтқанда, білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларын салу жобалары іске асырылуда. Бұл тәжірибені денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, туризм және басқа да салаларда қолдануға болады", – дейді Руслан Дәленов.

Қолға алынған шараның бірі – дайын жобалар фабрикасы.

"Инвесторларды тарту үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан ақпараттың ашықтығы қажет. Осыған байланысты жобаларды инвесторлар үшін қолжетімді болуы үшін бірыңғай форматта орналастыру ұсынылады. Бұл әлеуетті инвесторлардың хабарландыруға мүмкіндік береді", – дейді министр.

Үшінші шара – халықаралық сарапшылардың соңғы ұсынымдарын имплементациялау. Осы орайда, халықаралық сарапшылар қоғамдастығымен бірлесіп, валюталық тәуекелдерді төмендету, ірі жобалар үшін халықаралық төрелік ұсыну, консорциумдар үшін мүмкіндіктерді кеңейту, жекеменшік әріптестің шығындарын өтеу рәсімдерін жеңілдету жөніндегі заңнамалық түзетулер пысықталуда.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу