"Бюджеттің 5 млрд теңгесі құмға сіңіп жатыр": Депутат министрдің есебіне шүйлікті

706

Батыс Қазақстандағы Қазталов ауданы суды Ресейден алып отыр. 

"Бюджеттің 5 млрд теңгесі құмға сіңіп жатыр": Депутат министрдің есебіне шүйлікті Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров елдегі су жетіспеушілігіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат Су ресурстары министріне сұрақ қойды.

"Сіздің есебіңізде Қазақстандағы су мәселесінің жағдайы өте жақсы. Бірақ өмірде олай емес қой. Қазақстанның қай аймағы болса да, су жетіспеушілігі бар. Мен сізге бір-ақ мысал келтірейін. Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов ауданы суды Ресейден алып отыр. "Қазсушар" жылына 5 млрд теңге беріп, Ресейден су алады. Бірақ сол су келеді де, Жалпақталдан өтіп, әрі қарай құмға сіңіп кетеді. Сонда біз жылына бюджеттің 5 млрд теңгесін құмға сіңгізіп отырмыз. Жалпақталда су қоймасын салу жобасы осыдан он жыл бұрын басталған, әлі аяқталған жоқ. Міне, осы мәселені сіздер қашан шешесіздер? Біз қашанғы бюджеттің ақшасын құмға сіңгізіп отырамыз?", - деп сұрады Ерлан Саиров Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Батыс Қазақстанда екі су қоймасы салынады. 

"Дұрыс айтасыз, Ресей мемлекетінен біз жыл сайын сол жаққа суды беру үшін келісімшартқа отырамыз, қаражат бөлеміз. Себебі оны шешудің басқа жолы жоқ. Ертең екі су қоймасын саламыз, олардың сыйымдылығы – 50-60 млн текше метр. Ал біз жылына сол жерге Ресейден 350 млн текше метр аламыз. Сондықтан бұл әрі қарай тетігі жалғасын табады деп айтуға болады. Су жерге кеткенімен, ол сол өзіміздің Батыс Қазақстан жеріне кетіп жатыр. Ол бәрібір өзінің жалпы экологиялық әсерін береді. Сондықтан бекер қаражат бөліп жатырмыз деп айта алмаймыз", - деп жауап берді ведомство басшысы.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстанда 7 мың шақырым ирригациялық канал жаңғыртылатынын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу