Бюджеттің игерілуін халық бақылай алатын болады

10067

Бизнестің банкротына рұқсат беру мәселесі қаралып жатыр.

Бюджеттің игерілуін халық бақылай алатын болады

2019 жылдың қаңтар-мамыр аралығында мемлекеттік бюджеттің кірісі 105,4%, республикалық бюджет 102,7%, жергілікті бюджет 113,4% орындалды. Өткен жылдың алғашқы бес айымен салыстырғанда мемлекеттік бюджет 510 млрд теңгеге, республикалық бюджет 450 млрд теңге, жергілікті бюджет 60 млрд теңгеге өсті.

"2018 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордағы қаражат 26,1 трлн теңгеге жетті. Соның ішінде, былтыр 5,8 трлн теңге түсті. Мұның 3,2 трлн теңгесі мұнай секторындағы компаниялардың төлеген тікелей салығы болса, қалған 2,5 трлн теңге инвестициялық табыстан түсті. Тағы 21,6 млрд теңге өзге де кіріс көздерінен келді",–  деді қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Министрдің айтуынша, 2018 жылы республикалық және жергілікті бюджеттердің тиісінше 99,8% және 99,7% орындалғанын, бюджеттің шамамен 50%-ы әлеуметтік салаға тиесілі болғанын айтты.

Былтыр салық төлеп тұрған заңды тұлғалар саны 367,2 мыңнан 409,1 мыңға ұлғайды. Ал жеке кәсіпкерлер саны 1140,4 мыңнан 1183,4 мыңға жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің төлеген салығы алдыңғы жылдағыдан 25% ұлғайып 3 трлн 384 млрд теңгеге жетті. Шикізаттық емес сектордан түскен салықтық түсімдер 16%-ға көбейіп 5 трлн 820 млрд теңгеге жетті. Қазіргі таңда, министрдің айтуынша, жұмыскерлеріне жалақы төлеп, олардың жеке табыс салығын төлеп отырған заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер саны 12 мыңға артты.         

"Салық түсімдерінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі  18,6% болды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға артық. 2025 жылға дейінгі мақсатымыз салықтың жалпы ішкі өнімге үлесін 25 пайызға дейін жеткізу. Біз бұл көрсеткішке көлеңкелі экономиканы қысқарту арқылы қол жеткіземіз", –деді министр.

Цифрландырудың пайдасы қазірден байқалып жатыр. Сандық технологиялардың арқасында салықты тексеру 9%-ға  азайып, бюджеттің кіріс бөлігіндегі үлесі шамамен 20% ұлғайды.

"Салық жүйесін жетілдірудің басты бағыттарының бірі – тауарларды бақылаудың ұлттық жүйесін құру. Ондағы мақсат – контрафактіні азайту мен көлеңкелі бизнестің алдын алу. Осы мақсатта "электронды есеп фактура" енгізілді. Қазіргі таңда оған 330 мың қолданушы тіркелді. 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап "виртуалды қойма" модулі енгізілді. "Виртуалды қойма" автоматты түрде тауардың қозғалыс барысын бақылауға мүмкіндік береді", – деді министр.

Сонымен қатар, 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнеске салықтық амнистия жасалып жатыр. Шамамен 90 мың салық төлеуші амнистияға ілікті. Соның 42 пайызы бұл мүмкіндікті қолданып үлгерді.

Негізгі заңнамалық мәселелердің бірі реабилитация және банкроттық туралы заңдарға өзгерістер енгізу. "Осыған қатысты тиісті заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне енгізілді. Сондай-ақ жеке тұлғаларға салық амнистиясын жүргізуге қатысты заң жобасы Парламент Сенатында қаралуда", – деді қаржы министрі.

2018 жылы кедендік баждар мен салықтардың түсімі 2017 жылмен салыстырғанда 17%-ға өсіп, 2 трлн теңгеден асты. Ал ағымдағы жылдың 5 айында ол өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артқан. Үшінші елдерден келген импорттан түскен қосымша құн салығы алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр 12,4%-ға ұлғайып 579 млрд теңгеге жетті. Оған себеп үшінші елдерден келетін ипорт көлемінің 2,3 млрд долларға ұлғайып, 19,3 млрд долларға жетуі. Осы импорттың шамамен 30%-ы Қытайдан келетін тауарлар.

Бүгінгі таңда министрлік тарапынан мемлекеттік қызметтің 51 түрі көрсетіледі. Оның 38-і немесе 75%-ы электрондық үкімет және министрліктің ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылады. Былтыр министрлік көрсеткен 22,2 млн қызметтің 94%-ы электрондық түрде болған. Олар халықтың қажеттілігін қанағаттандыруға және министрлікке деген сенімін арттыруға бағыттылған.

Үкімет жұмысының ашықтығының бір белгісі Ашық бюджет тұжырымдамасының іске асырылуы. Осы мақсатта жылына 1-2 рет үш бағыт бойынша арнайы халықаралық бағалау жүргізіледі. Атап айтар болсақ олар – бюджет ашықтығы, халықтың қатысуы және бюджеттік бақылау. Алдыңғы жылы Қазақстан 100 баллдан 53 балл алды. Әлем бойынша орташа көрсеткіш 42 балл.

"Ашық бюджетті қалыптастырудың мақсаты азаматтардың бюджет процестерімен танысуына және бюджет қаражатын жұмсау барысын талқылауға қатысуын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда бұл мәселені халық талқылап жатыр. Менің блогыма бюджет ақшасын жұмсау туралы көптеген ұсыныстар түсіп жатыр",–  деді министр.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу