Бюджеттің миллиардтарын талан-тараж еткен кәсіпкерлер енді түрмеге қамалмайды

20733

"Мал шаруашылығын дамыт!" деп берген қаражатқа сұлулық салонын ашқан шенділер мен жақын-жуықтарына мемлекет мейірімділік танытпақ.

Бюджеттің миллиардтарын талан-тараж еткен кәсіпкерлер енді түрмеге қамалмайды Фото: gov.kz

Сенат "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерін қылмыстық сипаттан арылту және ҚР заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деген ұзақ атауы бар заң жобасын құптауға әзірленіп жатыр.

Бұл құжат Мәжілісте қызылкеңірдек айтыс-тартыс тудырды, депутаттық корпусты екіге жарды. Алайда қарсыласушы депутаттар тағы да табандылық танытпай, регламентке бағынып, ақыры мақұл деді. Дегенмен, депутаттардың көңілінде бәрібір күдік пен қауіп қалды.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталовтың айтуынша, бұл заң жобасына сәйкес, кәсіпкерлер бюджеттен миллиардтаған кредитті алаяқтықпен, мысалы, жалған құжаттар, көзбояушы мәліметтер ұсынып алса, сондай-ақ сол астатөк қаражатты нысаналы жеріне жұмсамай, басқа мақсатқа шығындаса, ол үшін бұдан былай қылмыстық жаза тартпайтын болады.

"Сол үшін қарастырылған жаза түрлері Қылмыстық кодекстен алып тасталады. Бізге таратылған заң жобасына негіздемеде бұл құрамдардың қоғамға үлкен қауіп төндірмейтіні және сотқа дейінгі тергеу практикасында кең таралмағаны көрсетілген. Бірақ Қылмыстық кодекстің бұл баптары жұмыс істемеді деген байлам қате, олар алдын алушы тетік рөлін атқарып келіп еді: ол үшін қылмыстық қудалау барын білгендер аяғын тарта басатын. Қылмысқа бармас бұрын адам он рет ойланатын. Енді бұл тетік жойылады", – деді мәжілісмен.

Ол неге аққұла Қазақстан мұндай қадамға барып отырғанын түсінбейтінін білдірді. Өйткені экономикалық қылмыстар үшін қатаң жазалайтын дамыған елдерді айтпағанның өзінде, ТМД елдері, Әзербайжан, Беларусь, Ресей, басқасы бюджеттік кредитті заңсыз алу, мақсатты жеріне пайдаланбау үшін қылмыстық жауапкершілікті сақтады.

Сондықтан Никита Шаталов бұл бапты қылмыссыздандыру сайып келгенде, бюджеттік кредиттерді беру саласындағы қылмыстардың және алаяқтық қарекеттер санының күрт өсуіне соқтыратынын болжады. Өйткені бизнесті дамыту үшін бюджеттік кредит немесе субсидия түрінде бөлінетін миллиардтаған, болашақта триллиондаған ел қаржысының қалай жұмсалып жатқанын қадағалау қиындап, күрделеніп барады. Жауапты органдардың құзыры кем, әрі штаты шектеулі болғандықтан қаржы тасқынын толыққанды бақылауға шамасы жетпейді.

Мысалы, 2021 жылғы қарашада Антикор елордада, Шымкентте, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе және басқа бірнеше облыс пен қалаларда жаппай тұтқындау жүргізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі олардың ауыл шаруашылығы үшін бөлінген қыруар қаражатты ұрлағанын растады. Ел қаржысын миллиардтап жалмаудың алаяқтық схемаларын жолға қойып, жүзеге асырған бірнеше жауапты тұлға, ауыл кәсіпкерлері істі болып, темір торға қамалды.

Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2 триллион теңге бөлінген. Соның ішінде 465 миллиард теңге – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Соның нәтижесінде, қойылған міндет бойынша Қазақстан әлемдегі ірі ет экспорттаушысына айналуға, салада мыңдаған жаңа жұмыс орындары, бордақылау алаңдары құрылуға тиіс еді. Оның орнына керісінше, Қазақстанның шетелден таситын ет импорты 62%-ға өскен.

Сол кезде Антикор төрағасының бірінші орынбасары (бүгінде Үкімет басшысы) болған Олжас Бектенов төбе шашты тік тұрғызатын деректерді келтірді. Мысалы, Түркістан облысында асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға бөлінген 825 миллион теңге субсидия қаражат ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ 203 фирмаға берілген. Олар бұл ел қаржысына сұлулық салондарын, дәрі-дәрмек тарататын компанияларды, автомобиль жөндейтін "СТО"-ларды ашқан, пәтер мен жылжымайтын мүлік сатып алып, жалға берумен айналысқан.

Субсидия алу үшін фермерлер асыл тұқымды сиырлардың шағын бір табынын бір шаруа қожалығынан екіншісіне тасып, комиссияларға көз қылып көрсеткен, тек құлақтарындағы сырғаларын ауыстырып отырған. "Майласа" керек, сиырлардың ұқсас екеніне комиссия мүшелері, әкімдік өкілдері көз жұма қарап, қомақты субсидия беруді мақұлдап отырған.

"Жауапсыздық бюджет қаражаттарын талан-тараж етуге әкеліп, сала жемқорлардың жемсауына айналып кеткен. Өкінішке қарай, ашығын айту керек, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған субсидиялар жаппай ұрланған, мақсатты түрде қолма-қол қаражат ретінде шешіп алынған. Мал шарушылығын дамытуға тиіс субсидиялар сұлулық салондары мен фармкомпанияларға аударылған", – деген еді сонда Олжас Бектенов.

Енді оның Премьерлігі тұсында бюджеттік қолдау қаражатты алаяқтық жолмен алу және нысаналы жеріне жұмсамау үшін қылмыстық қудалауды жоятын заң қабылданып отыр.

Бұл аз болса, заң жобасы авторларының бірі, депутат Абзал Құспанның айтуынша, бұған дейін аталған "қылмыссыздандырылған" қылмыстық баптармен сотталғандар енді жаппай түрмеден босап шығады.

"Егер осы баппен қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан кәсіпкерлер болса, оларға қатысты қылмыстық істер дереу тоқтатылатын болады. Егер бұрын сотталған кәсіпкерлер болса, олардың соттылығы жойылады, қылмысы үшін қандай да болмасын құқықтық салдары болмайды", – деді Абзал Құспан.

Оның түсіндіруінше, Сенат қарауына жіберілген заң жобасымен Қылмыстық кодекстің бірден 4 бабы қылмыстық сипаттан арылады, сондай-ақ Қылмыстық-процестік кодекстің 1 бабына өзгеріс енгізіледі. Атап айтқанда, толықтай қылмыссыздандыруға екі бап ұшырайды, олар:

·      Қылмыстық кодекстің 219-бабы, яғни "Кредитті заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану";

·      Қылмыстық кодекстің 241-бабы, яғни "ҚР бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасын бұзу" (Әкімшілік кодекстің 239-бабының алтыншы бөлігіне көшіру арқылы).

2 бап ішінара декриминализацияланады:

·      Қылмыстық кодекстің 234-бабы, "Экономикалық контрабанда": ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 551-бабына көшіріледі, яғни контрабандистер енді айыппұлмен құтыла алады.

·      Қылмыстық кодекстің 236-бабы, яғни "Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару".

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов жаңа заң жобасы салмақты өзгеріс әкеле жатқанын жасырмады. Бірақ мұның кәсіпкерлер үшін оң әсері болады деп санайды.

"Бұл өте маңызды, көкейтесті мәселе. Кредитті заңсыз алуға немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалануға қатысты 219-бап бойынша тәжірибеде, қылмыстық істерді тергеу кезінде неге жолығатынымызды айтып берейін. Басым көпшілігінде бұл қылмысқа шаруа қожалықтары, немесе дара кәсіпкерлер барады. Олар бюджеттен кредит алғанда жалған құжаттарды пайдаланады, немесе өзінің қаржылық-шаруашылық қызметі туралы деректерді бұрмалайды, қосып жазады. Біздің ойымызша, сапалы әкімшілендіру, цифрлық дерекқорларды интеграциялау арқылы бұл құқық бұзушылыққа біршама тосқауыл қоюға болады", – деді Жеңіс Елемесов.

Мысалы, оның айтуынша, "Азаматтарға арналған үкімет" сайтынан, eGov-тан шаруа қожалығының тіркелген-тіркелмегені, оның жері, жылжымайтын-жылжитын мүлкінің бар-жоқтығы туралы деректер алуға болады. Осыдан-ақ бюджеттік кредит пен субсидияны алушының жалған фирма еместігін білуге болады. "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру" дерекқорында шаруа қожалығында не дара кәсіпкердің қолында төрт түліктің бары туралы мәліметтер тіркелген.

"Бұған қоса, біз құқық бұзушылықтың бұл түрін мүлдем жауапкершіліксіз қалдырмаймыз. Әкімшілік кодекстің 233-бабында әкімшілік жаза қарастырылған. Сондай-ақ азаматтық-құқықтық жауапкершілік те бар. Мәселен, Аграрлық несие корпорациясының келісімшарттарында 25%-ға дейін айыппұл санкциясы белгіленген. Кредит алу кезінде кәсіпкер кепілзат ұсынады. Келтірілген залалдың бір бөлігін сол арқылы өндіртуге болады. Біздің басты мақсатымыз – бизнесті қорғау. Олар жұмыс орындарын құрып, салық төлейді", – деді Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Ж.Елемесов.

"Зенченко" коммандиттік серіктестіктің директоры Геннадий Зенченко  бюджеттік кредитті алуға құмартқандар шектен тыс көбейіп кеткенін айтады.

"Банкроттар да арзан кредиттер бер деп ұрандайды. Бюджеттік кредиттерді өзгеден көп сұрайтындар кімдер? Шынын айтқанда, ол адамдар бүгінде борыш батпағына батып отыр. Өз қарызын өтей алмағандықтан, мемлекеттен арзан кредит талап етеді. Олардың көбі – нағыз банкроттар. Мен бір компанияны білемін, ол өзінің қарызына қатысты проблемасын мемлекет деңгейіне дейін шығарды. Аудан, облыс емес, тұтас елдің. Мұндайлар біреу ғана емес қой. Олардың бәрі мемлекеттен субсидия мен арзан кредитті табанды түрде талап етеді", – деді белгілі кәсіпкер.

Оның айтуынша, мұндай адамдардың ұрандауына мінбер ұсынбау керек. Мінберден тек өз ісінде жетістікке жеткен, өзгелерге үлгі-ұлағат бола алатын, мақтана көрсете алатыны бар кәсіпкерлер ғана сөйлеуі керек. Оның орнына ел қаржысын миллиардтап алып, артынан оны қайтармау үшін банкрот бола салатындардың көбеюі "қорқыныш тудырады".

Депутат Бақытжан Базарбек аталған даулы заң жобасын қызу қолдап, дауыс бергенімен, кілтипаны көп екеніне назар аудартты.

"Біз осы заңмен бюджеттік несиені талан-тараж етуді, мақсатты жерінен басқаға шығындауды қылмыссыздандырып отырмыз. Таяуда Жоғарғы аудиторлық палатаның есебін тыңдадық. Ол есепке сәйкес, тек 2023 жылы бизнестің ірі 97 субъектісі бюджеттен мол заем алған да, ізінше банкрот болып, жабылып қалған. Салдарынан, ел бюджетіне миллиардтаған теңге шығын келді. Енді ол қарыздарды кімнің қалай қайтаратыны белгісіз. Жоғарғы аудиторлық палата болса, дабыл қағуда. Біз болсақ, бұл баптар үшін қылмыстық қудалауды жойып отырмыз", – деді мәжілісмен Бақытжан Базарбек.

Айтқандай, жаңа Парламент осы депутаттық заң жобасы арқылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет экономикалық контрабандистерді де қылмыстық қудалаудан босатып отыр.

Мәжіліс депутаты Руслан Берденовтің түсіндіруінше, "Қылмыстық кодекстің 234-бабының бірінші бөлігі декриминализацияланғаннан кейін құны 74 миллион теңгеге дейінгі тауарларды заңсыз әкелген контрабандистер небары 185 мың теңге айыппұл төлеп, құтылады және кейіннен ешқандай жауапкершілікке тартылмай өз тауарын алып кете алады". Жазадан осылай жеңіл құтылу үшін бұдан былай контрабандистер кеденнен заңсыз жүктерін бөлшектеп өткізетін болады.

Заң авторларының бірі депутат Абзал Құспан бұл заң жобасы Мемлекет басшысының  тапсырмасымен, бір  топ  Мәжіліс  және  Сенат депутаттарының бастамасымен дайындалғанын нақтылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу