Өзбекстан алғаш рет ҚҚС-қа (қосылған құн салығына) ауысқан компанияларға бір жылдық салықтық каникул жариялады. Ал, жеке кәсіпкерлердің бәрі небәрі 1%-дық бірыңғай салық төлейді.
Сонымен бірге, бюрократиялық сергелдең мен формализмге қарсы "соғыс" жарияланды. Осының бәрі елде бизнесті дамытуға серпін беруге және бейресми жұмыс істейтін адамдарды өз кәсібін заңдастырып, тіркетуге ынталандыруға бағытталған.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев алыс шетелден келген қонақтарымен бірге, бюрократияны жою мәселелеріне арналған халықаралық форумға қатысты. Ресми сөз сөйлегеннен кейін Мемлекет басшысы символдық батырманы басып, "Бюрократияны жою бағдарламасын" іске қосты.
Президент жариялағандай, енді барлық министрліктер, әкімдіктер (хокимят) мен ведомстволардың қызметі жыл сайын арнаулы цифрлық платформа көмегімен бағаланатын болады. Бұл тұғырнамада, бір жағынан, жергілікті тұрғындар әрбір басшыға бағасын береді, сын-ескертпелерін қалдырады.
Екінші жағынан, мемлекеттің өзі шенеуніктерді нақты критерийлер бойынша бағалап, рейтингін түзеді. Нақты бір бағытта жоғары нәтиже көрсетіп, өзгеге үлгі болып, жетістікке жеткен мемлекеттік қызметшілер мен мекемелер ақшалай сыйлық алады.
Халық та құр қол қалмайды. Осы мақсатта арнайы "Жүлде қоры" құрылып, оған 3 миллион доллар салынды. Соның есебінен қор шенділердің пара дәметіп, не біліксіздік көрсетіп, сергелдеңге салуының нақты деректерін хабарлаған, бюрократияны қысқартудың тиімді шешімдерін ұсынған қарапайым азаматтарға, бизнес өкілдеріне және мемлекеттік қызметшілерге жеке-жеке ақшалай сыйақы төлейтін болды. Сондай-ақ, қосымша номинациялар енгізіледі.
Президенттің өзі қолданысқа енгізген және жеке бақылауына алған аталған бағдарламаның орындалуына тұрақты мониторинг жүргізу, сондай-ақ бюрократияны азайту бойынша меморгандардың қызметін үйлестіру үшін жеке ұйым – Бағдарлама кеңсесі құрылды.
Міне, осы офис тікелей бұқарамен және бизнеспен ықпалдастықты жолға қояды. Өйткені шенеуніктердің басты төрешісі де солар. Халық пен кәсіпкерлік өкілдері бағдарлама аясында жаңа бастамалар көтеріп, құжаттың орындалу барысына түзетулер жасап, төл ұсыныстарын тікелей енгізе алады.
Мемлекет басшысы елдің жаңа стратегиялық міндетін жариялады.
"Бюрократияны жою – адамдарға қызмет етуге бағдарланған мемлекеттің басты бір міндеті! Біздің жүйемізде азаматтар мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмауы керек, мемлекеттің өзі әр азаматына жүгініп, хал-жағдайын сұрап, проблемасын жеке шешіп беруі керек! Біз адамды төл темірқазығы еткен заманауи мемлекетті – Жаңа Өзбекстанды құрып жатырмыз. Біздің ақырғы мақсатымыз – 2030 жылға қарай Өзбекстанды бюрократиясы мүлдем жоқ мемлекетке айналдыру", – деп нықтады Мирзиёев.
Оның мәліметінше, бұл ретте проактивті, яғни, өтініштің түсуін күтіп отырмай, алдын ала көрсетілетін қызметтер саны 400-ге жеткізіледі. Тек келесі жылы тағы 180 жаңа қызмет қосылатыны хабарланды.
Бұл елден өзгелердің үйренері жетерлік. Бизнеске ҚҚС-ті қайтару және басқа қызметтер электронды форматқа ауыстырылды. Мемлекеттік қызметтердің 95%-ға дейінгісі электронды түрде көрсетіледі.
Бюрократиядан арылуға, басыартық рәсім-процедураларды жоюға және халық пен бизнес алдынан тосқауыл қоятын әкімшілік кедергілерді алып тастауға баса көңіл бөлінуде. Лицензиялау мен рұқсат беру саласында 300-ден аса рәсім жойылды.
Инженерлік желілерге қосылу, құрылыс жүргізу рәсімдері жеңілдетілді. Мәселен, өзге елдерде кәсіпкерлер электр энергиясына, су мен кәріз жүйесіне, жылу желісіне және өзгесіне қосылу үшін әр мекемені адақтап, зықысы шығатыны мәлім. Ал, Өзбекстанда интернет пен байланысты қоспағанда, коммуникациялық желілердің негізгі 4 түріне қосылу үшін тұрғындар мен бизнес субъектілеріне жергілікті әкімдікке 1 ғана өтініш жазса болды, соның негізінде жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, қасақана көп күттіріп, созбалаңға салып, пара беруге арандатпау үшін қызмет көрсету мерзімі ресми түрде күрт азайтылды. Қызметтердің 100-ден аса түрі үшін бұл мерзімдер бірден 50%-ға қысқартып тасталды.
Тек бюрократиямен күреспен кәсіпкерлікті дамытуға қуатты серпін беру қиындау. Сондықтан оңтүстік көрші өзгелер қызығатын, тек түсінде көретін ғаламат, оңды өзгеріске барды: жаңа жылдан бастап, шағын және орта бизнес үшін салықтар жаппай төмендетіледі.
Осы мақсатта ӨР Экономика министрлігі 2026 жылғы Салықтық саясат жобасын жариялады. Соның ішінде әсіресе, жеке кәсіпкерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар игілікті молынан көргелі түр. Бұл туралы Upl.uz жазды.
"Жаңа салықтық реформа елдегі бизнес-климатты түбегейлі жақсартуға, нарықта тең жағдайлар жасап, бәсекелестікті арттыруға, кәсіпкерлік секторға салмақты жеңілдіктер ұсынуға бағытталған. Басты бір жаңашылдық кәсіпкерлердің ең үлкен тобына салықтық жүктемені күрт кеміту болды: біріншіден, 1%-дық бірыңғай салық енгізіліп жатыр. Жылдық айналымы 1 миллиард сумнан (шамамен 50 млн теңгеден) аспайтын жеке кәсіпкерлер (ИП) және өзін-өзі жұмыспен қамтушылар табысының небары 1%-ы көлемінде ортақ ставкамен салық төлейді", – деп хабарлады портал.
Өзбекстандықтар бизнестің ыңғайын білетін пысық, епті, еңбекқор халық екені белгілі. Дегенмен, ауыл-аймақтағы кәсіпкерлердің үлкен бір бөлігі бейресми жұмыс істейді, табысынан салық төлемейді. Жаңа тетік соларды бизнесін заңдастыруға ынталандырады.
Екіншіден, елде "бекітілген төлемдер" алып тасталады. Осыған байланысты жеке кәсіпкерлерге арналған бекітілген (фиксированный) табыс салығы да жойылды.
Үшіншіден, табысы еселеніп, өзі іріленіп, ҚҚС төлеуге алғаш рет ауысқан компанияларға қолдаудың қуатты топтамасы көзделеді:
• Салықтық каникулдар: 1 жыл бойы салық төлеуден толық босатылады;
• Шығыстарына өтемақы: кейін бухгалтерлік қызметтерге жұмсаған шығыстарына 6 ай бойы шегерімдер қолдана алады.
• Алғаш рет заңды тұлғаларға мүлік және жер салығы бойынша жеңілдік ұсынылады: оны иелену үшін компания тауар айналымын арттыруға, жұмыс орындарын сақтауға, нысаналы көрсеткіштеріне жетуге, өндірісін төмендетпей, арттыруға тиіс.
ӨР Ұлттық статистика комитетінің дерегінше, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Өзбекстандағы жеке кәсіпкерлердің саны 281 861-ді құрады. Бұл 38 миллионнан астам халқы бар мемлекет үшін әрине, аз. Мемлекет бизнесті дамыту үшін халықтың әлеуетін толыққанды жүзеге асыруға ұмтылуда. Бұған жаңа салықтық реформа үлес қосуға тиіс.
Үкімет ресми тіркелген бизнеске өнімін өткізетін нарық тауып беруге, соның ішінде шетелге экспортқа шығаруына баса көңіл бөле бастады. Президенттің бастамасымен Өзбекстанда ұлттық брендтерді қолдаумен айналысатын жеке компания құрылуда. Бұл ұйым отандық брендтерді әлемдік нарыққа шығаруға көмектесу үшін шетелден бренд-менеджерлерді, дизайнерлер мен маркетологтарды тартады.
Ел бойынша тек ұлттық тауарларды ғана сататын сауда орталықтары ашылады. Әртүрлі қалаларда "Mall of Uzbekistan" кешендерінің құрылысы басталды. Бұл кешендердің дүкен-дүңгіршектері кәсіпкерлерге ең төменгі бағамен жалға беріледі.
Тек отандық өнімді ғана сататын орталықтар жергілікті өнімді қолдағысы келетін клиенттер үшін кең таңдауды қамтамасыз етеді және ұлттық тауарды татқысы, танығысы келетін шетелдік саяхатшыларды магниттей тартатын туристік орындарға айналады.
Әзірге ол қызметті тек базарлар атқаратыны белгілі. Бірақ бай әрі кірпияз туристер кейінгі кездері жеке қауіпсіздігін ойлап, әлемдегі ондай орындарға бас сұға бермейді.
Ташкент отандық шикізатты барынша өңдеуге және қосылған құнын арттыруға баса маңызды беруде. Осы мақсатта дайын өнім өндірушілері үшін факторинг жүйесі енгізілді, оған бюджеттен 100 миллион доллар бөлінді.
Жаңа саясат аясында мемлекеттік қуатты қолдауды барлық дерлік сала көре алады. Өзбекстан Президенті соның ішінде зергерлік саланы мысалға келтірді. Өйткені ежелден ұсталар елі атанған оңтүстік көршіде алтын-күмісті қамырдай илеп, ғажап өнім жасай алатын шеберлер көп. Алайда көбісі көлеңкеде істейді.
"Елімізде ұзақ уақыт бойы дамып келе жатқан зергерлік бұйымдар өндірісі бүгінде экономиканың қосымша қозғаушы күші, драйвері бола алады. Өткен жылы бұл саладағы өндіріс 200 миллион доллардан асты, экспорт 17 пайызға өсіп, 92 миллион доллардың өнімін шетелге өткіздік. Дегенмен, бұл жыл сайын 100 тоннадан астам алтын өндіретін Өзбекстандағы мүмкіндіктердің оннан бір бөлігіне де жетпейді! Сондықтан бұл салада қосымша жеңілдіктер жасап отырмыз", – деді Шавкат Мирзиёев.
Енді зергерлердің шетелден тартқан маманына, жұмысшысына төлейтін жалақысының, басқа шығынының 2,5 мың долларға дейінгісі бюджеттен өтеледі. Тек бір шарт бар: ол үшін ұста кемінде 5 жергілікті шәкіртті тәрбиелеуі шарт.
Сондай-ақ, бұл саланы өнеркәсіптік тәсілге көшіру және ұлттық брендтерді шетелге орталықтандырылған түрде ілгерілету шаралары қабылданады. Сонымен қатар, мемлекет зергерлік бұйымдар жасауда қолданылатын жабдықтар мен оның компоненттерін импорттық баж салығынан босатты.
Жергілікті зергерлер алтынды Навои және Алмалық тау-кен металлургия комбинаттарынан "бөліп төлеуге" (рассрочка) ала алады. Бұл тетік 3 жылға ұзартылды.
Беделді брендтермен ынтымақтастық орнату арқылы олардың дизайны мен қалыбын игеріп, елге трансферттесе, оның шығысының 30 000 долларға дейінгісі де бюджеттен өтеледі.
Түркия, Дубай, Мысырдың озық тәжірибесіне негізделген зергерлік орталықтар Ташкент, Әндіжан және Хиуа қалаларында ашылды. Алда мұндай кешендер елдің басқа аймақтарының бәрінде құрылады.
Зергерлерді шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында биыл биржаға шығарылатын алтын көлемі 6 тоннадан 8 тоннаға дейін артыпты. Барлық аймақтарда алтын қоры жасалады. Осының бәрі саладағы "жасырын экономиканың" үлесін азайту және заңды қызметті ынталандыру үшін жасалуда.