БЖЗҚ-дағы жинағыңыздың тағдырын емханаңыз шешеді

14245

Зейнетақы жинағындағы ақшаға қандай аурудан емделе алатыныңыз белгілі болды. 

БЖЗҚ-дағы жинағыңыздың тағдырын емханаңыз шешеді

Денсаулық сақтау министрлігі "Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларының" жобасын ел назарына ұсынды. Оны ведомство басшысы Алексей Цой өз бұйрығымен бекітпек.

Құжатта бір жайт назар аудартады: біріншіден, зейнетақы қорындағы жинағын тек электронды цифрлық қолтаңбасы барлар ғана пайдалана алады. ЭЦҚ барлық жерде қажет болады.

Екіншіден, оны кез келген ауруды емдеуге жұмсай алмайсыз. Нақты тізім бар, соның ішінен бірін таңдауыңыз керек. Бұл әрине, әжуаға ұқсайды. Бірақ қағидада сол көрсетілген. Ол тізіммен төменде таныса аласыз.

Зейнетақы жинағын алудың қадамдары

Денсаулық сақтау министрлігі емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдалану үшін не істеу керектігін рет-ретімен түсіндірді. Бірінші қадам: сырқат азамат өзі тіркелген емхана-клиникасына жүгініп, дәрігерлік комиссияның тиісті формада толтырылған "жеке тұлғаны БЗТ есебінен емделуге жіберу туралы" қорытындысын сұрауы қажет.

Бұл ретте азамат өз жинағын жұбайының не жақын туысының емделуіне бере алады. Сонда оның БЖЗҚ-дағы жинағынан біржолғы төлем алушының есепшотына аударылады.

Медқызметтерге ақы төлеу қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүргізіледі. Есепшоттан қолма-қол ақшаны шешіп алуға тыйым салынады.

Алушы сол қаражатқа қанша рет ем аламын десе де, өз еркі: саны шектелмейді. Сондай-ақ тізбедегі медқызмет түрлерінің бір мезгілде бірнеше түрін ала алады. Ол бойынша да шектеу жоқ.

Екінші қадам: "дәрігерлік комиссияның қорытындысын" (ДКҚ) беру үшін медициналық ұйым басшысы өз бұйрығымен дәрігерлік комиссия құрады. Оның құрамы, мүшелерінің саны (кемінде 3 дәрігер), жұмыс тәртібі және жұмыс кестесі сол бұйрықта бекітіледі. Комиссияға медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің меңгерушілері, дәрігер-мамандар мүше болып кіреді. Бұдан бөлек, өзге медициналық ұйымдардың мамандарын, ЖОО, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар кафедраларының қызметкерлерін тартуға рұқсат.

Отырысты көзбе-көз, сондай-ақ онлайн бейнеконференция байланысы арқылы өткізуге болады. Жиында комиссия мүшелері өтініш иесінің диагнозын, медкөрсетілімдерін талқылай келе, оны зейнетақы жинағы есебінен емделуге бағыттау немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Шешім дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең түссе, комиссия төрағасының дауысы шешуші рөл атқарады.

Медициналық ұйым комиссия отырысы ұйымдастырылғаннан кейін, 3 күн ішінде қорытындыны науқасқа тапсыруға міндетті.

Үшінші қадам. Зейнетақы төлемін алушы ЭЦҚ арқылы уәкілетті оператордың интернет-ресурсында авторизацияланады және өзінің жеке кабинетін ашады. Сонда ол БЗТ алуға арналған өтінішті толтырады. Онда қажетті қаражаттың көлемін, оның қандай мақсатқа шығындалатынын көрсетеді. Мұны өз ЭЦҚ-сымен растайды. Егер қаражат зайыбына не туысына қажет болса, солар авторизацияланып, жеке кабинет ашуға тиіс.

Төртінші қадам. Қол қойылған электрондық өтініш БЖЗҚ-ға келіп түседі. Уәкілетті оператор мен БЖЗҚ арасында ақпарат алмасу олардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.

Бесінші қадам. БЖЗҚ өтінішті алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде сұратылған (бірақ алуға жол берілетін ең жоғары сомадан аспайтын) соманы уәкілетті операторға аударады.

Алтыншы қадам. Оператор ақшаны алушының арнайы шотына жібереді.

Жетінші қадам. Тараптар жеке кабинетте "біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім" жасасады, ол құжат ЭЦҚ-мен куәландырылады. Егер сырқат ол күнге жетпей, қайтыс болып кетсе, төлем БЖЗҚ-ға қайтарылады. Сондай-ақ егер ақша арнайы есепшотқа келіп түскен соң 2 ай ішінде пайдаланылмаса, оператор оны зейнетақы қорына кері жолдайды.

Сегізінші қадам. Уәкілетті оператор алушылардың БЗТ-ны нысаналы жеріне жұмсауын тексереді. Сондықтан алушы адам уәкілетті операторға қаражаттың тиісті мақсатына пайдаланылғанын растайтын құжаттарды жеке кабинеті арқылы ұсынуға тиіс. Оның қандай құжаттар екенін оператор анықтайды.

Басқа мақсатқа шығындалып кеткен БЗТ сомасы алушыдан сот арқылы өндірілуі мүмкін.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу