2026 жылдың 12 қаңтары сағат 19:00-ден бастап enpf-otbasy.kz платформасында бір реттік зейнетақы төлемдері (БЗТ) есебінен медициналық қызмет алуға арналған өтінімдерді қабылдау уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Отбасы банктің мәліметінше, мұндай шешім зейнетақы жинақтарын емдеуге пайдалану талаптарын қайта қарау үшін қабылданып отыр. Қазіргі уақытта жұмыс Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілуде.
Аталған шаралар аясында БЗТ арқылы медициналық қызмет алу шарттарын өзектендіру, сонымен қатар ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру тетіктерін пысықтау көзделген. Бұл қадамдар зейнетақы қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеуге және рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған. Өтінімдерді қабылдаудың қашан басталатыны белгісіз.
Бұған дейін "Отбасы банк" зейнетақы жинақтарын стоматологиялық және пластикалық операцияларға пайдалану мүмкіндігін де жаппай мақсатсыз қолдану салдарынан шектеген болатын.
Еске салайық, 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шотында жеткілікті қаражаты болған жағдайда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуына рұқсат берілді.