C5+1 және Авраам келісімдері: Қазақстанның жаңа дипломатиялық белсенділігі

199

Соңғы жылдары Қазақстанның сыртқы саясатында жаңа серпін байқалады.   

C5+1 және Авраам келісімдері: Қазақстанның жаңа дипломатиялық белсенділігі Фото: akorda.kz

Еліміз халықаралық алаңдарда белсенділік танытып, әлемдік және өңірлік державалармен тең дәрежелі диалог орнатуға ұмтылуда. Соның айқын көрінісі – C5+1 форматындағы ынтымақтастық пен Қазақстанның "Авраам келісімдеріне" қосылу туралы шешімі.

Бұл қадамдар еліміздің көпвекторлы саясатының жаңа кезеңін айқындап, ұлттық мүддені сақтай отырып, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға бағытталған сыртқы саяси бағытын көрсетеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Осы ретте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан Қазақстанның аймақтық және жаһандық процестердегі рөлін, C5+1 алаңының стратегиялық маңызын және Авраам келісімдерінің ел үшін ықтимал пайдасын саралап берді.

– C5+1 алаңы туралы айтсақ, ол шамамен 10 жыл бұрын құрылғанына қарамастан, соңғы екі жылда АҚШ-тың Орталық Азияға деген назары айтарлықтай күшейгені байқалады. Осылай айтуға бола ма? Сіздің ойыңызша, бұл өсім неден туындап отыр?

– Бұл формат алғашында министрлер деңгейінде құрылды. Орталық Азияның бес елі мен АҚШ-тың сыртқы істер министрлері жыл сайын кездесіп тұрды, тіпті пандемия кезінде де онлайн форматта кездесулер жалғасты. Виртуалды хатшылық та құрылды. Бірақ бұл  алаң негізінен бір-бірін жақсырақ тану мақсатында ұйымдастырылған.

2019 жылы АҚШ Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі стратегиясын қабылдады. Ол 2025 жылға дейін әрекет етеді және дәл сол құжатта C5+1 алаңының құрылу мақсаты нақты түсіндірілген. Бұл стратегияда АҚШ осы алаң арқылы Орталық Азия елдерінің өңірлік интеграциясын қолдауды жоспарлайды. Бұл өте дұрыс.

Сондай-ақ, АҚШ осы алаң арқылы біздің аумақтық тұтастығымызды, тәуелсіздігімізді және егемендігімізді қолдауға ниетті. Бұл да жақсы. Сонымен қатар, тараптар өзара тиімді коммерциялық жобаларды іздеуге мүдделі және стратегияда энергетика мен сирек кездесетін металдарға ерекше көніл бөлінген.

Сондықтан бұл мақсаттар бізге толықтай сай келеді деуге негіз бар. Сол себепті, сыртқы істер министрлері деңгейіндегі кездесулерден кейін барлық алты ел кездесулерді мемлекет басшылары деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдады. Алғаш рет мұндай кездесу 2023 жылы Нью-Йоркте өтті, екіншісін  Вашингтонда өткізу жоспарланған.

Айтарлықтай түбегейлі өзгеріс болды деп айтуға келмейді. Көріп отырғаныңыздай, стратегия 2019 жылы қабылданған және мақсаттар сол кезде айқындалған. Бұл кезең – Трамптың бірінші президенттік тұсы еді. Қазір сөз болып отырған жағдай – сол бағытты жалғастыру, дамыту және жоғары деңгейге көтеру.

– Бұл формат тек өзінің ғана емес, бүкіл Орталық Азия мүддесін де көздейді. Бірақ АҚШ пен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастарға тоқталсақ, бұрынғы президент Дональд Трамп өз елінің экономикалық пайдасын әрдайым бірінші орынға қоятыны белгілі. Демек, Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыты алдағы уақытта да экономика саласы бола ма?

– Президент Трамптың сүйікті сөзі – deal ("келісім"). Оған тіпті саяси уағдаластықтардың өзін іскерлік мәміле ретінде қабылдайды. Сондықтан менің ойымша, АҚШ-тың біздің аймақпен және Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастығы алдыңғы орында қала береді. Бұл - біздің ел үшін тиімді бағыт.

Орталық Азия бойынша қабылданған стратегия мен C5+1 форматындағы диалогта нақты айтылған бір жайт бар: АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық өңірдің өзге серіктестері – Қытай, Ресей және басқа елдермен арадағы қатынастарға нұқсан келтірмеуі тиіс.

Экономикалық ынтымақтастықтың маңызын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы қыркүйекте Нью-Йоркте АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерімен өткізген кездесуі де дәлелдеді. Сол жиынға 150 ірі америкалық компанияның басшылары қатысты және онда маңызды келісімдер жасалды.

Қазір біздің тауар айналымымыз 4,2 миллиард долларды құрайды, арақашықтықты ескерсек, бұл өте жақсы көрсеткіш. Экспорт көлемі – 2 миллиард, импорт – 2,2 миллиард, яғни өзара тепе-теңдік бар.

АҚШ-тың Қазақстанға бағытталған тікелей инвестициялары 60 миллиард доллардан асады. Бұл - Орталық Азия елдеріне тартылған шетелдік инвестициялардың 80 пайызы және Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі барлық инвестициялардың 13 пайызына тең.

Елімізде бірқатар ірі энергетикалық компаниялар жұмыс істейді. Бұл бағыттағы серіктестік жалғаса береді.

– Осы уақытқа дейін энергетика негізгі сала болды. Енді оның орнын сирек кездесетін минералдар немесе транзиттік-транспорттық жобалар алмастыра ала ма?

– Менің ойымша, барлығы қатар жүреді. 1993 жылы Chevron компаниясы Қазақстанға келген алғашқы ірі инвестор болды. Chevron мен ExxonMobil бірлесіп елімізге шамамен 60 миллиард доллар тікелей инвестиция салды. Бұл – мен айтып отырған шетелдік инвестициялардың негізгі бөлігін құрайды.

"Теңізшевройл" – Қазақстандағы ең табысты кәсіпорындардың бірі. Ол елімізде өндірілетін мұнайдың шамамен 47 пайызын өндіреді. Бұл өзара тиімді ынтымақтастықтың айқын мысалы.

Сонымен қатар, транзиттік-транспорттық бағыт та дамып келеді. Бұл – Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе "Орта дәліз" деп аталатын жоба: Қытай – Қазақстан – Каспий теңізі – Әзербайжан – Грузия – Түркия – Еуропа.

АҚШ бұл бағытты дамытуға зор қызығушылық танытып отыр және біздің тасымал жолдарымызды әртараптандыру ісіне атсалысуға дайын.

Сондай-ақ, сіз атап өткен критикалық материалдар да өте маңызды. Мысалы, АҚШ тұтынатын уранның шамамен 24 пайызы Қазақстаннан жеткізіледі. Бұл экспортты ұлғайтсақ, АҚШ үшін стратегиялық жеткізушіге айналамыз.

Алайда біздің мақсат – тек шикізат жеткізуші ел  болу емес, осы материалдар негізінде қосылған құны жоғары өнім шығару. Мәселен, АҚШ-пен бірлескен өндіріс кәсіпорындарын ашу арқылы біз дайын өнім өндіруші елге айнала аламыз.

Мысалы, АҚШ компаниясы Wabtec-пен локомотивтер шығару жөнінде келісім жасалған. Бұл жай сатып алу емес, Астанадағы зауытта локомотивтер жиналады. Қазіргі уақытта локализация деңгейі 47 пайызға жетті, ал болашақта бұл көрсеткіш артпақ. Бұл энергия үнемдейтін және ұзақ қызмет ететін заманауи локомотивтер.

Біз Қазақстанды транзиттік хабқа айналдыруды көздеп отырмыз, сондықтан мықты теміржол техникасы қажет.

– Енді жақында әлемді дүр сілкіндірген жаңалыққа тоқталсақ, сіздің ойыңызша, Қазақстанның "Авраам келісімдеріне" қосылу туралы шешімінің негізінде қандай стратегиялық факторлар жатыр?

– Мемлекет басшысы Авраам келісімдері Таяу Шығыста берік бейбітшілік орнатуға нақты мүмкіндік береді деп санайды.

Шынында да, құжат дипломатиялық қатынастарды толық қалыпқа келтіру, елшіліктер ашу, сауда мен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі міндеттемелерді қамтиды. Сондықтан Таяу Шығыстан тыс елдердің бұл жобаға қатысуы бейбіт қатынастарды нығайту идеясына жаңа серпін мен ауқым береді.

Авраам келісімдерін іске асыру қатысушы елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты күшейтіп, оларға елеулі пайда әкеледі. Бұл өз кезегінде Таяу Шығыстағы бейбіт шешім процесін неғұрлым тұрақты етеді.

Әрине, Авраам келісімдері әзірге декларативті сипатқа ие, алайда болашақта тұрақты институттар мен ынтымақтастық механизмдерін қалыптастыру қажет. Дегенмен, басты мән – бейбітшілік пен қауіпсіздікке бағытталған дипломатиялық серпілісте.

Егер бұл бастамаға жаңа мемлекеттер, соның ішінде Орталық Азия мен Африка құрлығындағы елдер тартылып, экономикалық байланыстар мен нақты ынтымақтастық жобалары жүзеге асса, сондай-ақ ауқымды қақтығыстардың алдын алу мүмкін болса, Авраам келісімдері бейбітшілік пен өзара серіктестіктің берік негізіне айналары сөзсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу