ChatGPT жасанды зердесі диплом қорғап, сот үкімін шығара бастады

1590

Бір-бірін түтіп жеп, қырып жіберуге құштар адамзат жасанды дүлей күшке төтеп бере ала ма?

ChatGPT жасанды зердесі диплом қорғап, сот үкімін шығара бастады

Колумбия мемлекетінде судья үкім шығару үшін ChatGPT нейрожелісінің ақылына жүгінген. Ол "аутистикалық спектрі бұзылған баланың емдеу шығындарын сақтандыру компаниясы өтеуге тиісті ме?" деген мәселеде шешім қабылдауға тиіс болған. The Guardian жазуынша, судья Хуан Мануэль Падилья ChatGPT нейрожелісінен: "аутистикалық бұзылушылығы бар кәмелетке толмаған баланы терапия үшін ақыдан босатқан жөн бе?" деп кеңес сұраған.

Шешім хаттамасында ашық айтылғандай, ChatGPT колумбиялық заңдарға сәйкес, "аутистикалық спектрінің бұзылушылығы (ол балалар аутизмін, ерте инфантильді аутизмді, атипті аутизмді, Каннер аутизмін және басқасын қамтиды) диагностикаланған кәмелетке толмағандар терапия үшін ақыдан босатылады" деп жауап қатқан. Нейрожелінің ұйғарымы сот вердиктіне сәйкес келді. Картахен қаласының судьясы Падилья сырқат баланың барлық медициналық шығыстарын және жол шығындарын оның медициналық сақтандыру полисі өтеуге тиіс деп талап қойды. Себебі оларды көтеруге ата-анасының ауқаты жетпейді.

Судья үкім шығарғанда өз әріптестерінің бұрынғы қаулыларын да пайдаланғанын нақтылады. Blu Radio радиостанциясына сұхбатында судья ақырғы үкімді өз бетінше, дербес шығаратынын алға тартып ақталды. Бірақ оның айтуынша, жасанды зерде (ЖЗ) көмегімен сот процесі әлдеқайда жылдамырақ өтетін көрінеді.

Қалай болғанда, бұл жайт жасанды интеллекттің адамдарға қатысты сот үкімін шығаруға қатысуының ресми хатталған алғашқы оқиғасына айналғандай. Осы арқылы прецедент түзіліп отыр.

Бұл оқиға өзге елдерде де дүрбелең туғызды. Пікір білдірген сарапшылар мен саясаткерлер адамзаттың өмірін жасанды интеллекттің билеуіне беріп қоюдың соңы жаман аяқталуы мүмкін екеніне назар аудартқан. Росарио Университетінің профессоры Хуан Давид Гутьеррес ЖЗ-ның жаһандық үстемдігі пенде атаулыны құртып тынуы мүмкін екенін еске салып, соған әуестенбеуі үшін шұғыл түрде барлық судьяның цифрлық сауаттылығын арттырып, оқытуға шақырды.

Өйткені ChatGPT төл жауабын генерациялау үшін интернеттен қараған мәтіндерді пайдаланады, ал ғаламторда жұрт ойына келгенін жазатыны жасырын емес. Оның үстіне ChatGPT бір сұраққа әр кезде әрқалай жауап беретіні әшкереленген. Тағы бір масқарасы, дәл осы жасанды зерде шебер әрі сенімді өтірік ойлап табу үшін өзі де дүркін-дүркін жалған ақпарат жасап, тарататыны анықталған.

Алайда судьяның еш заң бұзбағаны, нұсқаулыққа сай қимылдағаны белгілі болды: 2022 жылы Колумбия арнайы заң қабылдап, мемлекеттік заңгерлерді еңбек өнімділігі мен тиімділігін арттыру үшін заманауи технологиялардың мүмкіндігін пайдалануға міндеттепті.

The Guardian басылымның жазуында, жасанды болса да, чат-бот адам өміріне араласқанына және сот төрелігі жүйесінде өзіне жаңа рөл берілгеніне мазасызданып, ескерту жасады: "Судьялар адамдарға қатысты сот істері бойынша үкім шығару үшін ChatGPT-ді қолданбауға тиісті", – деп нықтаған ChatGPT.

Интернетте бар бұл жасанды зердені қазақстандық, ресейлік жастар да қолданып жүр. Мысалы, оның көмегімен өзіне жұп іздеп көргендер болыпты деседі. Бір қауіптісі, ЖЗ жасөскіндерге жыныстық ориентациясын ауыстыруға да кеңес беруі ықтимал көрінеді.

Әлемге кең тарата бастаған бұл платформа биыл ұстаздар қауымының да мазасын қашырды. Батыс елдерінде OpenAI компаниясының платформасын шәкірттер көшіріп алу үшін қолдануға кірісті.

Сондықтан ресейлік бірқатар жоғарғы оқу орындары да ChatGPT чат-ботына шектеу қойып жатыр. Бұған Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті (РГГУ) студентінің осы жасанды интеллект көмегімен диплом жазып, қорғауы себеп болды. Бұл оқиғаны университеттің баспасөз қызметін растаған. Бірақ студенттің дипломының күшін жоймағаны хабарланды.

Аталған қулықты студенттер былтырдан бері жүзеге асырып келеді. Бірақ бірінші болып, құпияны РГГУ студенті Just A @biblikz бүркеншік атымен белгілі жігіт жариялады. 

"ChatGPT жазып берген дипломды қорғап шықтым. Бұл процессті қалай ұйымдастыруға болатыны, дайын мәтін туралы адамдар не айтқаны, неге чизкейк қарыз болып қалғаным жөнінде ақпаратпен бөлісемін. Барлығы жеңіл әрі қызықты болды!", - деп жазды ол.

Оның айтуынша, диплом оған тіпті қажет емес көрінеді, себебі мамандығынан басқа салада жұмыс істеп жүр.

"Дипломды жазғым келмеді, ал оны жазушыларға ақша төлеуді артық санадым. Содан ChatGPT-ді диплом жазуға сынап көру идеясы туындады. Бастысы, нейронға тапсырыстарды нақты, түсінікті беріп, оны қалаған бағытыңда жұмыс істеуге үйрету. Алдымен диплом тақырыбында жоспар құру талап етіледі. Содан соң ChatGPT-ге "мынадай тақырыпта дипломға арналған жоспар жаз" деп тапсырма бердім. Машина түрлі нұсқаны ұсынды, оларды еш түзету енгізбей, ғылыми жетекшіме бағыттадым. Ал ChatGPT-ге негізгі тапсырысты жасадым, пайдалынатын әдебиеттер тізімін жібердім. Тапсырыстар жасап, дипломның бірінші шикі нұсқасын алу үшін 11 сағат еңбектенуге тура келді", – дейді студент.

Ол жасанды зерденің ағылшын тілінде жауаптар ұсынатынын, оны орысшаға іздеу жүйесінің аудармашысы арқылы тәржімалағанын әңгімеледі.

Осылайша, ғылым, білім жүйесіне де бір нәубет таянғанға ұқсайды. New York Times академиялық этика саласын деградацияға ұшырататын жаңа құбылыс белең алғанын хабарлады. Жастар жұмыстарды роботтарға жүктей бастаған. Кейбір профессорлар білімі сонша терең емес студенттердің өзі тым сенімді, жан-жақты дәйектелген жұмыстарды тапсыратынына назар аударыпты. Ішкі тексерулер көрсеткендей, олар ChatGPT чат-ботына қойылған сұрақтардың жауабынан тұратыны анықталды. Чат-бот ғылыми еңбектерге жүгіне отырып, ғылыми негізделген түрлі жауапты генерациялауға қабілетті. Ал оқушы жастарға соның лайықтысын таңдап алу қалады. Сол себепті бүгінде біраз америкалық ғылым мен білім ордалары ChatGPT-ді ішкі интернет желілерінде бұғаттап тастады.

Аталған чат-ботты жасанды зердемен айналысатын OpenAI компаниясы жасады. Оның өнімдері арасында сипаттамалар бойынша суреттер тауып беретін DALL-E 2 жүйесі, бағдарламалаумен шұғылдана алатын GPT-3 боты бар. Компания енді өз өніміне қарсылас жүйені құру жайын ойластыруда: ол кез келген мәтінді ChatGPT түзді ме, соны тексере алады.

Сөйтіп, ЖЗ мектептер мен университеттердегі өзгелерге ақылы негізде жұмыс жазып беретін оқымысты балаларды нәпақасынан айырғандай.

Жалпы ЖЗ және ақпараттық технологиялар кең таралған сайын жұмысыз қалатын адамдар саны күрт артады деген теория бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) мамандары бұл үрдістің қаупімен бірге мүмкіндігі де барына сенімді. Әрине, жұмыс орындарын автоматтандыру, ақпараттық технологиялардың өркендеуі жұмыссыздықтың өршуіне, адамдарды озық технологиялардың алмастыруына соқтырады.

"Мысалы, Еуропалық комиссия сарапшыларының түжырымдауынша, 2030 жылға қарай цифрландыруға байланысты 16 қызметкердің 1-еуі жұмыс орнында жаңа міндеттерді орындауға тиіс болады, 2036 жылға қарай барлық жұмыс үдерістерінің 50 %-ы автоматтандырылады. Жасанды интеллект пен үлкен деректер тұжырымдамасы бизнестің барлық бизнес-үдерістердің 75 %-ында қолданылады. ЭЫДҰ бағалауынша, Қазақстанда жұмыс орындарының 52 %-ы автоматтандырылады. Бұл үдерісті ешкім тоқтата алмайды, оны өмір шындығы ретінде қабылдау керек. Цифрландырудың сын-тегеуріндері ең алдымен еңбек нарығын қамтиды: жаңа цифрлық технологиялар өндірісте адамды алмастырады, оның еңбегі мен бос уақытын ұйымдастыруды өзгертеді, жұмыс уақытын өзгеше бөледі, үйреншікті жайлылық аймағынан шығарады", – деді орталық сарапшылары.

Жаңа өмір шындығын уақытылы түсіну, тиісті шаралар мен басқару шешімдерін қабылдау, оның теріс әсерлерін бейтараптандыру маңызды.

"Сонымен бірге, тарихтың өзі әлемде болып жатқан технологиялық төңкерістер жаппай жұмыссыздыққа әкелмегенін көрсетеді. Мысалы, АҚШ-та XIX ғасырдың басында жұмыс күшінің 90 %-ы ауыл шаруашылығында жұмыс істеген, бүгінде олардың нарықтағы үлесі 2 %-дан аспайды. Ал мұндай күрт құлдырау әлеуметтік толқуларсыз немесе жұмыссыздық эпидемияларынсыз, салыстырмалы түрде бірқалыпты өтті. Бұл ретте цифрлық технологиялар жұмыс орындарын құрудың жаңа мүмкіндіктерін жасайды. Жаңа мамандықтар пайда болады, оларда жоғары біліктілікті мамандарға кәсіби даму сатысы, жоғары жалақы ұсынылады. Жұмыс іздеудегі аумақтық шекаралар жойылады, қазақстандықтар елде отырып, шетелдегі жұмыс берушіге еңбек етіп, табыс таба алады", – деп тұспалдады ЕРДО сарапшылары.

Дегенмен өзге сарапшылар ЖЗ жаңа жұмыс орындарын құрғанымен, оның көбіне қазақстандықтар тұра алмауы мүмкін деген пікір білдірді.

"Бізде мамандар бар, бірақ тұтас өнеркәсіпті құру үшін олардың саны өте аз. Әсіресе, бұл тапшылық деректер мамандарына, жасанды интеллект мамандарына, барлық инженерлерге қатысты. Бізге қанша кадр қажет екенін түсіну, жаңа мамандықтар түрлерін нақты анықтау, оларды даярлауды нақты ЖОО-ларға тапсыру керек. Осыған қажетті әлеуметтік-білім беру инфрақұрылымын түзу керек. Яғни, бұл жылдам үдеріс емес. Бірақ мұны қазір жасамасақ, бүкіл "технологиялық соғыста" жеңілеміз. Еліміз болашақта ештеңе істей алмай қалады. Әзірге Қазақстанда бұл салада үздік кейстер жоқ, қимылдамасақ, 10-15 жылдан кейін де болмайды. Ал барлық талантты жастар шетелге кете береді", – деді FinTech және цифрлық бизнес-модель түзудің белгілі маманы Әсем Нұрғалиева.

15 елде жүргізілген зерттеу ЖЗ мамандарының көпшілігі, 12 113-і Қытайдағы жұмыс орындарында қызмет ететінін анықтады. Одан кейінгі орында АҚШ (7 465) және Жапония (3 369 маман) тұр. Инженер-бағдарламашы және деректер маманы – ЖЗ саласындағы ең көп сұранысқа ие екі мамандық.

Жасанды интеллект негізінен цифрлық ақпарат және коммуникациялар, қаржылық қызметтер, денсаулық сақтау және көлік салаларында қолданылады. Үлкен деректер, заттар интернеті және гуманоидты емес робототехника тау-кен және металлургия өнеркәсібінде кең таралуда, ал мемлекеттік сектор киберқауіпсіздікке ерекше назар аударады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу