Чехия президенті Петр Павел BILD басылымына берген эксклюзив сұхбатында Еуропа елдерін Мәскеумен келіссөздер жүргізу үшін ортақ ұстаным қалыптастыруға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, Еуропаның қатысуынсыз болашақ қауіпсіздік жүйесінің архитектурасы жөнінде келісімге келу мүмкін емес. Десе де, АҚШ пен Ресей әзірге Еуропалық одақ өкілдерімен келіссөз жүргізуге ниетті болмай тұр.
– Олар Еуропаны байыппен қабылдамайды. Өйткені, біздің қаншалықты бөлшектенгенімізді, қаншалықты әлсіз екенімізді және қандай да бір шешім қабылдауға қанша уақыт жұмсайтынымызды көріп отыр. Егер біз мұны таяу уақытта өзгертпесек, онда мүлде елеусіз күшке айналамыз, – деді Петр Павел.
Чехия президентінің пікірінше, Украинадағы соғысты тоқтату үшін Батыс Мәскеуге ынталандыру тетігін ұсынуы керек. Мысалы, экономикалық байланыстар мен сауда қатынастарын қайта жандандыруға болады. Десе де, оның басты шарты атысты тоқтату болуы тиіс.
Павелдің айтуынша, Ресейдің ресурстары сарқылып барады. Ал қыркүйек айында Ресей армиясының қаза тапқан және жараланған әскери қызметшілерінің саны шамамен 50 мыңға жетуі мүмкін.