Цифрландыру кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетеді – Арман Мәмбетаев

2202

Бүгінде мемлекеттік қолдау шараларының 42%-ы цифрландырылмаған.

Цифрландыру кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетеді – Арман Мәмбетаев

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Арман Мәмбетаев "Бизнеске арналған үкімет" цифрлық экожүйесі қалай жүзеге асырылатынын, саланы цифрландыру неге маңызды екенін, кәсіпкерлерді қандай мәселелер толғандыратын inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

– Арман Орынбасарұлы, "Атамекен" ҰКП-ның бұрынғы басқармаға төрағасы Абылай Мырзахметов "Бизнеске арналған үкімет" цифрлық экожүйесінің тұжырымдамасын таныстыру барысында жоба 2018 жылдан басталғанын айтқан еді. Жұмыс неге ұзақ жүргізілді, әлде Президенттің тапсырмасын күттіңіздер ме?

– Жоқ, себебін сізге түсіндірейін... 2018 жылдан бастап "Атамекен" ҰКП кәсіпкерлерге тез және сапалы қызметтер көрсету, әрі жұмысты жеңілдету үшін саланы цифрландыра бастадық. Мысалы, шығу елі бойынша сертификат беруді алайық. Отандық экспорттаушылар сыртқа тауар шығарса, оларды кеден баж салығынан босату үшін экспорттық сертификат керек. Сондықтан біз бұл қызметті цифрландырдық.

2019 жылы жұмысты одан әрі жалғастырдық. Бұл оңай процесс емес. Себебі біз әр мемлекеттік органмен жұмыс істедік. Кәсіпкер күнделікті өмірінде көптеген мәселемен бетпе-бет келеді. Мысалы, ол кәсібін бастан үшін алдымен тіркеледі, кейін банкте есепшот ашады, лицензия алады (кәсіп түріне байланысты) және тағы басқа.

2021 жылғы қаңтарда палатаға "Бизнеске арналған үкімет" порталын құру жөніндегі функциялар бекітілді. Нәтижесінде, біз мемлекеттік органдармен интеграция мәселелерін қарастырдық. Өткен жылы мамырда пилоттық жол картасы қабылданды. Оған сәйкес 64 мемлекеттік орган және мекемемен интеграция құрдық. 2022-2024 жылдарға арналған жол картасын әзірледік. Нәтижесінде, 215 мемлекеттік және жеке базалар интеграцияланады. Жұмыс кезең-кеңезімен жүргізіледі.

– "Бизнеске арналған үкімет" цифрлық экожүйесі қалай жұмыс істейді? Түсіндіріп берсеңіз.

– Экожүйе 4 бөліктен тұрады.  

1. Мемлекеттік қызметтер. Елде кәсіпкеркерлерге көрсетілетін 360 мемлекеттік қызмет бар. Оның біраз бөлігі осы уақытқа дейін цифрландырылмаған. Бұл қағаз түрінде көрсетілетін қызметтерге байланысты. Мысалы, кәсіпкер белгілі қызметті алу үшін құжат жинайды, мемлекеттік органға барып, қағаз толтырады, оны тапсырады және оның жауабын күтеді.

2. Мемлекеттік қолдау шаралары. "Атамекен" ҰКП-ның есебінше, Қазақстанда 240-тан аса мемлекеттік қолдау шаралары бар. Өкінішке қарай, мемлекеттік қолдау шараларының нормативті түрде бекітілген нақты тізілімі жоқ. Біз әр құжатты, әр кәсіпкермен сөйлесіп, қандай қызмет түрлері бар, Кәсіпкерлер кодексін қарап, мемлекеттік қолдау шараларын өзіміз жинақтадық. Көптеген мемлекеттік орган бізге хабарласып, осындай тізілім беріңдер, мәселені қарастырайық деп жатыр. Бұл – біз атқарған жұмыстың нәтижесі. Бүгінде мемлекеттік қолдау шараларының 42%-ы цифрландырылмаған... Мысалы, мал шаруашылығына бөлінетін субсидияны алайық... Біз жүйені ретке келтірсек, шаруалар үшін субсидия алу жеңілдейді, әрі тапсыратын құжат та азаяды.

3. "Атамекен" ҰКП қызметтеріне байланысты, яғни сертификаттар беру, форс-мажор және кәсіпкерлердің құқығын қорғау, шағымдар мен арыздар, кәсіпкерлердің ұсыныстарын цифрландыру.

4. Жеке коммерциялық сервистер. Мысалы, мен белгілі кәсіппен айналысу үшін маған лицензия алу керек. Ол үшін банкке тиісті төлемді жасауым қажет, яғни оның барлығы ыңғайлы болуы шарт.

Экожүйе аталған қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік береді, онда барлығы түсінікті тілде болады. Мысалы, Kaspi мобильді қосымшасы сияқты. Осылайша, кәсіпкер өзіне қажет қызметті бір жерден алады.

– Жоба қашан іске қосылады? Жүйені қанша кәсіпкер пайдаланады?

– Биыл 1 сәуірде жобаны пилоттық режимде қосуды жоспарлап отырмыз. Онда жоғарыда аталғандай барлық қызмет түрі болмайды. Бірақ алғашында кәсіпкерлерге қажет деген маңызды қызметтерді енгіземіз. Бүгінде оларды өзінің құқығын қорғау және салық мәселесі толғандырады. Соңғысы өте өзекті... Бұл жүйені тек кәсіпкерлер пайдаланады.

Нақты сан жоқ. Қазір қауымдастықтар, кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Елде тіркеліп жұмыс істеп жатқан 1,4 миллион кәсіпкер бар. Оның 90%-ы немесе 1,3 миллионы шағын және микро бизнес өкілдері: шағын дүкендер, базардағы саудагерлер, шаштараз және тағы басқа. Экожүйені енгізудегі мақсат – олардың жұмысын жеңілдетіп, кәсібін жүргізуге жағдай жасау.

Олардың жұмысы қаншалықты жеңілдейді?

– Саланы цифрландыру кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетеді деп ойлаймын. Мысалы, бұрын кредитті қалай алғанымыз есіңізде ме? Оны алу үшін біраз құжат жинап, банкке барып, анықтама алып, зейнетақы жинағында қанша ақша алғанымызды тексеретін едік қой. Қазір кредит алу айтарлықтай жеңілдеді. Тіпті бір күнде ипотека алуға болады.

Сондықтан "Бизнеске арналған үкімет" цифрлық экожүйесін енгізудегі мақсат – құжаттардың санын азайту, кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру, уақыт үнемдеу.

– Арман Орынбасарұлы, цифрлық экожүйе арқылы кәсіпкерлерге 600-ден аса қызмет көрсетіледі екен. Алайда жобаның танырыстырылымы барысында Абылай Мырзахметов Atameken Digital немесе Atameken ID атты мобильді қосымша жасап, кәсіпкерлерге мемлекет көрсететін 360 қызметті бір жерден алуға мүмкіндік жасаймыз деп еді. Цифрлық экожүйенің мобильді қосымшасында қанша қызмет болады?

– Мұнда Абылай Мырзахметов 360 қызмет деп мемлекеттік қызметті айтқан еді. Цифрлық экожүйедегі қызметтің жалпы саны – 600. Осыған дейін мен Қазақстанда кәсіпкерлерге арналған 240-тан аса мемлекеттік қолдау шарасы бар дедім. Оған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметтері мен қосымша жеке сервистерді қосыңыз. Сонда цифрлық экожүйедегі қызмет саны 600-ден асады. "Атамекен" ҰКП-ның бұрынғы басқармаға төрағасы тек мемлекеттік қызметтерге тоқталды. Мобильді қосымшаға енгізуге ыңғайсыз қызметтер де бар. Мысалы, құрылыс құжаттары. Олар веб-нұсқада болады. Жеңіл қызметтерді мобильді қосымшаға енгіземіз, бұл жұмыс кезең-кеңезімен жүргізіледі.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Айта кетейік, осыған дейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеске арналған "Бизнеске арналған үкімет" тұжырымдамасын таныстырған болатын.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу