Цифрлық таңбалау "көлеңкелі айналымды" төмендетеді

3692

"Қазақтелекомға" қарасты Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева inbusiness.kz-тің сұрақтарына жауап берді.

Цифрлық таңбалау "көлеңкелі айналымды" төмендетеді

– Бикеш Қайдарқызы, тауарларды цифрлық таңбалаудың қарапайым халыққа тигізер пайдасы қандай?

– Елімізде "көлеңкелі экономиканың" үлесі жоғары екені жасырын емес. Цифрлық таңбалау алдымен осы істі ілгерілетеді. Әрбір тауардың жеке сәйкестендіру нөмірі болады. Сол арқылы өндірістен шыққаннан тұтынушының қолына жеткенге дейінгі тізбегін толық бақылай аламыз. Қысқасы, таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай жүйесі арқылы тауарды қабылдап алу-беру, қайтару, жөнелту, айналымнан шығару секілді процестерді растайтын ақпаратпен, құжаттармен жедел алмасу үшін цифрлық орта түзіледі.

Осылайша, әр адам таңбаланған өнімнің құрамын, жасалған күнін, сақтау мерзімін оңай тексеріп, өндіруші туралы ақпаратты еш қиындықсыз біле алады. Data Matrix коды болмаса, онда өнім контрафактілік тауар болып саналады. Ал арнайы қорғанысы бар Data Matrix цифрлық кодын қолдан жасау мүмкін емес. Түптеп келгенде, цифрлық таңбалау халықтың саналы тұтыну мәдениетін дамытуға да ықпал етпек.

– Елімізде аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау 2020 жылдың 1 шілдесінен қара күзге ауыстырылды. Неге?

– Аяқ киім негізінен шетелден импортталады. Ал кәсіпкерлер алдағы күз-қыс маусымына арналған тауарларға жарты жыл бұрын тапсырыс береді. Сондықтан көктемде тапсырыс берілген таңбаланбаған аяқкиімдер 1 шілдеге дейін Қазақстан шекарасынан өтпей қалу қаупі туындады. Сөйтіп, міндетті таңбалауды 1 қарашада бастау шешім қабылданды.

– Аяқ киім нарығындағы импорттың үлесі қандай?

– Біздің нарықтағы аяқ киімдердің 96 пайызы шетелден импортталады. Ішкі өндірістің үлесі 4 пайыз ғана. Өкінішке қарай, аяқ киім нарығында "көлеңкелі айналымның" үлесі басым. Сондықтан бұл саланы цифрландыру туралы шешім қабылданды. Отандық аяқ киім өндірушілер цифрлық таңбалауды енгізуді қолдап отыр. Жалпы, цифрлық таңбалауды енгізу – контрафактілік өнімдерден арылудың ең тиiмдi жолы. Ресми мәлімет бойынша, қазір контрафактілік өнімдер нарықтың 48,5 пайызын құрап отыр. Бұл – нарыққа төнген қауіп.

– Білуімізше, сүт өнімдері де таңбаланбақ. Бірақ бұл саладағы "көлеңкелі айналымның" үлесі аса бір үлкен емес қой...

– 13 пайыздық "көлеңкелі айналым" басқа нарықтармен салыстырғанда аз болып көрінері рас. Бірақ сүт – балалардың жиі қолданатын әрі халықтың күнделікті тұтынатын өнімі. Бұл ретте Қазақстанда сатылатын әрбір сегізінші сүт өнімі тұтынушының денсаулығына қауіп төндіреді. Аталған мәселені тиімді шешудің бір жолы – цифрлық таңбалау.

Бұл мәселеге көрші мемлекеттер де ден қоюда. Мәселен, 2021 жылдың 1 маусымынан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің Ресей аумағына таңбасыз ірімшіктер мен балмұздақтардың әкелуіне тыйым салынды. 8 шілдеден бастап Беларусь цифрлық таңбалауды енгізді. Егер Қазақстан технологияны енгізуге асықпаса, онда ЕАЭО елдерінің алдындағы бәсекелестік нашарлайды әрі көрші нарықтарға қатысуымыз шектеледі.

– Цифрлық таңбалау тауарлардың бағасын қымбаттауы мүмкін бе?

– Көпшілік осы сұрақты жиі қояды. Алайда алаңдауға негіз жоқ. Мәселен, сүт өнімдерін алайық. Қазір аталған тауарлық топқа қатысты қанатқақты жоба жүзеге асырылып жатыр. Біз жабдыққа арналған шығындарды есептедік. Нәтижесінде, бір желі үшін таңбалау жабдықтарының құны кәсіпорын мен өнімнің көлеміне байланысты 0,5 млн теңгеден 9,2 млн теңгеге дейін өзгеріп отыратыны анықталды. Сондай-ақ өнімнің түпкілікті бағасындағы жабдық шығындарының үлесі 0,06-0,15 пайыз ғана болмақ.

Жалпы, бөлшек сауда бағасына әсер ететін факторлар көп. Соңғы 5 жылда сүт өнімдері бағасының орташа жылдық өсу қарқыны таңбалаусыз-ақ 6-13 пайызды құрады. Бұл бағаның тұрақты өсу тенденциясын көрсетіп отыр. Сондықтан тауарларды таңбалау мен қадағалауды енгізу өнімнің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер етпейді. Қайта тұтынушы өнімнің шығарылуына және жарамдылық мерзіміне нақты көз жеткізіп, сенімділігін арттырады.

Айтпақшы, сүт өнімдерін өндірушілер үшін таңбалау жабдықтарына және кодтарға тапсырыс беруге жұмсалатын шығындардың 50 пайызына дейін өтемақыны қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылмақ.

– Аяқ киімдерді қандай компаниялар таңбаламақ?

– Қазақстан үшін аяқкиім шығаратын 45 шетелдік зауытпен келіссөз жүргіздік. Олардың көпшілігі Ресей нарығына арналған аяқкиімді таңбалап келеді. Олар Қазақстандағы жаңашылдықтарға да дайын. Бұл ретте қазақстандық аяқкиім импортының 61 пайызын құрайтын Қытай зауыттарын таңбалау қызметтерінің құны бір жұп үшін 70 теңгеге тең. Түрік зауыттары Қазақстан үшін аяқкиімді 70-100 теңгеге таңбалауға әзір. Италиялық зауыттарда таңбалаудың ең қымбат қызметі – шамамен 300-400 теңге. Бірақ бұл елден Қазақстанға келетін импорттың жалпы көлемі 0,3 пайызды ғана құрайды.

– Бұған дейін елімізде тері және темекі өнімдері таңбаланды. Содан нәтиже шықты ма?

– Ресми дерекке сүйенсек, киім-кешек саласындағы "көлеңкелі" нарық көлемі 54 пайызды құрайды. Таңбалау енгізілгенге дейін бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары еді. Таңбалаудың нәтижесінде қазір тері бұйымдарын сатудан түсетін салықтар мен кедендік төлемдер едәуір артты. Ал темекі өнімдеріне қатысты қандай да бір нәтиже туралы айтуға әлі ерте. Өйткені темекі өнімдерін міндетті цифрлық таңбалау 2020 жылдың қазан айында ғана енгізілді. Қазіргі күнге дейін 1 млрд темекі өнімі Data Matrix кодын алып үлгерген.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу