Цифрлық теңге азаматтардың жеке қаражатын қадағалаудың бір жолы емес пе?

Бүгінгі таңда қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 85 пайызға жақындап, соңғы 5 жылда 16 есе өскен.  

Цифрлық теңге азаматтардың жеке қаражатын қадағалаудың бір жолы емес пе? Фото: canva.com

Бұл туралы елордада өткен "Цифрлық теңге жобасының бірінші кезеңін енгізу туралы" брифингте Қазақстан Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жаленовтің айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 
 
Төлем инфрақұрылымы дегеніміз – "экономиканың күре тамыры", деп бастады сөзін спикер. Оның айтуынша, банкаралық есеп айырысу инфрақұрылымымен бірге прогрессивті реттеуші ортаны құру арқасында нарық қатысушылары финтех-сервистерді белсенді дамытады және қаржылық қызметтерді, негізінен, онлайн-форматта көрсетеді. 

"Бүгінгі таңда қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 85 пайызға жақындап, соңғы 5 жылда 16 есеге жуық өсім байқалды. Қазақстан экономикасын белсенді цифрландыруды ескере отырып, Ұлттық Банк Ұлттық төлем жүйесін цифрлық қаржы инфрақұрылымына дәйекті түрде түрлендіреді. Оның маңызды элементтерінің бірі ұлттық валютаның үшінші түрі – цифрлық теңге болып табылады", – деді Жаленов.

Цифрлық теңге – қолма-қол және қолма-қол ақшасыз теңгеден басқа, Қазақстанның ұлттық валютасының үшінші түрі. Ұлттық валютаның барлық түрі тең – бір қолма-қол теңге бір цифрлық теңгеге тең. Тұтынушылар цифрлық теңгені өз қалауы бойынша пайдалана алады.

Цифрлық теңгені Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарады және оның тікелей міндеттемесі болады. Бұл азаматтарға тиесілі қаражаттың сақталуы мен қауіпсіздігінің жоғары деңгейіне кепілдік береді.

Бұл ретте, тұтынушылар қолданыстағы инфрақұрылым – төлем нарығына қатысушылардың мобильді қосымшалары, банк карталары, NFC, QR және т.б. арқылы шоттар аша алады, төлей алады, аудара алады және цифрлық теңгемен өзге де операциялар жасай алады. 

"Цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз теңгенің қасиеттерін біріктіреді. Онымен интернет желісіне қол жеткізбей де, онлайн режимде де төлеуге болады. Ұлттық валютаның цифрлық форматы сондай-ақ смарт-келісімшарттар технологиясының арқасында инновациялық сервистерді құру үшін мүмкіндіктер ашады", – деді Қазақстан Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы.

Басқаша айтқанда, цифрлық теңге – мемлекеттің кепілдіктерімен қамтамасыз етілген "ақылды ақша". 

Жаленовтің айтуынша, цифрлық теңге криптовалютадан немесе стейблкоиндерден түбегейлі ерекшеленеді. Өйткені оның Ұлттық Банк атынан бірыңғай эмитенті бар. Оны шығару және өтеу азаматтың талабы бойынша орталық банк платформасында жүзеге асырылады. Транзакцияларды қауіпсіз жүргізуге және қаражаттың сақталуына Ұлттық Банк кепілдік береді. 

Цифрлық теңге сатып алушы да, сатушы да интернет желісіне қосылмаған жағдайларда қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мүмкіндігін ұсынады. Адам цифрлық теңгені офлайн режимде алған жағдайда, ол оларды интернетке қол жеткізбей-ақ үшінші тұлғаға аудара алады. Осы тізбектегі 15-ке дейін транзакция жасау мүмкіндігі бар.

Цифрлық теңге азаматтардың жеке қаражатын қадағалаудың жолы емес пе? Бұл сұраққа да спикер жауап берді. 

"Цифрлық теңгені бағдарламалау мүмкіндіктері мемлекеттік жұмсаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруда маңызды құрал болады. Цифрлық теңгедегі бюджет қаражатын мақсатты пайдалану үшін таңбалауға болады. Ал мақсаты бойынша жұмсалғаннан кейін бұл таңбалау алынады. Бұл бір жағынан жұртшылық пен мемлекеттік органдар тарапынан бюджеттік шығыстарды бақылауды қамтамасыз етуге, екінші жағынан азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдік беруге мүмкіндік береді. Азаматтардың барлық жеке қаражатының цифрлық теңгедегі қауіпсіздігі және олардың транзакцияларының құпиялылығы заңнамамен қорғалған. Мемлекет таңбаланбаған цифрлық теңгені және азаматтардың жеке қаражатын қадағалай алмайды. Тек бюджеттік ұйымдардың қаражаты ғана таңбалауға жатады. Механизмнің егжей-тегжейлі жұмысы мемлекеттік органдармен пысықталуда", – деп түсіндірді корпорация басшысы. 

Қазіргі кезбе әлемде 90-нан астам орталық банктер цифрлық валюталарын енгізуді зерттеуде. Мәселен, Қытай, БАӘ-ні қоса алғанда, 30-ға жуық орталық банк пилоттық режимде іске асыруда. 

Халықаралық есеп айырысу банкі мен SWIFT сияқты ұйымдар орталық банктердің цифрлық валюталарында трансшекаралық төлемдер үшін пилоттық платформаларды іске қосады. Осы бағытта цифрлық теңгені пайдалану ортамерзімді болашақта қазақстандықтар үшін трансшекаралық есеп айырысудың тағы бір арнасын құру үшін негіз қалайды.

Ол неғұрлым жылдам әрі арзан халықаралық төлемдер мен аударымдарды қамтамасыз етеді. Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелерімен, сондай-ақ екінші деңгейлі 4 банкпен бірлесіп цифрлық теңгедегі шотқа байланған төлем карталары бар.

Алматы қаласының әкімдігімен, "Қазпошта" АҚ және ONAY көлік холдингімен бірлесіп, мектепте тамақтандыруға арналған "цифрлық ваучер" пилоттық жобасы іске қосылды. 

"Біздің жағдайда оңтүстік астананың әрбір тұрғынында бар көлік картасының көмегімен оқушы мектептегі түскі асқа сапарын растай алады. Осы растау негізінде әрбір оқушының әрбір нақты түскі асына ақша мектептің цифрлық шотынан мектеп асханасы операторының цифрлық шотына төленеді. Нәтижесінде, мектеп пен ата-аналар онлайн режимінде іс жүзінде қанша бала қызмет алғанын көреді. Асхана пайдалану үшін бірден қаражат алады. Ал төлемдер күрделі есептілікті қажет етпестен онлайн режимде өтеді. Бұл мемлекеттік қаражатты жұмсаудың ашықтығын арттырады", – деп түсіндірді Қазақстан Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы. 

Цифрлық теңге кезең-кезеңмен, 3 фазада, 2025 жылдың соңына дейінгі мерзімде енгізіледі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу