banner

COVID-19 тестін тегін тапсыра аласыз

4514

Тек бухгалтеріңізді заңға иліктірсеңіз болды.

COVID-19 тестін тегін тапсыра аласыз

Қазақстанда коронавирустік инфекцияға (КВИ) тест тапсыруға деген сұраныс қайтадан еселеп өсті. Себебі елімізде пандемияның екінші кезеңі басталды. Төтенше жағдай режимі жойылғанда іске кіріскен мекемелер, мемлекеттік органдар, зауыт-кәсіпорындар, әсіресе, ухандік SARS-CoV-2 вирусы табылған ұжымдар енді жаппай COVID-19 тестін тапсыруға мәжбүр.  

Бұл ұйымдар қызметкерлерінің көбі, тіпті емхана дәрігерлері де бұл үшін өз қалтасынан ақша төлеуде. Ал тест болса аса қымбат.

Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі биылғы сәуірде өзіне қарасты Ұлттық сараптама орталығының барлық облыс орталықтары мен үш мегаполисте орналасқан филиалдарында ПТР (полимераздық тізбекті реакция) әдісімен КВИ-ге тестілеуді жолға қойған болатын. Ол 11 500 теңге тұрады. Алайда 11 маусымнан бастап кейбірінде ол тоқтатылыпты.

"Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары бойынша Ұлттық сараптама орталығының филиалдарында жеке тұлғалар үшін ПТР әдісімен СОVID-19 короновирустық инфекциясын анықтау үшін тестілеу уақытша тоқтатылды. Бұл қалаларда тестілеуді қайта бастау мерзімі туралы қосымша хабарланатын болады", – деді орталық.

Жұрт амалсыздан "Олимп" КДЗ зертханаларына жүгінуде.

Алматы тұрғыны Александр Самойлов министрліктің осы монополистің мүддесін ілгерілетіп жатқанына наразы.

Ол: "Алматыда КВИ тестілеуді ресми түрде "Олимп" жүргізеді. Бағалары удай қымбат. 15–20 мыңнан басталады. Тек бір анализ үшін. Бұл бастапқы бағасы болса керек. Болашақта оны елу мың және одан да асырамын десе, ешкім кедергі бола алмайды. Өйткені монополиске айналған. Қарапайым бұқара бұл жағдайды қанша сынаса да, билік оның үстіне шаң жуытпай, мәпелеп отыр. Талдау нәтижесін бір тәуліктен екі күнге дейін ұзатады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ай сайын азаматтар қаншама миллиард құйып жатыр. Ал ол болса, МӘМС жүйесіне қатысушылар үшін осы тестті тегін етпей отыр. Басшылары миллиондап жалақы мен бонус алғаны болмаса, халыққа түк пайда жоқ қор", – деп күйінеді.

Дегенмен, кейбір қызметкерлер үшін тест шығынын өтеудің жолы бар екен. Әрине, оның МӘМС қорына еш қатысы жоқ.

"Қызметкер COVID-19 тестін алдымен өз ақшасына тапсырады. Содан кейін жұмысқа шыққанда құжаттарды, яғни ақша төлегенін растайтын фискалдық чекті және тестілеуге өтінішті бухгалтерияға өтемақыға деп өткізеді. Құжаттар жұмыскердің өз атына толтырылған болуы керек. Бұл жерде Салық кодексінің 348-бабына сәйкес салықтық шегерім жасалады. Аталған бап бойынша салықтық жеңілдік косметологиядан басқа барлық медициналық қызметтерге ақы төлеу шығыстары бойынша қолданылады. Дегенмен, медицинаға арналған салықтық шегерім айлық есептік көрсеткіштің 94 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс", – дейді есепші маман Махаббат Барымбекова.

Бұл сома биыл 261 мың 132 теңгеге тең. Яғни, заң бойынша ресми жұмыс жасайтын азамат осынша көлемдегі медициналық шығынын салықтан босата алады.

Мұны бас салықшы, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев растады. Оның айтуынша, Салық кодексі бойынша Қазақстан азаматының салықтық шегерім түрлерін қолдануға құқығы бар.

"Ол шегерім косметологиялық сипаты бар қызметтерді қоспағанда, басқа барлық медициналық қызметтердің ақысына төленген шығыстарға қолданылады. Медицина бойынша салықтық шегерімнің және медқызметтер шығысын жабу үшін табысты түзетудің жалпы сомасы бір жыл ішінде 94 АЕК-тен аспаса болды. Шегерім жасау үшін растайтын құжаттары болуы тиіс. Ол құжаттарға мыналар жатады: біріншіден, егер жазбаша жасалса, онда көрсетілген медициналық қызметтердің құны бөліп көрсетілген ақылы медициналық қызметтерді көрсетуге арналған келісімшарт; екіншіден, медициналық қызметтердің құны туралы ақпаратты қамтитын үзінді көшірме; үшіншіден, медициналық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу фактісін растайтын құжат. Осылайша, қызметкердің салық салынатын табысын есептеу кезінде бухгалтерлер медицинаға арналған салықтық шегерімді қолдануға құқылы. Нәтижесінде, Салық кодексінің 341-бабының 18-тармағына сәйкес, тестке, анализге төленген сома жұмыскердің салық салынатын табысынан алып тасталады", – деп түсіндірді ресми блогында Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы М.Сұлтанғазиев.

"Олимп" зертханаларында коронавирусқа тестілеу 15 400 теңге тұрады, сондай-ақ анализ алушы маманның қызметі үшін 540 теңге төлейсіз. Шегерім қолданылса, бұл соманың біраз бөлігі қалтаңызға қайтады.

Бұдан бөлек, көптеген адам COVID-19 тестін елордада тегін тапсыра алады. 5 маусымда Нұр-Сұлтанда коронавирустың жылдам және жоғары дәлдікті ПТР-скринингін жүргізуге арналған алғашқы модульдік зертханалық кешен іске қосылды.

Зертхана:

  • жұмыссыздар;
  • аз қамтылғандар;
  • көп балалы отбасылар;
  • мүгедектігі бар адамдар;
  • ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылатын сырқаттар;
  • тыныс алу органдары, эндокриндік және жүрек-қан тамыр жүйелері ауыратын және динамикалық бақылауда тұрған 50 жастан асқан емделушілер;
  • індетке қарсы іс-шараларға жұмылдырылған арнайы контингент – әкімдік қызметкерлері, еріктілер және белсенділер, патрулдегілер;
  • қарттар үйлерінде, интернаттық және басқа мамандандырылған мекемелерде орналасқан азаматтар;
  • мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері сияқты санаттар үшін тегін скрининг жүргізеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу