Cұйытылған мұнай газының бағасы өсті

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3204

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде сұйытылған мұнай газының құны 10%-ға артты.

Cұйытылған мұнай газының бағасы өсті

Былтыр сұйытылған мұнай газының бір тоннасы қосылған құн салығын есепке алмағанда 34 319 теңгеден саудаланса, биылдан бастап 38 701 теңгеден сатылып жатыр.

Нарықтағы жағдайға қатысты түсініктеме берген ҚР энергетика министрлігінің хабарламасына сүйенсек, шекті бағаларды айқындау қағидаларына сәйкес, сұйытылған мұнай газының есеп айырысу бағасы қосымша құн салығынсыз тоннасына 52 538,27 теңгені құрауы тиіс еді. Алайда министрлік аталған қағидалардың 14 тармағына сәйкес, 2014 жылы бекіткен деңгейді сақтап қалды. Яғни ведомства биыл сұйытылған мұнай газының ішкі нарықтың көтерме саудасындағы ең жоғары шекті бағасын (қосымша құн салығынсыз тоннасына 38,701 теңге) белгілеуді жөн көрген.  

Өнім бағасының өсуіне әлемдік деңгейдегі сұйытылған мұнай газ бағасының артуы әсер еткен. Өйткені өнімнің көтерме саудадағы бағасы халықаралық нарықтағы бағаға тікелей тәуелді.

Сұраныстың артуына және сұйытылған мұнай газының ішкі нарықтың көтерме саудасындағы бағасының төмендігіне байланысты өндірушілер мен меншік иелерін шығынға батыруда. Мәселен  сұйытылған мұнай газын өндірудің өзіндік құны "CNPC-Ақтөбемұнайгаз" АҚ-да тоннасына шамамен 52 мың теңгені құрайды. "Қазгермұнай" БК" ЖШС-ның бағасы тоннасына 38 403 теңгеге тең болса, "Жайықмұнай" ЖШС-дегі баға тоннасына 67 478 теңгеге шақ келіп отыр. Сондай-ақ "ҚазақОйлАқтөбе" ЖШС-дегі бір тонна сұйытылған мұнай газын өндірудің өзіндік құны 44 334 теңгеге пара-пар.

"Газ және газбен жабдықтау туралы" заңға сәйкес, энергетика министрлігі ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, әр тоқсан сайын сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасын бекітеді. Бұл баға тұтас ел аумағында қолданылады. Сондай-ақ газ желісі ұйымдары ұсынатын өтінімдер негізінде энергетика министрлігі ай сайын сұйытылған мұнай газын беру жоспарын бекітеді. Аталған жоспар арнайы комиссияның отырысында қаралып, нақтыланады. Комиссия құрамында энергетика министрлігінің, "Нұр Отан" партиясының, "KazEnergy" қауымдастығының, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының және "Қазақстан жанармай қауымдастығы - 1" ұйымының өкілдері бар. Комиссия отырысы ай сайын өткізіледі. Барлық рәсім ашық түрде қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Сонымен қатар ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен толық қамтамасыз ету және өнім тапшылығын болдырмау мақсатында энергетика министрлігі тарапынан жан-жақты шаралар қабылданады", – делінген ҚР энергетика министрлігі таратқан хабарламада.

Ведомствадағылардың айтуынша, ішкі нарықтағы көтерме сауда бағасы нарық қатысушыларының тікелей араласуымен қалыптасады. Сол себепті оны энергетика министрлігі реттей алмайды. Сондай-ақ бағаның қалыптасуына әсер ететін төрт фактор бар. Олар – энергетика министрлігі бекіткен көтерме сауда бағасы, көлік шығындары, пайдалану шығындары және газ желісі компанияларына түсетін пайда.

Жергілікті атқарушы органдар ұсынған мониторинг деректеріне сүйенсек, 2017 жылдың желтоқсан айында бөлшек саудадағы сұйытылған мұнай газының ең төмен бағасы Ақтөбе (литріне 45-49 теңге) және Маңғыстау (литріне 45-50 теңге) облыстарында тіркелген.

Ал ең жоғары баға Қарағанды (литріне 70-75 теңге), Алматы (литріне 72-75 теңге), Оңтүстік Қазақстан (литріне 65-72 теңге), Шығыс Қазақстан (литріне 68-75 теңге) облыстарында және Алматы қаласында (литріне 68-75 теңге) анықталған.  

Жергілікті атқарушы органдар ұсынған мониторинг деректеріне сәйкес, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап сұйытылған мұнай газының бөлшек саудадағы бағасы Ақтөбе облысында литріне 55 теңгені, ал Маңғыстау облысында литріне 52-65 теңгені құраған. Ал қалған өңірлерде сұйытылған мұнай газы бағасының өсімі әзірше байқалмаған.

Атап өтерлігі, газ бағасының арзандығына байланысты ішкі нарықта сұйытылған мұнай газына деген сұраныс жыл санап артып келеді. Мәселен, 2016 жылы ішкі нарықтағы тұтыну көлемі 720 мың тоннаны құраса, 2017 жылы 953 мың тоннаға жеткен. Яғни 32%-ға ұлғайған.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу