Дағдарыс студенттерге қиын соғуда

3089

Еліміздегі сауда ойын-сауық орталықтары қызметкерлерінің көбі студент көрінеді. 

Дағдарыс студенттерге қиын соғуда

Ресейдің Украинаға басып кіруіне орай Батыс елдерінің енгізген санкциялары пандемия салдарларынан толыққанды айыға қоймаған әлемдік экономикаға салмағын салуда. Дегенмен бұдан өзгелерге қарағанда Ресей мен Қазақстанның қаттырақ зардап шегіп отырғаны байқалады. Екі елдің де ұлттық валюталары күрт құнсыздануда, екеуінде де азық-түлік айналасында дүрбелең туындап, біраз тауар таусылуға таяған.

"Санкцияларға қатысы бар ма, жоқ па, анықтай алмадым, бірақ сауда орталықтарында кейбір брендтік киімдер сататын сауда орындары тауардан тапшылық тарта бастапты. Салдарынан, қызметкерлері санын оңтайландыруға кіріскен көрінеді. Әсіресе, студенттерді аяйсың, алдымен солар ілігеді", – дейді елордалық кәсіпкер, жас модельер-дизайнер Аружан Айдар.

Ал қоғам белсендісі Жанар Қалымжанова мәселе көтеріп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновке хат жазыпты.

"Елордадағы сауда үйлерінде, сауда ойын-сауық орталықтарында, дүкендерде кілең студенттер жұмыс істейді. Бірқатар ниеті қарау жұмыс берушілер шәкірттердің қорғансыз жағдайын пайдаланып, тиесілі жалақысын толық төлемейді. Жұмысшы студенттер ешкімге масыл болмай, өз күнін өзі көруге тырысады ғой. Кейбірі ертеден қара кешке дейін, күн сайын екі ауысымда қатар еңбек етеді, бизнесмендердің қаншама тауарын өткізіп, үлкен табыс әкеледі. Осы еңбегін бағалау орнына базбір жұмыс берушілер оларды құлша қанайды. Анау-мынау адам шыдамайтын еңбек жағдайларын белгілейді. Мысалы, сауда орындарында, әсіресе, киім-кешек бутиктерінде жұмыс уақыты біткенше, жұмыскерлерге бір уақ аяқ суытып отыруға, дамылдауға да рұқсат етпейді екен", – дейді ол. 

Бұл тыйымды бұзса, айыппұл салынады.

"Студенттердің бірі осындай ауыртпалықтан кейін түнде үйге аяғын әзер сүйретіп оралатынын, түні бойы сирақтары сырқырап, жаны шырқырап шығатынын айтып, мұң шақты. Жұмыс берушілер үнемі шетсіз-шексіз түгендеу-инвентаризация жүргізеді. Тоқтаусыз тауарлар келіп жатады. Содан қызметкерлерді үйіне түн ауғанда ғана жібереді. Бұл ретте басшылар студент қыздардың қараңғыда үйіне қалай жететініне бас қатырмайды, жұмысшыларды тасымалдау жолға қойылмаған, таксиінің ақысы да төленбейді. Яғни қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қатысты еш жауапкершілік арқаламайды. Сондай-ақ тамақтандырмайды, оның да шығынын жұмыскер өзі көтереді. Жалақы төленетін күні кейбір жұмыс беруші түрлі сылтау айтып, мейлінше аз төлеуге күш салады", – деп суреттеді еңбек ететін студенттер өмірін Жанар Қалымжанова.

Ол елімізде жатақханаларда орын жетпейтіндіктен, жоғары білім игеруші жастардың көбі қалада пәтер жалдап тұратынын ескертті. Содан бутиктерде тамақ сақтайтын орын болмағандықтан (кейбірінде "тышқан қаптайды" деп, азық-түлік сақтауға тыйым салынады екен), әрі ақша үнемдеу мақсатында, студент-жұмыскерлер СОО-дағы асхана-дәмханалардан тамақтануды қымбатсынып, күні бойы ашқарақ жүреді. Соның кесірінен жас ұрпақтың денсаулығы құриды.

Сауда орындарында жұмыскерлер тұрақтай бермейді. Жұмыс берушілер персоналын "қолғапша ауыстырады", жалақыны уәде етілгеннен аз төлегеніне өкініп, кетіп қалған бір студенттің орнын екіншісі басады.

Осыған байланысты Еңбек министрлігіне сауда орталықтарында еңбекті қорғау заңнамасының қаншалықты сақталатынын тексеру, сауалнама жүргізу, жұмыскерлерге өз жұмыс берушісінің қамқорлығын не қатігездігін бағалауға мүмкіндік беріп, соның негізінде әр орталық бойынша рейтинг түзу ұсынылды. 

"Бұл мәселені көтеріп отырғаным – көптеген таныстарым және олардың балалары осы проблемаға тап болды. Мәселе болса, шешілмейді. "Жаңа Қазақстанда" адал жұмыс істейтін кез келген адам әділ жалақы алуға лайықты", – дейді Ж. Қалымжанова.

Билік не дейді?

Құзырлы органға СОО-ларда қызметкерлердің жаппай қысқартылып жатқаны туралы дерек түспеген көрінеді.

Еңбекминінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Президенттің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы жарлығына сәйкес, шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін барып тексеруге мораторий енгізілгенін еске салды. Ол тыйым үш жыл бойы күшінде болады.

"Осыған байланысты облыстардың және өңірлердің Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармаларына аталған мораторий талаптарын сақтау, мемлекеттік еңбек инспекторларына 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тексеруді және профилактикалық бақылауды жүргізбеу жүктелді. Сондықтан басқармалар қалыптастыратын 2022 жылғы "тексерулердің жартыжылдық тізімдеріне" шағын және микро кәсіпкерлік субъектілері енгізілген жоқ. Аталған мораторий жұмыс берушілердің әрекетіне қатысты жұмыскерлердің шағымы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары жүзеге асыратын тексерулерге де таралады", – деп түсіндірді комитет. 

Сол себепті ведомство СОО-ларда шағын және микро кәсіпкерлік нысандары жұмыскерлердің еңбек құқықтарын бұзып жатқаны туралы ақпаратты назарға алған. Бірақ мораторий жойылмай, бәрібір тексеріспен бармайды. Осыдан кейін наразылық шараларына неліктен көбіне өрімдей жастар қатысады деп таңғалу әбестік емес пе?

2021 жылғы 3 қыркүйекте ел Үкіметі студенттерге төленетін стипендия көлемін өсіріпті. Нәтижесінде, ЖОО-ларда шәкірттерге – 31 423 теңге, ал педагогикалық және денсаулық сақтау бағыттарында оқитын студенттерге – 50 400 теңге шәкіртақы төленеді. Өткен аптада Үкімет мақұлдаған "2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасы" стипендияны көтеруді қарастырады. Оның егжей-тегжейін 16 наурыздағы Жолдауында Мемлекет басшысы жария етеді деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу