Дақылдан май айыруды қазақ та кәсіп қыла бастады

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
3861

Шығыс, оңтүстік өңірлер күнбағыс, соя өсіру жағынан көш бастап тұрса, солтүстік өңірлерде зығыр, ақмия, рапс дақылдарын өсіру жақсы жолға қойылған.  

Дақылдан май айыруды қазақ та кәсіп қыла бастады

Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан, дәстүрлі астық өсіруші ел ретінде басымдықтарды алға жылжытып, майлы дақылдардың өндірісін белсенді арттыруға бет бұрып отыр. Егістік алқабын әртараптандыруға және майлы дақылдарды өсіруді субсидиялауға бағытталған мемлекеттің саясаты осы сектордағы импорттың үлесін азайтуға және өзінің жеке қайта өңдеуші өндірісін дамытуға басымдық беріп келеді. Нәтижесі де жоқ емес, олай дейтініміз, соңғы жылдары Қазақстанның май-тоңмай секторының  біршама өрлегенін байқауға болады.

Сөзіміз сүйекті болу үшін,  2016/17 маркетингілік жыл қорытындысына сүйенсек, майлы дақылдардың өндірісі рекордтық 1,9 млн тоннаны құрап, ол 2016-2017 жж. аралығындағы орташа көлемнен 27%-ға жоғары болғанын көреміз. 2017 жылы майлы дақылдарға арналған егістік алаңдары өткен жылғы көрсеткіштен 22%-ға артып, 2,48 млн га құрауда.   

Осы тұста айта кетейік, Астанада әлемнің 19 елінен 200-ге жуық шетел компаниялары өкілдерінің, сондай-ақ, Қазақстандағы майлы дақылдарды ірі өндірушілер мен қайта өңдеушілердің басын қосқан "KazOil 2017" алғашқы Халықаралық май-тоңмай конференциясы өтіп, онда еліміздің аграрлық саясатына тоқталған ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Зейнолла Шәріпов май-тоңмай саласы агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бір бөлігі болып табылатынын атап өтті. Ол қазір майлы дақылдарды өндіруші негізгі елдер ретінде Еуроодаққа мүше елдерді атай келіп, қазір ЕО әлемде жиналатын майлы дақылдардың жалпы көлемінің 50 пайызын, соның ішінде рапс дақылының 30 пайызы, күнбағыс майының 20 пайызын еншілейтінін атап өтті. Сондай-ақ, рапс дақылына қатысты үлкен үлес Канада мен Қытайға да тиесілі екен. Ал сояны әлемде үш ел көп өндіреді екен, олар мұхиттың арғы жағындағы – АҚШ, Аргентина және Бразилия мемлекеттері. Ал күнбағыс өсіруде Украина, Ресей және ЕО елдері көш бастап отырған көрінеді. Пальма майын өсіруде Индонезия мен Малайзия елдері алдыңғы қатарда. Қазақстанға келсек, майдың әлемдік өндірістегі үлесі 2 пайыз ғана екен.

"Қазақстанның өңдеуші секторы жоғарылау динамикасын көрсетіп отыр. Аяқталуға жақын 2016/17 маркетингілік жыл қорытындысы бойынша күнбағысты  қайта өңдеу көлемі рекордтық 485 мың тоннаны құрады, ол өткен маусымның көрсеткішінен  36,6%-ға артты.  Осы  ретте күнбағыс майының өндірісі  203,7 мың тоннаны құрады.  2017/18 маркетингілік жыл ішінде  майлы дақылдарды қайта өңдеу 480 мың тонна деңгейінде күтілуде, ал май өндірісі 201,6 мың тоннаны құрауы мүмкін. Алайда Қазақстанның май-тоңмай саласының тиімді жұмыс істеуі үшін өндірістік салада да, сонымен бірге қайта өңдеуші салада да айтарлықтай көптеген көкейкесті міндеттерді шешу қажет", – деді ведомство өкілі.

Оның айтуынша, Қазақстанда май-тоңмай саласын дамыту шикізат өндірісінің  өсімі мен дәнді дақылдар сапасына байланысты. 2021 жылға қарай 2017-2020 жылдарға арналған Агроөнеркәсіпті дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде майлы дақылдарға қатысты егістік аумағын 3 млн гектарға дейін ұлғайту көзделуде және осы аумақтан 3 млн тонна көлемінде жалпы өнім алу жоспарлануда екен. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі майлы дақылдар өндірісін одан әрі дамыту үшін негізгі проблемаларды ескеріп, Агроөңдеу картасын жасап отыр. Бүгінде Қазақстанда май дақылдарын өңдейтін 49 кәсіпорын жұмыс істеуде, соның 7-уі жаңғыртуды қажет етіп отыр.

"Алайда, өндірілген майлы дақылдарды өңдеу үшін тағы да 6 зауыт керек. Сондықтан Агроөңдеу картасының негізіне қолданыстағы зауыттарды жаңғырту алынып отыр. Нәтижесінде майды өңдеу қуаттылығын 2 млн тоннаға дейін жеткізу көзделуде, сонымен қатар сырттан келетін өсімдік майы мен маргарин үлесін 16 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр", – дейді Зейнолла Шәріпов.

Қазақстанның майлы дақылдары қай елдерге экспортталады десек, бірінші кезекте Өзбекстан, Иран және Ресей тарапынан сұраныс бар екен. Соңғы кезде күнбағыс майына Қытай елі де қызығушылық танытып отырған көрінеді.

Ал Солтүстік астық компанияларын тобының өкілі майлы дақылдар нарығы өте табысты екенін айтады. Сондай-ақ, ол сапасы жоғары тұқым сатып алуда, техникалар алуда,өңдеу секторына қатысты мемлекет тарапынан субсидиялар болып тұратынын атап өтті. Бүгінде майлы дақылдар саласы еліміздің барлық аймағында кеңінен өрістеп жатыр десе де болады. Мәселен, шығыс, оңтүстік өңірлерде күнбағыс, соя өсіру жағынан көш бастап тұрса, солтүстік өңірлерде зығыр, ақмия, рапс дақылдарын өсіру жақсы жолға қойылған. Ал перспективаға келсек, май дақылдарының дамуы бірінші кезекте логистиканың дамуымен байланысты болмақ, яғни майлы дақылдар экспортқа молынан шығарылса, майлы дақылдар өндірісін дамытуға мүмкіндік тумақ. Қазақстандық майлы дақылдар өндірушілері отандық өнімдердің сапасы өзге елдің майлы дақылдарынан бір елі қалыспайтынын және бәсекеге қабілетті екенін айтады. Демек, майлы дақылдар өндірісінің өрісі кеңейе түсер күн алда.

Атап өтерлігі, жоғарыда аталған іс-шара шеңберінде "ҚазАгро" холдингінің құрылымындағы компания – "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ және "Қазақстанның май-тоңмай одағы" қауымдастығы" ЗТБ арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұдан  басқа, "ҚазАгро" холдингінің басқа еншілес компаниясы – "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ҰК" АҚ өсімдік майлары нарығында біртұтас экспорттық саясат қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдар жасасты.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу