Қазақстан өзіне қажет майдың 40%-ын сырттан алып отыр

Май экспорттаушылардың жол шығынын толықтай мемлекет өтемек. 

Қазақстан өзіне қажет майдың 40%-ын сырттан алып отыр

Қазақстан соңғы 15 жылда майлы дақылдар алқабын арттырғанымен, оны тиімді игеріп отырған жоқ. Сұранысы жоғары зығырды өзімізде көптеп еккенмен, майын Еуропаға өңдетуге мәжбүрміз. Майдың көбі дақыл күйінде кетіп жатқандықтан, Малайзия мен Ресейден импорт алуға тура келіп отыр. Елордада өткен "KazOil-2019" халықаралық конференциясында осындай мәселе қозғалды. Шарада Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров сөз сөйлеп, Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері туралы айтқан болатын.

"Қазақстан талай жылдан бері бидай алқаптарының бір бөлігін басқа дақылдармен алмастыруға күш салып келеді. Мысалы, 2004 жылы елдегі диқандар 400 гектарға ғана майлы дақылдар ексе, биыл оның үлесі 2,9 млн гектарға жетіп отыр. Алдымызда майлы дақылдар алқабының көлемін ұлғайту міндеті тұр. Өйткені бидайға қарағанда өтімді. Биыл зығыр майын өндіруден әлемде бірінші орынға шықтық. Бірақ қайта өңдеу бойынша мәселе бар. Бүгінгі таңда майлы дақылдардың 40%-ын шикізат күйінде сатып отырмыз. Негізі 100% дайын өнім ретінде кетуі керек. Сол үшін қайта өңдеу картасын жасадық. Алдағы 2-3 жылда осы көрсеткішке жетеміз. Мысалы,  жаңағы зығыр бізде өскенімен, шикізат ретінде Еуропаға жөнелтіледі. Май сол жақта өңделіп, қайтадан біз арқылы Қытайға сатылады", – деді министр.

Сапархан Омаровтың айтуынша, Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы ел бола тұрып, өзіне қажет өнімнің 40%-ын Ресейден алғызып отыр. Ал өзіміздің өнімнің басым бөлігі Қытай мен Өзбекстанға сатылып жатыр.

"Еліміздегі 52 кәсіпорын жылына 2 млн тонна майлы дақыл өңдей алады. Соңғы 5 жылда зығыр майына деген сұраныстың артуына байланысты, тазартылмаған күйдегі экспорт көлемі 34 есе ұлғайды. Біздегі өсімдік майының ең үлкен тұтынушысы Өзбекстан мен Қытай десек, екі ел де басымдықты осы тазартылмаған, табиғи күйдегі майға беріп отыр", – дейді ведомство басшысы.

Сөйте тұра ел билігі май өнімдерін экспорттаушы кәсіпорындарды қолдай бермек. Ол үшін жол шығынын толық мемлекет есебінен өтемекші.

"Бұған дейін май өнімдерін экспорттаушыларға шекараға дейінгі жол шығындары ғана төленіп келген болса, енді соңғы нүктеге дейінгі жол шығыны өтеледі. Біз Сауда және интеграция министрлігіне осындай ұсыныс беріп отырмыз. Өйткені біз мұхитқа шыға алмаймыз. Үлкен нарықтардан алыс жатырмыз. Отандық экспорттаушыларды бұл бағытта қолауымыз керек", – дейді министр.

Сапархан Омаров келесі жылы Қытайға рапс майын  экспорттау жолға қойылатынын айтты. Қазір осы мәселе бойынша түрлі деңгейдегі келіссөздер мен аккредиттеу шаралары өтіп жатыр. Аталмыш нарыққа соя өткізу бойынша да үлкен жоспар құрылған.

"Қазір Қытай 97 млн тонна соя тұтынады. Ал өздері тек 20 млн тонна ғана өндіреді. Сол үшін  "Солтүстік соясы" атты бағдарламаны қолға алдық. Бағдарлама аясында 5 жылдың ішінде соя ақабының көлемін 1,5 млн гектарға жеткізіп, жыл сайын 3 млн тонна өнім алуға болады", – деді ол.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу