Дәмхана мен мейрамханаларға "жұлдыз" белгісі беріледі

Алина Альбекова Алина Альбекова
49650

Инвестиция және даму министрлігі қонақүйлер мен мейрамханаларды классификациялауға қатысты өз жобасын әзірледі.

Дәмхана мен мейрамханаларға "жұлдыз" белгісі беріледі

Инвестиция және даму министрлігі "100 нақты қадам" ұлт жоспарын орындауда үлкен жауапкершілік танытып, қоғамдық тамақтану орындарын классификациялау жөнінде, нақтырақ айтсақ, оларға "жұлдыз" белгісін беру жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта құжат Кәсіпкерлердің ұлттық палатасында қаралып жатыр. Олар 10 күн ішінде өздерінің сараптамалық қорытындысын беру керек.

"Бізге бизнес пікірі маңызды. Егер олар мұны қажет деп табатын болса, онда бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Егер, тіпті, бәсекелестікке дайын емес болсақ та, қоғамдық тамақтану орындарындағы қызмет көрсету деңгейі дәл қазіргі деңгейде қала алмайтынын түсіну керек. Алда ЭКСПО және 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелдің экономикасы дамыған 50 елін қабылдау шаралары тұр. Сондықтан, қалай да басқалармен теңесіп, өзіміздің деңгейімізді көтеруіміз керек", – деп  түсіндірді Индустрия және даму министрлігінің туризм индустриясы департаментінің ақпараттық қауіпсіздік басқарамасының жетекшісі Жалғас Балғожин.

Ұлттық палата елімізге жақсы және түсінікті сервистің, тіпті, жұлдыз жүйесіндегі сервистің қажет екенін мойындап отыр. Тек министрліктің жіберген жобасы палата қызметкерлерінің көңілінен шықпады.

"Жүйенің өзін, сөзсіз, қолдаймыз. Бізге, тұтынушыларға, жұлдыз белгісін түсінуге қандай да бір бағыт-бағдар керек. Ол қоғамдық тамақтану орнының класына, баға саясатына, сервис деңгейіне қатысты болуы қажет. Ол кез келген қоғамдық тамақтану орнына келгенде, қандай орынға келгенімізді, қандай бағаны күтуге болатындығын түсінуіміз  керек. Бизнес үшін бұл – бәсекелестікке, шынайы өзіндік баға және жақсы нәрсеге ұмтылуға себеп. Яғни, ол бүгін бір жұлдызды болса, ертең  екі жұлдызды, одан әрі үш жұлдызды болуға деген ұмтылыс. Бізге сертификаттау мен бағалау қажеттілігі туындап отырғандығымен толықтай келісеміз. Бізді тек жұлдыз белгісін алуға қатысты алты беттік бағалау өлшемінің тізімі ғана таңдандырады. Менің ойымша, бұл артық кеткендік", – дейді КҰП ШОБ-ты дамыту департаменті директорының орынбасары Ирина Тюгина.

Сондай-ақ, Ирина Тюгина да тап қазіргі уақытта жобада көптеген артық талаптар көрсетілген деп есептейді. Ол талаптар онсыз да барлық мекемелер, сөзсіз, орындауы керек санитарлық ережелер мен нормаларда көрсетілген. Бизнес өкілдеріне "жұлдыз" белгісін беруге қатысты жоба ресейлік құжаттың көшірмесі іспетті. Ресейліктер де кезінде мұны қандай елде жұмыс істейтінін ескерместен, өзге батыстық құжаттан көшіріп алған болатын.

"Бұл жүйенің елімізге міндетті түрде қажет екендігі туралы мәселеде министрлікпен және КҰП-пен толық келісеміз. Сонда ғана бар мен мейрамханаларға қалай классификация жасау керектігін біле аламыз. Әйтпесе, қазір әркім өз қалауынша люкс мейрамхана болып жүр. Құжат бар, бірақ, енді оны бизнес қабылдайтындай етіп әзірлеу керек. Сонымен бірге, мейрамханаларда гардеробтардың барлығы емес, оларда жұмыс істейтін мамандар мен қызметкерлердің біліктілігі қарастырылуы керек. Сондай-ақ, тамақ дайындауда қолданылатын азық-түліктің қауіпсіздігі мен мейрамхананың ішкі көрінісі бірінші орында тұруы керек. Тағы да бір ескеретін жай, егер мейрамхана өзін италиялық асхана тамағын ұсынушы мекеме ретінде ұсынатын болса, онда ол бір-екеу ғана емес,100 пайыз италиялық тағамды  ұсынуы керек", – деп нақтылады ол.

Сонымен бірге, Айнұр Өтешованың айтуынша, талаптардың ішінде азық-түлікке ХАССП сертификатының болуын міндетті түрде талап ету керек. Бүгінгі күні бұл сертификат бар, бірақ, міндетті саналмайды. Егер азық-түлікке қауіпсіздік пен ГМӨ-ның жоқтығына кепіл беретін сертификат талап етілетін болса, бизнес өкілінің ойынша, онда мейрамханалар, дәмхана мен барлар азық-түлік жеткізушілерді жіті саралайды. Бұл бизнес, оның ішінде ауыл шаруашылығы және қоғамдық тамақтану саласына екі есе ынталандыру болады.

КҰП өкілі өлшемдер, яғни, қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын талаптар қысқартылып, сайтта жариялануы керек деп есептейді. Ол ашық және түсінікті болуы керек. Сонымен бірге, Ирина Тюгина мекемеге баға беретін комиссия құрамына әкімдік өкілдерін неге қосқанын түсінбейді.

"Жаңа жоба жасайтын жұмыс тобын құруды ұсынамыз. Өйткені, жобаның қазіргі нұсқасы біздің көңілімізден шығып отырған жоқ. Бұл сертификаттарды қандай да бір комиссияның бергенін қаламаймыз. Біріншіден, бұл жерде  адами фактор алып тасталуы қажет. Екіншіден, мұны мейрамхана бизнесін жақсы түсінетін кәсіби маман бағалауы керек", – деп қорытындылады ол.

Қалай болғанда да, палата сарапшыларының жобаға қатысты қандай қорытынды жасайтынына 10 күн уақыт бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу