Бұл – түрлі жастағы, елдегі және мүмкіндіктері әртүрлі адамдарды біріктіретін мейрам. Халықаралық федерация ұсынған "Әралуандық пен инклюзивтілік" ұранымен бұл күн үстел теннисінің жай ғана спорт емес, тең мүмкіндіктер, өзара құрмет пен түсіністік кеңістігі екенін еске салады.
Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, елімізде осы спорт түрінің дамуындағы басты жетістіктермен бөлісті.
"Құрметті достар!
Сіздерді Дүниежүзілік үстел теннисі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Үстел теннисі – жай ғана спорт түрі емес. Бұл – табысқа апарар қызықты жол. Ол барлық жастағы және әлеуметтік топтағы адамдарды біріктіреді. Федерациямыз осы жолды әрбір қазақстандық үшін қолжетімді ету және жоғары деңгейде дамыту үшін бар күшін салып келеді.Соңғы жылдары біз үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Қазіргі таңда Қазақстанда 400 жаттықтырушының жетекшілігімен 10 мыңнан астам спортшы тұрақты түрде шұғылдануда.
Біз спортшылар мен үстел теннисін сүйетін жандар үшін инфрақұрылымды кеңейту ісін жалғастырып келеміз. Бүгінгі таңда Астана, Алматы (2 орталық), Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Өскемен, Қызылорда және Талдықорған қалаларында 11 заманауи үстел теннисі орталығының құрылысы аяқталды. Бұл – еліміздің аймақтарында сапалы жаттығу жағдайларын қамтамасыз етуге жасалған маңызды қадам. Осы спорт нысандарының арқасында біз республикалық және халықаралық жарыстарды, сондай-ақ шетелдік спортшылардың қатысуымен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге мүмкіндік алып отырмыз.
Айта кету керек, бапкерлерді қолдау – біздің жұмысымыздың басты бағытының бірі. 2022 жылдан бастап біз 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаладан 20 жаттықтырушыға ай сайынғы стипендия берілетін арнайы бағдарлама іске асырып келеміз. Бұл – еліміз бойынша мамандарды тұрақты қолдау жүйесін қалыптастырудағы біздің үлесіміз.
Біздің бастамалар бұқаралық үстел теннисін дамытуға да бағытталған. "Балабақшадан бастап үстел теннисі" бағдарламасы 3 000-нан астам баланы қамтып отыр. Аталған секциялар Астана, Ақтөбе қалаларында, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы мектепке дейінгі мекемелерде ашылды. Болашақта бұл жобаның географиясын кеңейту жоспарлануда.
Қуантатын тағы бір жайт – қазақстандық спортшылардың халықаралық ареналардағы жетістіктері. 2021 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде қазақстандық теннисшілер түрлі жарыстарда 110 медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар, "WTT Youth Contender Almaty" және "WTT Contender Almaty" сияқты халықаралық жарыстардың табысты өтуінің арқасында Қазақстан әлемдік үстел теннисі аренасында өз орнын нығайта түсті.
2024 жылы Қазақстан үстел теннисінен XXVII Азия чемпионатын қабылдады. Бұл оқиға тек еліміз үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін маңызды болды.
Федерациямыз Азия мен әлемде үстел теннисін дамытуға бағытталған бағдарламалар мен стратегияларды әзірлеуге белсенді қатысуда. Қазақстандық мамандар халықаралық құрылымдарға да мүше. Мысалы, халықаралық дәрежедегі төреші Тимур Ходжаев Азия үстел теннисі одағының (ATTU) техникалық және төрешілік комитетінің мүшесі болып сайланды.Біз Қазақстанда үстел теннисін дамыту жолында бірлескен мақсаттарға жүйелі түрде қадам басып келеміз. Алда үлкен әрі жауапты жұмыс күтіп тұр. Федерациямыз ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Осы үдеріске атсалысып жүрген баршаңызға – жаттықтырушыларға, спортшыларға, төрешілерге, ұйымдастырушыларға және бізді өңірлерде қолдап жүрген жандарға алғысымды білдіремін. Сіздердің күш-жігерлеріңіз, еңбектеріңіз бен жанкештіліктеріңіздің арқасында үстел теннисі елімізде күннен-күнге танымал әрі табысты болуда.
Баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Бұл күн сіздерді жаңа жетістіктер мен жеңістерге шабыттандырсын!" – деді Данияр Әбілғазин.