Жартылай орта салмақтағы қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов (13-0) 5 сәуірде UFC президенті Дана Уайт негізін қалаған Zuffa Boxing лигасында жекпе-жек өткізеді. Бұл туралы оның менеджері Зия Әлиев мәлімдеді.
– Жекпе-жек 5 сәуірге жоспарланған, күні бекітілді. Қарсылас бар, келісімшартқа қол қойылған. Алайда лига ресми түрде жариялағанға дейін оның есімін айта алмаймыз, – деді Әлиев Prosports.kz-ке берген сұхбатында.
Данияр Елеусінов соңғы айқасын 2025 жылдың шілдесінде Филадельфияда өткізіп, Джеймс Бейконды екінші раундта техникалық нокаутпен жеңген.
Сондай-ақ аса ауыр салмақта өнер көрсететін Иван Дычко да Zuffa Boxing жобасының қатарына қосылды. Кәсіпқой бокста оның есебінде 15 жеңіс, бір жеңіліс бар және 14 жекпе-жегі нокаутпен аяқталған.
Дычко соңғы рет қыркүйек айында шаршы алаңға шыққан. Ол америкалық Джермейн Франклинге (24-2, 15 КО) есе жіберіп, мансабында алғаш рет жеңіліс тапты.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басында кәсіби бокс әлемінде қаржылық мүмкіндігі өте жоғары жаңа ірі промоушен пайда болған еді. UFC-дің бас компаниясы TKO Group Holdings-пен бірлесіп құрылған Zuffa Boxing жобасына Сауд Арабиясы тікелей қаржылай қолдау көрсетеді.