"Даниярдың әлсіз тұсы – отбасы": Боксшы Елеусіновтің менеджері мәлімдеме жасады

288

Оның айтуынша, Даниярдың 20 тәулікке қамалуы спорттағы мансабына кері әсер етіп отыр.  

"Даниярдың әлсіз тұсы – отбасы": Боксшы Елеусіновтің менеджері мәлімдеме жасады Фото: astanatimes.com

Қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің менеджері Зия Әлиев спортшының қамауға алынуына байланысты пікір айтып, бұл жағдай оның спорттық жоспарына да әсер еткенін жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты 1bol.kz спорт порталына сілтеме жасап.

Менеджердің айтуынша, Елеусінов жуық арада АҚШ-тың Майами қаласына барып, келесі жекпе-жегіне дайындықты бастауы тиіс еді. Тамыз айында ол Дана Уайттың Zuffa Boxing промоутерлік компаниясы ұйымдастыратын турнирде алғаш рет шаршы алаңға шығуды жоспарлаған.

"Біз оның Майамиге жақын арада ұшып келуін күтіп отырдық. Себебі келесі жекпе-жекке дайындықты бастау керек еді. Тамыз айында Zuffa Boxing турнирінде өнер көрсетуі жоспарланған болатын. Жалпы, осы ұйымдағы дебюті түрлі себептерге байланысты бірнеше рет кейінге шегерілді. Ең бастысы – жол апатынан ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл жағдайды өзімен міндетті түрде талқылаймыз", – деді Зия Әлиев.

Ол сондай-ақ Елеусіновтің соңғы уақытта жеке өміріндегі қиындықтар оның психологиялық жағдайына әсер еткенін жасырмады.

"Кейде отбасындағы мәселелер басқа дүниеге көңіл бөлуге мүмкіндік бермейді. Қыста да ол осындай ауыр күйзелісті бастан өткерген еді. Біз одан теріс айналмаймыз. Бұл – өмір. Әркімнің әлсіз тұсы болады. Даниярдың әлсіз жері – отбасы", – деді менеджер.

Айта кетейік, кеше Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Астанада бірнеше жол апатын жасап, оқиға орнынан қашқаны үшін сот шешімімен 20 тәулікке қамалды. Оған қоса спортшы 7 жыл көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу