Бетке перде, өкпеге аппарат өзімізде шығарылады

4441

Өкпені жасанды желдететін отандық аппараттың алғашқысы министрлікке сынақтан өткізуге берілді.  

Бетке перде, өкпеге аппарат өзімізде шығарылады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов елде медициналық бетперде мен залалсыздандыру құралдарын, дәрі-дәрмек өндіру және өкпені жасанды желдету аппаратын құрастыру мәселесі жайлы айтты.

Вице-министрдің сөзінше, елде тәулігіне 1,1 млн дана медициналық маска өндірілмек. Бүгінгі күні қоймаларда 5 миллионға жуық бетперде бар.

"Елімізде антисептикалық, яғни залалсыздандыруға арналған бұйымдар мен медициналық бетперде шығару қуаты жеткілікті. Қазір залалсыздандыру құралдарын өндіретін қырықтан астам кәсіпорын және медициналық бетперде шығаратын 9 кәсіпорын бар. Сондай-ақ, жетпістен астам тігін кәсіпорны да бетперде тігеді. Біз өндірісті әр күн бақылап отырамыз. Мысалы, 10 шілде күні 706 мың дана бетперде өндірілді. Ал қоймаларда бүгінгі күні 4 млн 97 мың бетперде бар. Сонымен қатар, 1 тәулікте 64 мың литр залалсыздандыру бұйымы өндірілді. Қоймаларда 360 мың литр сақтаулы", – деді вице-министр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенген Аманияз Ержанов медициналық бетпердеге деген сұраныс 6 айда 111 млн дана екенін мәлім етті. Сол себепті, жаңадан өндірістік кәсіпорындар ашылып, бетперде өндірісі тәулігіне 1,1 млн данаға дейін жеткізілмек. Осылайша, 6 айда 190 млн дана медициналық маска өндіру жоспарланған.

Сондай-ақ, вице-министр алғашқы отандық өкпені жасанды желдету аппараты шілде айында дайын болатынын да хабардар етті. Оның айтуынша, еліміздегі осындай құрылғыға деген сұраныс толықтай қамтамасыз етілмек.

"Қажеттілікті есепке ала отырып, отандық өндірушілер жыл соңына дейін 3 мың өкпені жасанды желдету аппаратын шығарады. Бұл – айына 550 дана. Алғашқы ӨЖЖ аппараты осы айда құрастырылады. Қосымша қажеттілік туындаса, басқа да өндірушілер айына 280, яғни жыл соңына дейін 1900 аппарат жасап шығады", – деп айтып өтті Аманияз Ержанов.

Алғашқы аппарат қазір сынақтан өткізуге Денсаулық сақтау министрлігіне берілген.

"Сынақ сәтті өтсе, кәсіпорындар аппараттарды құрастыруға дереу кіріседі. Шетелдік әріптестер технологиялар мен құрамдас бөлшектерді бізге табыстайды. Ал "Тыныс" акционерлік қоғамы мобильді ӨЖЖ аппараттарын жасауды қолға алды. Компания шілде айының соңына дейін Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге 270 дана мобильді өкпені жасанды желдету аппаратын жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіпорынның айына 500 ӨЖЖ аппаратын шығаруға мүмкіндігі бар. Сондықтан елдегі қажеттілікті біліп, әзір болу үшін барлық өңірге осындай қанша аппарат қажет екенін хабарлауын сұрап, хат жолдадық. Бұдан бөлек, жедел жәрдем көліктеріне мобильді қондырғылар орнату үшін еліміздің көлік құрастырушыларымен де жұмыс жасап жатырмыз. Осылайша қосымша қажеттілікті ескере отырып, отандық өндірушілер жылдың соңына дейін 4930 стационарлық және 2695 мобильді ӨЖЖ аппаратын жасайды",– деді ол.

Аманияз Ержанов республикадағы дәрі-дәрмек өндірісі жайлы да мағлұмат берді. Отандық кәсіпорындар мыңға жуық дәрі-дәрмек шығаруда.

"Мемлекетіміздің фармацевтика өнеркәсібінде 89 кәсіпорын дәрілік заттар және медициналық бұйымдар өндіруді жүзеге асыруда. Оның ішінде дәрілік заттарды 33, медициналық бұйымдарды 41 және медициналық техника өндірісінде 15 кәсіпорын жұмыс істейді. Дәрілік заттар негізінен Алматы, Шымкент және Алматы облысындағы 10 кәсіпорында, Қарағанды және Ақтөбе облысындағы бір-бір кәсіпорында өндіріледі. Отандық кәсіпорындар мыңға жуық дәрі-дәрмек шығарады. Олардың ішінде жедел респираторлық ауруларды және олардың асқынуларын емдеуге арналған, вирусқа, қабынуға қарсы дәрілік препараттар мен антибиотиктер бар", – деп тоқталды Аманияз Ержанов.

Нұржан Көшкін


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу