Дәрі де, ақша да азайды: Қазақстан ерекше дағдарысқа тап болды

609

Қаражат жетіспеушілігіне орай Денсаумині тегін дәрі алатын сырқаттар санын бес есеге қысқартуға шешім қабылдады.

Дәрі де, ақша да азайды: Қазақстан ерекше дағдарысқа тап болды Фото: culture.ru

Елорда тұрғындары дәріханаларда көптеген препараттың жоғалып кеткеніне дабыл қағуда. Бұған Астананы жайлаған "Гонконг тұмауы" және басқа жіті респираторлық вирустық инфекциялардың кең тарала бастауы да ықпал етіп отыр. Бас қалада жағдай осындай болғанда, ауыл-аймақтың ахуалын бағамдай беруге болады.

Денсаулық сақтау министрлігі астаналық барлық дәріханада әсіресе вирусқа қарсы "Флувир" препаратының дефициті қалыптасқанын мойындады. Дегенмен, ведомство жергілікті жұртшылықтың өзге де дәрі-дәрмектердің жетіспей жатқаны туралы шағымымен келіспеді.  

ДСМ сендіруінше, вирусқа қарсы және қабынуды басатын қалған медикамент позициялары жеткілікті көлемде бар көрінеді. Өз кезегінде сала шенеуніктерінің бұл мәлімдемесін қала дәріханаларының провизорлары жоққа шығарды: олар тұмауратқан адамды емдейтін басты препараттардың таусылып қалып жатқанын жасырмады.

Денсаумин "Флувир", "Осевир" мен "Флукаптың" тапшылығы осы аптада жойылатынын хабарлады: оларды шетелден жеткізуші дистрибьюторлармен шұғыл келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Ведомствоның дерегінше, елордаға "Осевирдің" (капсула, 75 мг, №10), "Флукаптың" (суспензия дайындауға арналған ұнтақ), "Флувирдің" (капсула, 30 мг және 75 мг) қосымша партиялары жеткізіледі деп күтілуде.

Әйтсе де, министрлік төл мониторингінің қорытындысына сілтеме жасап, астаналық дәріханаларда "Ингавирин", "Кагоцел", "Эргоферон", "Арпефлю", "Гроприносин", "Анаферон" және басқа вирусқа қарсы препараттардың сатылымда барына табандады.

Бірақ меморган қолда бар дәрі-дәрмектің бағасы күрт қымбаттағанына қатысты қазақстандықтардың шағымына түсініктеме бермеді. Қазіргі кезде әлеуметтік желілерді дәріханаларда қажетті препаратты таба алмай, шаршаған астаналықтардың арыз-шағымы кернеп тұр.

Олардың мәліметінше, сырқаттанып жатқан науқасқа дәрігерлер дәрі-дәрмектің ұзын тізімін жазып беріп, дереу сатып алуды тапсырады. Осыдан кейін дәріхана жағалаған астаналықтардың сергелдеңі басталады. Тұрғындар медикаменттерді өңірлерден, Қарағандыдан, Петропавлдан алғызуға мәжбүр, дейді Newtimes.kz.

Жалпы, Finprom мониторинг агенттігі Қазақстанда денсаулық сақтау саласының мемлекеттік бюджеттен шығыстары жыл өткен сайын азайып келе жатқанына назар аудартты. Егер 2023 және 2024 жылдары – 2,5 триллион теңгеден бағытталса, биыл жыл басынан бері небары 1,3 триллион теңге ғана бөлініпті.

Қазынадан арындаған ақша тасқыны қатты сұйылғандықтан саланың қатаң үнемдеуге көшкені байқалады. Осының алдында Денсаулық сақтау министрлігі диабет, балалардың сал ауруы (ДЦП) сияқты бірнеше ауыр дертті келер жылдан бастап әлеуметтік маңызды аурулар тізімінен алып тастауға шешім қабылдаған еді.

Оның бәрі тегін дәріден қағылғалы тұр. Әрине, ДСМ ақпарат құралдары мен сарапшылар кең талдап, талқыға салған бұл деректі жоққа шығаруға тырысты.

"Бұл күндері әлеуметтік желіде қант диабеті, церебральды сал ауруы және басқа созылмалы аурулары бар пациенттер медициналық көмек пен дәрі-дәрмектерге қол жеткізуде шектеуге тап болады деген ақпарат таратылуда. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. 2026 жылғы 1 қаңтардан қант диабеті, балалардың церебральды сал ауруы, дәнекер тіннің жүйелік зақымдануы, ревматизм міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетіне ауыстырылады. Медкөмектің көлемі қысқармайды, тек қаржыландыру көзі өзгереді", – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.

Сарапшылар аталған ауыр дертке шалдығып, кемтар, жарымжан жағдайға жеткен адамдардың жұмыс істеуге қауқарсыздығын, алайда көбінің мүгедектік мәртебесі жоқтығын, сондай-ақ Қазақстанда жұмыссыз ретінде тек қысқа мерзімге ғана тіркейтінін ескертеді.

Салдарынан оның басым көпшілігі – медициналық сақтандырылмаған. Осылайша, қазіргі медкөмек кепілдендірілген тегін топтамадан МӘМС-ке көшірілген соң келесі жылы оның бәрі көмектен қағылады. 

Сала шыңырауының түбіне жетті ме десе, бұл әлі басы ғана екен. Ауруы жанына батып, шырқыраған мыңдаған науқасты шенеуніктер келесі жылдан бастап, ажал аузына тастауы мүмкін екенін айтып, қоғам белсенділері дабыл қағып жатыр.

Бұл жерде әңгіме Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген, "Орфандық аурулардың және оларды емдеуге арналған дәрілік заттардың (орфандық) тізбесін бекіту туралы" Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 қазандағы №ҚР ДСМ-142/2020 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" қазіргі Денсаулық сақтау министрі қол қоятын бұйрығының жобасы жайында болып отыр. Бұл құжатқа сай бұрын орфанды, яғни, сирек саналған біраз ауру түрі бұл мәртебесінен айрылуы мүмкін.

Бұл қадамын ақтаған министрлік жаңа бұйрық жобасы Парламент депутаттары қабылдаған жаңа "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінің 177-бабының 3-тармағын іске асыру мақсатында әзірленгенін алға тартты. Қазіргі кезде таралуы 100 мың тұрғынға шаққанда 50 адамнан көп емес болса, ондай ауру сирек кездеседі деп танылады. Жаңа бұйрық мұны бес есе қысқартады. 

"Орфандық аурулар және оларды емдеуге арналған дәрілік заттардың тізбесін қалыптастыруға өзгерістер енгізіледі. Бұдан былай Қазақстандағы 100 мың тұрғынға шаққанда 10 жағдайдан аспайтын таралу көрсеткішінің деңгейіне сәйкес аурулар ғана осы тізбеге енеді. Бұл Қазақстан Республикасында сирек кездесетін (орфандық) аурулар мәселелері бойынша тиімді және үйлестірілген қызметті қамтамасыз ету, ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттармен үйлестіру, сондай-ақ Оrpha.net халықаралық порталы арқылы орфандық аурулар және препараттар туралы өзекті, анық ақпаратқа қол жеткізу мақсатында жасалып отыр", – деп, қысқаша түсініктеме берді Денсаумині.

Бастама мыңдаған адамның жағдайына кері әсер етуі ықтимал. 2025 жылғы наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда сирек аурулармен 87 мыңнан аса адам арпалысып келеді. Оның 21 мыңдайы – балалар. Енді критерийлердің күрт қатайтылуы кесірінен олардың елеулі бөлігі орфандық пациент мәртебесінен айрылғалы тұр.

Еуразия пациенттік ұйымдары одағының басшысы Саида Таукелева бұл бастаманы талқылауға, енгізуге ДСМ-нің тіпті осы өзгерістер өз өміріне тікелей қатысты болатын науқастарды және олардың өкілдерін шақырмағанын сынады.

Министрлік тіпті бұйрықтың толық мәтінін "Ашық НҚА" порталында жариялаудан бас тартты. Орнына 18 қарашаға дейінгі қоғамдық талқылауға қысқаша мазмұнын ғана шығарған.

"Бұйрық жобасын талқыға салуға пациенттік ұйымдар ресми шақырылмады. Алдын ала кеңес-консультациялар да, үкіметтік емес ұйымдар қатысқан жұмыс кеңестері де болған жоқ. Халықтың денсаулығына және өміріне қауіп-қатер төндіретін мұндай шешімдер өзімбілемдікпен қабылданбауға тиіс деп санаймыз. Орфандық аурулардың басты проблемасы – терапия. Бүгінде мұндай сырқаттар ТМККК аясында өте қымбат дәрілерді тегін алады. Оны өзі сатып ала алмайды, біреуі бірнеше миллион теңгеге барады", – деді сарапшы.

Кеңес заманында Семейде және басқа жерлерде атомдық, термоядролық, сутегі және басқа жаппай қырып-жою қаруларын жаппай сынау, елде РФ-тің әскери полигондарының орналасуы, "Байқоңыр" ғарыш айлағынан улы отынды зымырандардың ұшырылуы, Аралдың тартылып, улы шаңының желмен таралуы, жерасты қазба байлықтарының белсенді өндірілуі, қалаларды тұмша түтіннің басуы, өзге экологиялық проблемалар салдары Қазақстан халқын түрлі аурудың меңдеуіне, ДНҚ мутацияларына соқтырды.

Саида Таукелева елде генетикалық диагностиканың дамуы нәтижесінде сирек ауруларды анықтау өсіп келе жатқанын еске салды. Осы орайда науқастар санының артуы аясында ДСМ-нің талапты өзгертуі елдегі ахуалды ары қарай ушықтыруы мүмкін. Сондықтан сырқаттарды қорғаушы ұйымдар Үкіметтен мұндай кесірлі реформаны тыйып, қаржыландыруды толыққанды қамтамасыз етуді сұрады.

Қазақстандық пациенттер дәріні өз қаржысына алуға дайын, алайда елде былтырдан бері дәрі-дәрмек тапшылығы туындады, дәріханаларға түскені күн сайын дерлік қымбаттау үстінде. Осыған байланысты таяуда Үкіметтің кезекті отырысын Премьер-министр Олжас Бектенов кезекті рет нарықты медикаменттермен жете қамтуға және оның бағасын құрықтауға арнауға мәжбүр болды. Үкімет жетекшісі бөлшек саудадағы дәрі-дәрмек пен медбұйымдар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге шара қабылдауды тапсырды.

Мысалы, Денсаумині мен "СҚ-Фармация" компаниясы Үкіметке: "Мемлекет басшысының бағаны қалыптастыру тетігін реформалау бойынша берген тапсырмасына сәйкес жүргізілген жүйелі жұмыстар арқасында дженерик препараттардың шекті бағасы түпнұсқалық дәрілердің құнынан 30%-ға төмендетілді!" деген көркем есеп берді.

Шын мәнінде, сарапшылар дженерик, яғни, түпнұсқа емес, балама дәрілік препараттар онсыз да түпнұсқа дәріден орта есеппен 50-70% арзан тұратынын ескертті. Яғни, бұл шенеуніктердің жеңісі емес.

ДСМ бүгінде Ресей үлгісінде дәрі-дәрмекті таңбалау басталғанын, дәрілік заттар нарығының барлық қатысушысы тиісті ақылы жүйеге қосылғанын мәлімдеді. Бұл жаңашылдық та сала қатысушыларын қосымша шығын шығаруға мәжбүр етті және бағаның өсуіне соқтырған. Сонымен қатар Олжас Бектенов дәрілерді дер кезінде жеткізуге қатысты проблема жиі туындайтынын қынжыла айтты.

"Логистика мен сатып алу рәсімдерінің созылып кету мәселесі ушыққан. "Ал, көптеген науқас дәрі-дәрмекті үзбей, кестеге сай қабылдауға тиіс. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейту керек", – деді Премьер-министр.

Ол дәріханаларда рецепт бойынша берілген дәрілердің тиісті сапада және қолжетімді бағада міндетті түрде болуын қамтамасыз ететін жүйені жолға қою қажет екенін атап өтті. Басқаша айтқанда, мұндай жүйе әлі күнге жоқ.

Денсауминіне "СҚ-Фармация" компаниясымен және әкімдіктермен бірлесіп, келесі жылға арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды уақтылы сатып алу және үздіксіз жеткізу жұмыстарын қамтамасыз етуді жүктеді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың мәліметі бойынша 2025 жылдың 10 айында 219,7 млрд теңгеге 3 миллионнан астам пациент тегін дәрі-дәрмек алыпты. Бір қарағанда – үлкен сома. Бірақ 3 миллион сырқатқа шаққанда біреуіне небары 73 мың теңгеден ғана келеді.

Медициналық ұйымдарды үздіксіз жабдықтау үшін Бірыңғай дистрибьютор 21 млрд теңге сомасына төмендетілмейтін дәрі-дәрмек қорын құрды. Әйткенмен, бұл қор медициналық ұйымдардың небары 2-3 айлық қажеттілігін өтеуге ғана мүмкіндік береді. Соның өзінде тек онкология, қант диабеті, қан ұюының бұзылуы, ағзаларды, тіндерді трансплантаттау сияқты аурулардың негізгі топтарын ғана қамтиды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу