Қазақстанда маусымның үшінші жексенбісі – "Медицина қызметкері күні" мерекесі атап өтіледі. Биыл бұл дата 15 маусымға, осы жексенбіге сәйкес келеді.
Алайда ақ халаттылар бұл мейрамын биыл тұнжыраңқы қарсы алғалы тұр. Себеп көп: ӘМСҚ медсақтандыру аясында емхана-ауруханаларды, жеке клиникаларды қаржыдан қатты қысып тастады. Салдарынан, дәрігерлер алдына келген сырқатты не МРТ-КТ, тіпті рентген зерттеуіне жібере алмайды, не анализ-талдауға бағыттай алмайды. Жылы сөзбен жанына демеу болудан басқа амалы шамалы.
Бұған қоса, дәрігерлердің жалақысы сол бұрынғыдай аз күйінде қалды.
Үшіншіден, енді оларға әрбір қателігі үшін жауап беруге тура келеді. Осы мақсатта мемлекет әрбір медұйымды өзінің әрбір дәрігерін, мейірбикесін және санитарын сақтандыруға міндеттеуде.
Бұл сақтандыру компанияларын миллиардтап байытты, ал, емхана, ауруханалардың онсыз да аз бюджетіне салмақ түсіруде.
Сенат депутаты Талғат Жүнісов тағы бір проблемаға назар аудартты. Қазіргі кезде медсақтандыру жүйесінде медкөмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін сатып алуды да, тиісті шығыстарды жоспарлауды да Әлеуметтік медсақтандыру қоры (ӘМСҚ) жүзеге асырады.
Тіпті медұйымдардың келісімшарттық міндеттерін орындаған-орындамағанына мониторинг жүргізу, оларға баға беріп, тиісті шешім қабылдау, сондай-ақ сырқаттарға көрсетілген медкөмектің сапасын анықтау да осы қорға берілген.
Антикор мәлімдеуінше, ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары 400 миллион (одан да көп болуы мүмкін) теңгеден астам қаржыны ұрлады деген күдікке ілікті. Сот санкциясымен қамауға алынды. "Ол жалғыз ұрлап па?" деген сауал туындайды.
Сенаторлардың байламынша, медсақтандыру саласындағы барлық функциялардың бір қолда шоғырлануы бағалау, қаржы тарату, мониторинг жүргізу және басқасы бойынша қордың ойына келгенін істеуі қаупін күшейтті.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бұл қауіптің негізсіз еместігін растады.
"Ия, шынында да жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, төлем жасау, мониторинг сияқты функциялардың бір институтта шоғырлануы медқызметтерге мониторинг жасаудың, көрсетілген қызмет сапасын объективті бақылаудың және өзгесінің дұрыс жүргізілмеуінің қаупін туындатты. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ӘМСҚ-пен бірге қауіп-қатерді төмендетуге бағытталған бірқатар шараларды пысықтап жатыр", – деді министрдің бірінші орынбасары.
Бірінші кезекте, оның мәліметінше, Денсаумині өзінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бақылау және қадағалау функцияларын күшейтуді жоспарлады. Осы арқылы медициналық көмекті барынша мөлдір, объективті және тәуелсіз бағалауды қамтамасыз етуге ниетті.
Екіншіден, медкөмек сапасына мониторингті цифрландыру жүргізілуде. Осы мақсатта қор жанынан медқызметтердің ақысын төлеудің Бірыңғай жүйесі енгізіледі. Бірінші вице-министрдің сендіруінше, бұл мониторингтеу кезінде адами факторды азайтады, объективті көріністі көрсетеді.
Үшіншіден, Денсаумині ӘМСҚ-тың есептілігін айқын, жария ету тетіктерін енгізетін болады. Бұл үшін нормативтік база өзгертіледі.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрінің сендіруінше, осы шаралар медициналық көмек көрсетуді жақсартуға, оған дұрыс, әділетті бақылау-мониторинг жүргізуге, көмек сапасын арттыруға ықпал етеді.
Министрліктің лауазымды шенеунігі медициналық көмек сапасын арттыруға ақ халаттылардың кәсіби жауапкершілігін жаппай сақтандыру да септеседі деген ойда.
"Жалпы, бүгінде мемлекеттік медициналық ұйымдардың 100 пайызға жуығы Бірыңғай сақтандыру пулымен келісім бекітті. Пул олардың бүкіл медициналық персоналын сақтандыруды қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, жекеменшік медұйымдардың 70 пайыздан астамы да өз медперсоналын сақтандырды. Сақтандыру келісімдерінің жалпы сомасы 3 миллиард теңгеден асты", – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Оның дерегінше, дәрігерлердің қателігінен зардап шеккендерден осы сақтандыру төлемін алуға өтініш қарша борай бастады. 2025 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша "пациенттерді қолдау қызметтеріне" сақтандыру оқиғаларын қарау туралы 450-ден астам өтініш түскен.
Тәуелсіз сарапшылар комиссиясы 11 өтінімді құптапты. 2025 жылғы наурызда Қазақстанда дәрігерлер қателігінен жапа шеккен алғашқы науқас төлем алды. Түркістан облысының тұрғынына 3 000 АЕК (11 796 000 теңге) өтемақы сомасы төленіпті.
Өз кезегінде Energyprom мониторинг агенттігі жалақының жоғарылығы жөнінен медицина көш соңында қалған салалардың қатарына жататынын хабарлады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, "денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету" санатындағы атаулы орташа айлық жалақы 312,8 мың теңгені құрады. Бұл елдегі орташа жалақыдан 26,1%-ға көп.
"Медицина және әлеуметтік қызмет көрсету саласы жалақысы төмен аутсайдер секторлардың бестігіне кірді. Яғни, көш соңынан санағанда, 5-орында тұр. Қазақстанда ақ халаттылардан төмен айлықты тек ауыл шаруашылығы (248,9 мың теңге), өнер (284,9 мың), коммуналдық сала (286 мың) және білім беру (302,4 мың) қызметкерлері алады. Оның үстіне денсаулық сақтау саласы біраз уақыттан бері аутсайдерлер қатарынан шыға алар емес. Өйткені 2021 жылы медицина соңынан санағанда ең құрығанда 10-шы орында тұрған еді", – деді агенттік сарапшылары.
Бірақ ол кезде денсаулық сақтау қызметкерлерінің бір бөлігіне коронавируспен күрескені үшін үстемеақы төленді де, статистиканы сол жақсартты.
Статистика мамандары ақ халаттылардың жалақысының сатып алу қабілеті көрсеткіші (показатель покупательной способности) де өспей тұрғанына назар аудартты.
2022 жылы бұл көрсеткіш мардымсыз – 2,3% артса, кейін 4,6% құлдыраған. Салдарынан, дүкенге бас сұққан медицина мамандарының өз жалақысына сатып ала алатын тауары жыл сайын азайып барады. Супермаркеттен бір пакетке бос шығады.
Мәселен, осы санаттағы қызметкерлердің орташа атаулы жалақысы 2024 жылы 315,4 мың теңгені құраса, 2025 жылдың бірінші тоқсанында 312,8 мың теңгеге дейін төмендеген. Бірақ 2019 жылмен (133,5 мың теңге) салыстырғанда, өсім 2,3 есені құрайды екен.
Дегенмен, атаулы-номиналды жалақы өмір шындығынан алыс қонады. Ақиқат ауылына жақыны – орташа-медианды және модальды (салада ең көп кездесетін) жалақылар.
Осылайша, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету секторында медианды жалақы 2024 жылы 250,7 мың теңге, ал, модальды жалақы 197,8 мың теңге болды. Бұл 400 долларға да жетпейді. Жылына шамамен 4,6 мың долларды құрайды.
Енді салыстырыңыз: "Study America" порталының дерегінше, Америкада қарапайым даяшы-официанттардың орташа жылдық (АҚШ-та контрактілерде айлық емес, жылдық жалақы көрсетіледі) жалақысы 21 мың доллардан асады. Бірақ даяшылар мұның сыртында тапсырыстың 15-25 пайызы көлеміндегі міндетті "шайлық", икемді жұмыс кестесі, тегін тамақтану сияқты біраз артықшылыққа ие.