Дастан Сәтпаев Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас футболшылардың үздік үштігіне енді

175

“Қайрат” футбол академиясының түлектері Еуропа төрінде жасындай жарқылдады.  

Дастан Сәтпаев Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас футболшылардың үздік үштігіне енді

Алматылық “Қайраттың” жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев UEFA Чемпиондар лигасында тарихи нәтижеге қол жеткізді. 17 жастағы форвард топтық кезеңнің бесінші турында Данияның “Копенгагені” қақпасына гол соғып, беделді турнирдегі алғашқы голын тіркеді. Осылайша Дастан Чемпиондар лигасында гол соққан тұңғыш қазақ баласы атанды. 

Сондай-ақ бұл нәтижемен Сәтпаев Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас гол соққан ойыншылардың алғашқы үштігіне енді. Гол соққан сәтте Дастанның жасы бар болғаны 17 жас 110 күн еді. Бұл көрсеткіш бойынша ол тек "Барселона" ойыншыларына жол берді. 

Турнирдің абсолютті рекорды 2019 жылы “Интерге” қарсы ойында 17 жас 40 күнінде мергендік танытқан Ансу Фатиге тиесілі. Екінші орында 2024 жылы “Монако” қақпасына гол соққан “Барселонаның” жас жұлдызы Ламин Ямаль (17 жас, 68 күн). Енді міне, Дастан Сәтпаев та әлемдік жұлдыздардың қатарына қосылды. 

Айта кетейік, алматылықтардың даниялық клубқа қарсы өткен матчында тағы бір қазақ баласы Олжас Байбек те гол соғып, дүйім жұртты тәнті етті. Бұл оның чемпиондар лигасында соққан алғашқы голы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу